КӨЛДЕЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

516
0
Бөлісу:

Алматыда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс ХХІІІ конференциясы өтіп, онда көпбалалы отбасыларға нақты көмек көрсету жүйесін қалыптастыру жайы сөз болды. Тарқатып айтар болсақ, табысы аз және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы, адрестік көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік, еңбекпен қамту сынды қолдау көрсетудің бірқатар жүйесін қамтитын шаралар туралы мәселе көтерілді.

– Партияға келіп түскен өтініштерді саралай келе, тұрғын үй алудың көпбалалы аналар үшін ең өзекті мәселе екені анықталды. Олардың қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларына қатысып, алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасылар үшін алғашқы төлемін субсидиялау қарастырылды, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек көпбалалы аналардың мәселесімен айналысатын «Бақытты отбасы» жобасын іске асыруды және осы аттас орталық құруды ұсынды. Бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін сервистік орталық арқылы көпбалалы аналар жұмыспен қамтылмақ.

Қазіргі таңда партия бастамасымен түрлі өтемақылар төленіп жатыр. Мәселен, жағдайы төмен 2,3 мың отбасыға коммуналдық қызмет шығындары өндіріліп берілген. Сондай-ақ олардың үйлеріне коммуналдық есептегіш қондырғыларын орнату да жүзеге асырылуда. Жалпы, 1000-нан астам отбасыға 50 млн теңгеден астам қаржылай көмек жасалды. Былтыр прокуратураның қала монополистерін қайта тексеруі нәтижесінде заңсыз есептелген 4,5 млрд теңге тұтынушыларға қайтарылған.

Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы коммуналдық тарифтерді төмендетуге тапсырма берген. Қазір бұл тапсырма Алматы шаһарында орындалды. Партия ұсынысы бойынша жылу шығындарын төмендету мақсатында әкімдік резервінен 1,5  млрд теңге бөлу жоспарланған.

Нәтижесінде, эылумен қамтамасыз ету тарифі 18%-ға азайды. Қалалықтар төмен тарифтер бойынша келген түбіртектерді ала бастады. Сонымен қатар мегаполис басшысы мүгедек балаларды үйде оқыту және өмірлік қиын жағдай туған кезде бір реттік көмек ретінде берілетін адрестік әлеуметтік төлемдердің көлемін ұлғайту мәселесін қарастыруды тапсырды.

Ол тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға жұмсалатын шығынға төлемақы беру мәселесін зерттеуді де ұсынды. Конференция барысында «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасы талқыланып, қатысушылар пікірімен бөлісті. Бауыржан Байбек партияның жаңа мүшелері – Қазақстан Республикасының Халық артисі Досхан Жолжақсынов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кинорежиссер Рүстем Әбдіраш, «Базис-А» корпорациясының басқарма төрағасы Павел Белович және кәсіпкер, «Қазақстан аруы», 6 баланың анасы Виктория Момынбаеваға партия билетін табыс етті. Жиын қорытындысы бойынша Алматыдан «Нұр Отан» партиясының ХХІІІ съезіне 90 делегат сайланды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: