Әлеуметтік көмектің әлеуеті артады

535
0
Бөлісу:

Елбасының тап­сырмасымен «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес жұмысының алғашқы нәтижелері белгілі болды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осы бағыттағы бастамаларға тоқталып, кеңес аясында жұмысын бастаған Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі мен мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктері туралы айтты. Сондай-ақ ол балалар құқығын қорғау мәселесінде мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және еріктілердің қызметін үйлестірудегі партияның рөліне назар аударды.

Мемлекеттік қолдау жалғасады

Мәулен Әшімбаев елімізде Мемлекет басшысының тапсырма­сымен әлеуметтік саланы дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Со­нымен қатар ол халыққа көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік көмек түрлеріне назар аударды.
– Елбасының тапсырмасымен мемлекет тарапынан қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді оң шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшы­сының бес әлеуметтік бастамасы мен соңғы Жолдауында да ха­лықтың әл-ауқатын жақсартып, тұр­мыс сапасын арттыруға басым­дық берілгені белгілі. Атап айт­қанда, Жолдауда Елбасы баспа­наның қолжетімділігін қамтамасыз ету, тарифтерді шектеу, ең төменгі жалақы көлемін өсіру, медици­налық қызмет сапасын арттыру және тағы басқа да нақты мәселе­лерге назар аударып, тиісті тап­сыр­малар берді. Бүгінде сол бағыттар бойынша мемлекеттік органдар жүйелі жұмыс жүргізуде, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар бүгінде көп­балалы отбасыларға қолдау көрсету ісінде де айтарлықтай жұмыс істелгеніне назар аударған партия Төрағасының Бірінші орынбасары өткен жылы тек республикалық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалары бар отбасыларға қолдау көрсету үшін 311 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті.
Мемлекеттік қолдаудың тек әлеу­меттік жәрдемақылармен шектелмейтінін айтқан Мәулен Әшімбаев басқа да нақты көмек­терге тоқталып өтті.
– Мұқтаж жандарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да айтарлықтай әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен, өңір­лерде тұрғын үй төлемдері, есеп­тегіш құралдарын орнату төлемдері, мектептерде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, аз қам­тылған отбасылар үшін балабақ­шамен қамтуға байланысты төлемдер сияқты нақты қолдаулар бар, – деген партия Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай әлеу­меттік көмектер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

КөпБалалы отбасы – Үкімет қамқорлығында

Елбасы Үкіметке көпбалалы, аз қамтылған отбасы­лар мен қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көр­сетудің жаңа мүм­кіндіктерін қарастырып, әлеуметтік саланың одан ары жақ­сартуды тапсырғаны белгілі. Сол мақсатта арнайы жұмыс тобы да құрылды. Премьер-министрдің орын­басары Ерболат Досаев жетекшілік ете­тін жұмыс тобында «Нұр Отан» пар­тиясының да өкілдері бар. Осы ретте Мәулен Әшімбаев мем­лекеттің мүмкіндігі шектеусіз емес екенін ерекше атап өтті.
– Алдымен мемлекеттің нақты мүмкіндігіне назар аударуымыз керек. Өйткені республикалық бюджеттің мүмкіндігі шектеусіз емес. Оның үстіне, көпбалалы от­басылармен бірге қолдауға мұқтаж басқа да әлеуметтік топтар бар. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандар, бала тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар, жұмыссыз, жоғары білімсіз жастар, жалғыз­басты қариялар да мемлекеттің қол­дауына мұқтаж. Сондықтан көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің басқа да тиімді жол­дарын қарастыруымыз қажет. Яғни, тек әлеуметтік жәрдем­а­қы­мен шектелмеу керек. Ол қолдау­дың тек бір бөлігі ғана, – деген Мәулен Әшімбаев одан басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырыла­тын түрлі тетіктерге көңіл бөлді.
Сонымен бірге, жиында қолдау мен көмек тек мемлекет тарапынан ғана жүргізілмей, аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созғысы келетін көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлерді де жұмылдырудың маңызы зор екені айтылды. Сондықтан оларды жүйе­леп, аталған ресурстардың бар­лығын біріктірсе, мұқтаж отба­сы­лар мен азаматтардың тұрмыс са­па­сы артып, қолдауды анық сезі­нуге мүмкіндік туатыны анық.
«Нұр Отан» партиясы осы мәсе­лелерді ескеріп, істің жүйелі жүргізілуіне өз үлесін қосу мақ­сатында Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрды. Алғашында кеңес тек түрлі қиындықтарға тап болған балаларға ғана қолдау көрсе­теді деп жоспарланған. Өйт­кені соңғы кездері бұл мәселенің өзек­тілігі артып, әлеуметтік же­лілерде кеңінен талқыланғаны белгілі. Алайда қоғамдағы басқа да әлеу­мет­тік жағдайларды ескеріліп, кеңестің қызмет аясын кеңейту туралы ше­шім қабылданды. Соған байланысты Кеңес көпбалалы отбасылардың да мәселесімен айналысады.
Осындай шаралар аясында қазірдің өзінде партия тарапынан бірқатар нақты жобалар қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Атап айтқанда, осы жұ­мыстардың барлығын ортақ жүйе­ге келтіру үшін «Бақытты отбасы» пар­тиялық жобасын қайта жандан­ды. Бұл жоба аз қамтылған көп­балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Бүгінде Ал­маты қаласында аталған жобаны жүзеге асырудың тиімді тетіктері пысықталды. Алдағы уақытта сол тәжірибе еліміздің басқа да өңір­лерінде қолданылмақ.
Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталған Мәулен Әшімбаев нақты бастамаларға назар аударды.
– Бүгінде көптеген қазақстан­дық отбасылардың заң бойынша өздеріне тиесілі көмекті ала алмай отырғанын көріп отырмыз. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдар тарапынан да берілетін көмектен қағылып отырған отба­сылар бар. Оған бюрократиялық келеңсіздіктерден бастап, жай ғана көңіл бөлмеуге дейінгі түрлі жайт­тар себеп. Сондықтан партия атал­ған кеңес аясында еліміз бойынша Бірыңғай әлеуметтік терезе жоба­сын қолға алды. Бұл жоба партия­ның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы қызмет көрсетеді, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

«Бақытты отбасы» қайта жанданады

Қазіргі таңда партияның еліміз бойынша 230-ға жуық қабылдау бөлмесі бар. Яғни, аталған әлеу­меттік терезе солардың барлығында ашылады. Онда көпбалалы ана­ларды жұмыспен қамту, қайта оқы­ту, балаларды балабақша мен мек­теп­терге орналастыру, заңгерлік кеңес­тер сияқты басқа да көптеген қол­даулар мен қызметтер көр­сетіледі.
– Бұл істі Балалар құқығын қор­ғау жөніндегі кеңес үйлестіреді. Мұнда бюрократиялық келеңсіз­діктерге жол берілмей, барлығы «қазір және осы жерде» деген қа­ғида бойынша жүргізіледі. Сол арқылы көпбалалы аналар мен мұқ­таж азаматтар өздерін алаңдат­қан барлық сұраққа жауап ала алады, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен бірге, аталған әлеу­меттік терезелер арқылы мұқтаж жандарға көмектескісі келетін үкі­меттік емес ұйымдар мен кәсіпкер­лерге де мол мүмкіндіктер тумақ. Нақты айтқанда, партияның қа­былдау бөлмелерінде көмекке зәру отбасылардың тізімі жасақталады. Сол арқылы қайырымдылық жаса­ғысы келген азамат тікелей мұқтаж отбасыларға көмектесуге мүмкіндік алады. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» жобасы аясында әлеу­меттік қорғау органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп үй-үйді аралау ісі қолға алынып отыр.
– Мұндай жұмыстар еліміздегі барлық елдімекенде жүргізіледі. Ондағы басты мақсат – аз қамтыл­ған, мұқтаж отбасылар мен қауіп-қатерге тап болған балаларды анық­тап, оларға жүйелі түрде қол­дау көрсету. Сол арқылы жасотан­дықтар тұрмыстық зорлық-зом­былыққа ұшыраған балаларды өз қамқорлықтарына алады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Аумақтық жұмыс тобы құ­рылды

Мұндай қадам партия мен үкіметтік емес ұйымдардың мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетуіне жаңа мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары үкіметтік емес ұйымдарды, кәсіп­керлерді, белсенді азаматтарды партияның Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі арқылы жүзеге асы­рылатын игі істерге белсене қа­тысуға шақырды.
Өз кезегінде брифингке қа­тысқан «Нұр Отан» партиясы жа­нындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева кеңестің жұмысы мен оның бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Бүгінде еліміз бойынша кеңестің 17 аймақтық және 230-дан астам аумақтық жұмыс тобы құ­рылды. Олар күнделікті жұмыс істеп, балалар құқығының қорға­луын қамтамасыз етпек. Әр бала­ның жайлы өмірі мен қауіпсіздігі үшін бәріміз, яғни ата-ана, мем­лекет және бүкіл қоғам жауапты. Сондықтан баршаңызды осы бағыттағы бастамаларға бейжай қарамай, бірлесіп әрекет етуге шақырамыз, – деді Д.Закиева.
Ал Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Дәмежан Сәдуақасова мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектерге кеңінен тоқталды.
Айта кетейік, «Нұр Отан» пар­тиясы жанындағы Балалар құ­қығын қорғау жөніндегі респуб­ликалық кеңес Елбасы тапсыр­масымен 2019 жылдың 7 ақпанында құрылды. Аталған кеңес арқылы «Нұр Отан» көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуді айтарлықтай арттырып, өскелең ұрпақтың құқық­тары мен заңдық мүдделерін қорғау ісін қайта қарауды көздеп отыр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу: