Педагог мәртебесі пысықталуда

951
0
Бөлісу:

Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Г.Исимбаеваның қатысуымен фракция жанындағы Әлеуметтік кеңестің және Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысы өтті. Оған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасының тұжырымда­малық негіздері» тақырыбы арқау болды.

Жиын жұмысына Мәжіліс депу­таттары, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің, мектеп­тердің педагогикалық ұжым­дары және ата-аналар қоғам­дастығы­ның өкілдері қатысты.
Негізгі баяндамашы, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева заң жобасының бастапқы нұсқасы қоғамдық талқылаудан кейін түзетілгенін мәлім етті. Заң жобасының қазіргі нұсқасы ары қарай пысықталуда екен. Сондай-ақ отырыста фрак­ция жанындағы Әлеуметтік кеңестің мүшесі Ә.Бектұрғанов қосымша баяндама жасады.
Бүгінде мұғалімнің мәртебесі «Білім беру туралы» заңымен және БҒМ-ның бірқатар бұйрықтары­мен ғана реттеледі. Сондықтан ұстаз статусын бекітіп, беделін артты­ратын жеке заң қабылдау туралы Елбасы тапсырма берген болатын.
Осы мақсатта Мемлекет басшы­сы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын­да «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдауды ұсынды. Бұл құжат мұғалімдер мен мектеп­ке дейінгі мекемелер қызмет­кер­лері үшін барлық игілікті қарас­ты­рып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.
Қатысушылар назарына ұсы­ныл­ған «Педагог мәртебесі тура­лы» заң жобасында мектептердегі ұстаз­дарға жыл сайын 56 күнтіз­бе­лік күнге созылатын ақылы еңбек демалысын беру, жылда бір рет сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу, «Үздік педагог» атағын иеле­ну­шіге – 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2 млн 525 000 теңге) көле­мінде, ал «Жоғарғы оқу орны­ның үздік оқытушысы» ата­ғын иелену­шіге – жұмсау бағытын Үкімет айқындайтын, 2000 АЕК мөлшеріндегі мемлекеттік грант төлеу қарастырылған.
Отырыста белгілі болғанындай, соңғы жылдары мектеп түлектері арасында педагогикалық маман­дық­тарға деген сұраныс төмен­деп­ті. Оның үстіне 2018 жылы педаго­гикалық мамандық бойын­ша білім беру грантына қол жеткізген мек­теп түлектерінің орташа көрсет­кі­ші 78-84 балды құраған.
БҒМ вице-министрі бұл кәсіп­тің тартымды болмауының бір себебі ретінде жалақысының төмен­дігін атады. Бұған қоса, педагогтер өздерінің тікелей міндеттемелерінен бөлек, мұғалімдерге қатысты емес функ­ция­ларды да атқаруға мәжбүр.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: