60 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

510
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXIII конференциясы өтті. Жиынды облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов жүргізді.

Белгіленген күн тәртібі бойынша Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың іске асырылу барысы, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай партияның әлеуметтік даму кезеңі жайлы, партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау, сондай-ақ партия жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Ғабидолла Оспанқұлов баяндады. Оның айтуынша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіру туралы тапсырмасы бойынша өңірде 30 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы өскен. Бұған қоса жеке сектор бойынша 68 мекеме-кәсіпорынның қызметкерлеріне осындай мүмкіндік туған.

«Нұр Отан» партиясының тапсырмасына сәйкес, былтыр 15 IT сынып ашылған болса, биыл осындай елу сынып ашу жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары осы бағыттағы өзге де жетістіктерге, сондай-ақ тұрғындарды баспанамен, сапалы ауыз сумен, газбен қамтудағы көрсеткіштерге тоқталды. Аталған бағытта жарыссөзге шыққан Теректі ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әділ Жоламанов Жолдауда айқындалған басымдықтардың теректіліктердің тұрмыс сапасын көтеруге қалай ықпал еткендігін баяндады. Ауданда ең төменгі жалақының өзгеруіне байланысты қазынашылық кәсіпорындар, мемлекеттік бюджет қаржысы есебімен жұмыс істейтін ұйымдар жұмысшыларының табысы орташа есеппен 35%-ға өскен. Дәрігерлер мен медбикелердің айлықтарына 20 пайыз қосымша қаражат қосылған. Ақжайық және Федоров ауылдарында үш қабатты тұрғын үй құрылысы басталған. Биыл аталған жұмыстар сәтті аяқталса, 60 отбасы баспаналы болады.

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» тақырыбында баяндама жасаған аталған партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен партияның құрылу тарихы, осы күнге дейін жүріп өткен жолы мен бағындырған белестеріне тоқталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Қазақстанның жан-жақты жаңғыруы дамудың негізгі бағыттарын нақты мазмұнмен және жүйелі өзгерістермен толықтырды. Атап айтқанда, экономикалық, инновациялық-технологиялық, саяси, әлеуметтік және қоғамдық сана саласында кешенді бастамалар бар. Партия өзін жаңғырту, қызметіндегі негізгі мазмұн мен халықпен өзара қарым-қатынас форматын өзгертуді қолға алды. Сапалы жаңа партиялық кадрлық резерв жасақталды. Оның ерекшелігі партия дайындаған кадрлардың болашақта бүкіл еліміз үшін ең білікті мамандарға айналуына мүмкіндік бар, – деді Серік Кенжебекұлы.

«Нұр Отан» партиясы Бөрлі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәлика Махауова партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқыласа, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының заңгері Махамбет Мұқашев партия жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайында айтып өтті. Конференция соңында батысқазақстандық «нұротандықтар» партияның XVIII сиезіне делегаттар сайлады.

 

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ, Батыс Қазақстан облысы                      

Бөлісу: