Бүгін Чемпиондар лигасы: Кімнің асығы алшысынан түседі?

375
0
Бөлісу:

Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Лион» өз алаңында «Барселонаны» қабылдайды. Матч «Парк Олимпик Лион» стадионында өтпек.

Француз клубын ел чемпионатында сәтті ойнап келе жатыр деуге болады. Жыл басында қатарынан бес рет жеңіске жетті. Бірақ бұл олардың толық қарым-қабілетін танытуына дәлел бола алмады. Қазір клуб 46 ұпаймен үшінші орында келе жатыр. Олар соңғы жеті матчтың алтауында жеңді. Бірақ екі голдан артық соққан емес.

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне екінші орынмен (Манчестар Сити, Шахтер, Хоффенхайм) шықты. «Барселонамен» болатын ойынға команданың басты көзірі Нәбил Фекир (дисквалификация) шыға алмайды.

Ақпан басталғалы «Барселонаның» ойыны ала-құла болып кеткен. Қатарынан үш матчта тең ойнады (Валенсия (2:2), Атлетико (0:0), Реал (1:1). Бұдан соң «Вальядолидті» жеңіп қана ес жиғандай. Соған қарамастан каталониялық клуб 54 ұпаймен көш басында. Клуб топтық кезеңнен бірінші орынмен шықты (Тоттенхэм, Интер, ПСВ).

Ойыншылардың жеке шеберлігі және командалық ұйымшылдығы тұрғысынан кімнің басым түсерін болжау қиын емес. Оның үстіне «Барселонада» Артурдан өзге ойыншылардың барлығы дерлік бабында. Әрі дәл осы турнирде клубтың есесі кетіп-ақ жүр (соңғы үш жыл қатарынан ЧЛ-ды «Реал» жеңіп алды). Сондықтан Эрнесто Вальверде шәкірттері барын салмақ. Дегенмен ойынның «Лион» алаңында өтетінін де ұмытпаған абзал. Француз клубы кем дегенде тең нәтижеге қол жеткізуге тырысады.

  • «Барселона» ЧЛ-да ешқашан «Лионнан» жеңілмеген (4 жеңіс, 2 тең ойын).
  • Қос ұжым 10 жылдан бері алғаш рет кездескелі отыр. Бұған дейін 2008/09 маусымында 1/8 финалда ойнап, «Барселона» 6:3 есебімен жеңген.
  • «Лион» ЧЛ-дың плей-офф кезеңіне 2011/12 жылдан бері алғаш рет шығып отыр.

19 ақпанға жоспарланған матчтың бірі – «Ливерпуль» – «Бавария» кездесуі. «Ливерпуль» маусымды сәтсіз бастаса да уақыт өте келе жағдайды өз ыңғайына қарай түзеп алды. Қазір 65 ұпаймен екінші орында келе жатыр. Көш басындағы «Манчестер Ситиден» тек доп айырмашылығы бойынша қалыс қалуда. Клопп командасы топтық кезеңде ПСЖ-ны алға шығарып, екінші орынмен шықты. Соңғы тоғыз маусымды есепке алсақ, клуб үшінші рет плей-офф кезеңінде ойнап жатыр.

«Бавария» болса қазір ел чемпионатында 48 ұпаймен екінші орында келе жатыр. Нико Ковачтың командасы әзірге чемпионатта да, кубокта да жорғасынан жаңыла қойған жоқ. ЧЛ топтық кезеңінде клуб Е тобында ойнап, аса қиындықсыз плей-офф кезеңіне ілікті.

Қос команданың бірі айқын басым деп айту қиын. Екеуінің де жеңісі мен жеңілісі қатар ауысып келе жатқан ұжымдар. «Баварияның» соңғы жылдардағы еурокубоктық ойындардағы өнері көмескі тартқан. Есесіне «Ливерпуль» былтырғы Чл финалистері ретінде, үлкен рухпен алаңға шығады. Бұл да белгілі бір деңгейде Клопп шәкірттеріне басымдық сыйлары сөзсіз. Оның үстіне мерсисайдтықтар құрамы кіл жастар – Салах, Мане, Шакири, тағы басқа қылшылдаған жігіттер кез келген қорғанысты бұзып-жарып кіруге даяр. Оның үстіне ЧЛ алдында он күндей жақсылап демалып, емін-еркін оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бұл да бүгінгі ойында басты рөл ойнап кетуі ғажап емес.

  • «Бавария» ағылшындық клубқа қарсы өткізген 7 ойынның тек біреуінде ғана жеңіс дәмін татқан.
  • Соңғы үш ойында немістер «Энфилдте» бірде-бір гол соға алмапты.
  • «Ливерпульдің» еурокубоктық ойындардағы жеңіліссіз сериясы қазір 19 матчты (14 жеңіс, 5 тең ойын) құрайды.

Бұл матчты түнгі сағат 01:50-де Qazsport арнасынан көре аласыздар.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: