Мектеп асханасы талапқа сай ма?

623
0
Бөлісу:

Мектептердегі сапалы тамақ жүйесі – оқушы денсаулығының кепілі. Бүгінде кей мектеп асханаларындағы тағам түрлері тым аз мөлшерде болатыны, көкөністер мен жемістердің қолданылуы көңіл көншітпейтіні, мектеп жасындағы балаларды тамақ­тандыруға байланысты бірқатар проблемалар орын алып отырғандығы жиі айтылып жүр.

Осы мәселе төңірегінде партия хат­шысы Илья Теренченконың жетек­ші­лігімен «Нұр Отан» партиясының орта­лық аппаратында партияның об­лыстық филиалдарымен бейнебай­ла­ныс режимінде жиын өтті. Оған об­лыстық білім беру органдары басшы­лары, денсаулық сақтау басқармалары, мониторинг жүргізетін ведомство­ара­лық сарапшылар тобының мүшелері, кәсіпкерлер палатасы мен бизнес өкілдері қатысты.
Отырыс барысында мектеп асха­наларына жүргізілген мониторинг нәти­желері, мектеп оқушыларына бері­летін ыстық тамақ пен өнімдер бойын­ша қызмет көрсетудің стандарттарын қарау, өңірлерде дұрыс тамақтану мә­дениетін дамыту, Қазақ тағамтану акаде­миясының аға ғылыми қызмет­ке­рінің мәзірін дайындау және бекіту, сондай-ақ «швед» мәзіріне қатысты ұсыныстар және өзге де мәселелер талқыланды.
– «Мектеп асханалары» жобасының мақсаты – мектептегі тамақтану сапа­сын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін мектептегі азықтандыру стан­дарттарын бақылау жүйесін ұйымдас­ты­ру, норма­тивтік құқықтық базаны жетілдіру және мектеп оқушылары ара­сында дұрыс та­мақтану мәдениетін қалыптас­ты­руымыз керек, – деді И.Теренченко.
Жиынға қатысушылар мектеп асха­наларындағы тамақтандыру жүйесінің белгіленген талаптарға сәйкес орында­луын, ас мәзірлерінің құрамын, сапа­сын тексеріп, тағамдардың бағаларын анықтау керектігін баса айтты.
«Дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін біз бірінші кезекте балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етейік. Осы орайда тамақтану стандарттарының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізудің берері мол. Тағы бір маңызды мәселе – мектептердегі санитарлық нормалар мен қажетті стандарт талап­тары сақталғандығына халық көз жет­кізу керек», – деді «Мектеп асханасы» партиялық жобасының жетекшісі Әлия Сахариева.
Сонымен қатар ол мектеп асхана­ларының бірқатар өзекті мәселелерін шешу және ата-аналар комитетінің, асханаларды жалға алушылардың, мектеп әкімшілігі өкілдері мен білім басқармасы өкілдерінің іс-әрекетін үйлестіру негізгі міндеттердің бірі болатындығы айтылды.

Абылайхан ЖҰМАШ 

Бөлісу: