Сұхбат: Бэйл Испаниядағы өмірі, Зиданмен қарым-қатынасы, Роналдудың кетуі және АПЛ-дың артықшылығы жайында

540
0
Бөлісу:

Уэльс құрамасы мен мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы 29 жастағы Гарет Бэйл Four Four Two-ге берген сұхбатында Испаниядағы өмірі, командадағы қарым-қатынас және оған Зиданның сенімі туралы кеңінен тартқатқан.

Испанияға көшу туралы

Біз отбасымызбен үйренісіп кеттік. Барлығына ризамын. Футбол ойнаймын және одан ләззат аламын. Бірақ Испанияға келген соң бір жылдай қиналыңқырадым. Қанша дегенмен мұнда өмір басқаша. Осы елдің мәдениетіне, менталитетіне бой үйретуге тура келеді. Испанияның тамағы ұнайды. Жергілікті мейрамханаларға жиі барып тұрамыз. Әсіресе, хамонды жақсы көремін. Ал стейктері тіпті керемет. Ойынға келетін болсақ, мұндағы тәртіпке сәйкес матчтар кешкі уақытта басталады. Ал ойыннан кейін үйге барып ұйықтауға қатты қиналамын. Түсте мүлде ұйықтай алмаймын. Егер күндіз көз іліндірсем, онда түнде мүлде ұйқым келмейді.

Испан футболы туралы

Мені мұнда көп ештеңе таңғалдыра қойған жоқ. Сірә, Испания чемпионатына ауысқанға дейін осы елдегі матчтарды көп қарағаным әсер еткен шығар. Англияда ойын негізінен пас арқылы болса, Испанияда техникалық мұқияттылық аса қажет. АПЛ – мығым физикалық дайындықты талап етеді. Дәл осындай тәртіппен жұмыс істеу маған «Реалда» көп көмегін тигізуде. Испанияға келіп өсе түсуді қаладым. Англияда мен мықты, ғажайып ойыншы бола білдім, бірақ шикілігім де көп еді. Ал «Реалға» келіп басқа стилде ойнауды меңгердім. Әлі күнге алаңда импровизация көп жасаймын. Мұнда келгелі барымды салып жүрмін.

АПЛ мен Ла Лиганы салыстыру туралы

Англияда қысқы үзілісті енгізу керек. Бірер апта демалу футболшыға қатты көмектеседі. Біз демалып жатқанда АПЛ командалары алты матч өткізеді. Маусым соңына қарай айырмашылық қатты сезіледі. Қиын маусымның ортасына келгенде футболдан да демалған дұрыс. Бұл психологиялық тұрғыдан маңызды. Менің ойымша, мұндай үзіліс ағылшын командаларының еурокубоктық ойындарына жақсы әсер етуші еді.

Премьер-лигада жанкүйерлердің аса қуатты қолдауы сезіледі. Әр стадионның өзіндік ерекше атмосферасы бар. Бәрі қосылып әнге салып жатады. Испанияда да ән айтады, бірақ тек жекелеген трибунада ғана. Ал өзге адамдар өзін сабырлы ұстайды. Қонақтағы ойындарға барған кезде үсті-үстіне келіп жатқан көп жанкүйерді көрмейсің.

Зиданның сенім білдірмеуі және ЧЛ финалындағы «Ливерпульге» қарсы матч туралы

Желтоқсан айында алған жарақаттан кейін мейлінше жақсы ойын көрсетіп жүрдім. Чемпионаттағы соңғы төрт матчта 5 гол соқтым. Осыдан соң негізгі құрамнан орын алуға лайықтымын деп ойладым. Бірақ қосалқы құрамда қалған кезде қатты ренжідім. Алаңға тезірек шықсам екен деп тыпыршып отырдым. Шыққан кезде де ашуым әлі тарқай қоймаған болатын. Сол себепті де осындай керемет гол соқтым ау деймін.

Сенің ойланып үлгеруіңе санаулы секундтар ғана беріледі. Құрамға енудің өте қиынға соғарын мен білдім. Жаттығу кезінде де дәл осындай позициядан жиі соққы бағыттап көрдім, бірақ гол сала алмадым. Бұл – инстинкт. Корпусты дұрыс қоя білу, соққы жасау үшін ыңғайлы сәтті күту, сезу керек. Мен қақпаға дәл бағыттағанымды білдім, тек қақпашы керемет сейв жасап қоймаса екен деп үміттену ғана қалған еді. Дегенмен гол болатынын түйсігіммен сездім.

Бұл голымды қайта-қайта қарадым. Осындай гол соғу арқылы бірнәрсені дәлелдегім келді деп айтпаймын. Бұл гол маған да, командаға да керек болды.

Финалда ойнаған кезде бар мүмкіндігіңді салатының айтпаса да түсінікті. Сол финалдан кейін Зиданмен сөйлескен, араласқан емеспін. Біздің қарым-қатынасымыз жақсы болды. Әрине, керемет достармыз деп айта алмаймын, біздің арамызда қалыпты кәсіби қарым-қатынас ғана болды.

Чемпиондар лигасындағы жеңістер туралы

Әрқайсысы әртүрлі болды. Кардиффте «Ювентуспен» басқаша ойын болған. Шынын айтқанда, ол ойынға шығу жағынан менің жолым болды. Өйткені мен тобығымды кәдімгідей жарақаттап алдым. Сондықтан 13 минут ойнаудың өзі бақыт. Финалға дейін үш апта бұрын ойнамайтынымды білсем де Кардиффке қайта оралғанымды қуаныш санадым.

Әр футболшы Чемпиондар лигасын жеңіп алуды армандайды. Финалда не күтіп тұрғанын сезесің. Дегенмен ойынға шығасың ба, шықпайсың ба оны анық білмейсің.  Финал – бұл әрқашан да үлкен матч. Оны әдеттегі ойын деп қабылдауға әсте болмайды. Әр сәт сайын өзіңді қолайлы, жайлы сезіне түсесің. Соңғы екі финалда біз қысым сезінген жоқпыз. Бұрынғыдай жүйке тоздыру да болмады. Киевтегі финалдан соң Адам Лалланамен сөйлескен едім. Ол жеңілістен соң бүкіл команданың ұйықтай алмағанын айтты. Ал біз болсақ рахаттанып отырдық. Әсіресе, финалда эмоцияңды басқара алу үлкен жетістік.

Роналдудың кетуі туралы

Менің рөлім өзгерді деп ойламаймын. Әр футболшы өзін барынша жоғары мүмкіндікпен көрсеткісі келеді. Мен соған күш салып жүрмін. Менің пікірім киіну бөлмесіде соншалықты маңызды емес. «Реалдың» киіну бөлмесіндегі көңіл-күйі орнықты – бәрі сабырлы, ұстамды, ұйымшыл және әрқайсысы өз ісін біледі.

Серхио Рамос туралы

Ол өте әзілқой. Капитан және ойыншыларға үлгі. Ол команданы алға жетелейді, рухтандырады. Алаңда қандай болса алаңнан тыс кезде де сондай. Өз ісіне құлай берілген нағыз көшбасшы. Оның командада жүруі өте маңызды.

«Реалдың» Еуропадағы гегемониясы туралы

Біз өзіміз қатысқан әрбір турнирді жеңгіміз келеді. Тым көп жеңіс әркез бұйырмайды. Бізді тарихтағы ең керемет команда деп айтуға бола ма? Оны мен айта алмаймын, жиналған трофейлер – керемет аргумент. Бұрын-соңды ешкім Чемпиондар лигасын қатарынан екі рет жеңіп көрген емес еді. Ал «Реал» болса бұл биікке үш рет қатарынан көтерілді.

Біз Гвардиоланың «Барселонасынан» мықтымыз ба? Олар басқаша стилде ойнады. Бірақ ең бастысы – нәтижелер және трофеи. Ал біз болсақ бес жыл ішінде Чемпиондар лигасы кубогын төрт рет төбемізге көтердік. Мені дұрыс түсініңіздер, олар өте тамаша ойнады, бірақ сол тамаша ойын бәрібір лайықты нәтиже алып келе алмады. Біз тамаша ойнадық және лайықты жетістікке жеттік.

Чемпиондар лигасын Ла Лигамен салыстырғанда басым деп айта алмас едім. Бірақ біз тағы да ұтқымыз келеді. Кез келген қарсыласты жеңуге болады. Қателік жібермеу керек. Плей-офф кезеңінде өте өткір ойнай алсақ, әрі қарайғы жол даңғыл.

Аударған Абай Аймағамбет

Бөлісу: