БИЗНЕС ПЕН БИЛІК

266
0
Бөлісу:

Қазіргі әлемде бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік биліктің сындарлы өзара іс-қимылы – нарықтық экономиканың қалыпты жұмыс істеуі үшін маңызды шарт. Мұндай қатынастарды интеграциялау тәсілдерінің сипаты және олардың экономикалық дамуға әсері зор болып отыр.

Бизнес пен биліктің дамып келе жатқан серіктестігі қаржы­ландырудың, меншік қатынастары мен басқару әдістерінің базалық моделін жасайды. Осы жағдай­ларда мемлекетке тән емес мемле­кеттік функциялар мен міндет­терді жеке секторға беру ерекше және маңызды рөл атқарады.
Ірі бизнес бәсекелестікті да­мы­туға елеулі үлес қосуға, соны­мен қатар саяси шешімдер қабыл­дауға қатысушы және оларды іске асыру агенті болуға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, жеке сектор қосымша функциялар мен өкілеттіктерге ие болмақ.
Біздің ойымызша, бұл көпте­ген экономикалық міндеттерді шешуде мемлекеттің реттеуші рөлін күшейтеді. Мысалы, эконо­мика­ның әлемнің басқа жетекші экономикасынан артта қалуын қысқартады, кемел нарық қалып­тастырады, отандық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан осы кезеңде үлкен әрі батыл қадамдар жасауда. Депутаттық корпус Мемлекет басшысының елдегі кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша қойған міндеттерін шешу бойын­ша үлкен жұмыстар жүргізуде.
«Атамекен» ҰКП-мен тығыз қарым-қатынас жасалып, бизнес субъектілері үшін рәсімдерді жеңіл­дететін заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілді.
Бірінші қадам 2015 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» заңды қа­был­дау болды. Онда кәсіпкерлік және кәсіби қызмет субъектілері­нің өзін-өзі реттеудің негізгі мақ­сат­тары мен қағидаттары нақты айқындалған.
Бизнес ахуалды жақсарту үшін жаңа Салық, Кеден кодекстері, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексі қолда­нысқа енді. Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер пакеті қабылданды. Онда бизнес-қоғамдастықтың барлық ұсы­ныстары мен ұсынымдары ес­керіл­ді. Соның нәтижесінде, мем­лекеттік бақылау функ­ция­лары 30 пайызға жуық қысқарды.
Мемлекеттің мұндай саясаты бүкіл бизнес-қоғамдастыққа сенім мен қолдаудың көрсеткіші болып табылатыны маңызды. Сонымен қатар Президент Н.Назарбаевтың «Бес институт­тық реформасын жүзеге асыру бойын­ша 100 нақты қадам» жос­парында өзін-өзі реттеуді дамыту және мемлекетке тән емес функ­цияларды бәсекелі ортаға беру арқы­лы шешімдер қабылдау про­цесіне азаматтардың қатысу мүм­кін­дігін кеңейту бойынша міндет­тер қойылды. Негізгі мақсат – мемлекетке тән емес функция­ларды қысқарту есебінен ықшам және тиімді үкімет қалыптастыру. Осы міндетті шешу және мемлекет функцияларын жеке ортаға беру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін Үкімет жанынан арнайы комиссия және Мәжіліс жанынан сарапшылық топ құрылды. Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік орган­дар мен үкіметтік емес ұйым өкіл­дері кірді. Комиссияның жұмыс органы – Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік функ­цияларды бәсекелестік ортаға беру бойынша мемлекеттік функ­цияларға түгендеу жүргізуді және оның тізбесін жариялау және қоғамдық талқылау үшін қалып­тастыруды, нарықтың дайындық деңгейін және реттеу­шілік әсерді талдауды, комиссияның функция­лар тізбесін қарастыруды және функцияларды бәсекелестік ор­таға беруді көздейтін базалық тәсілдерді анықтады. Комиссия қызметінің қорытындылары бойынша мемлекеттік функция­ларды бәсекелі ортаға беру мәселелері бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Онда жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелілігі мен реттелуін көрсететін тәсілдер бекітілген. 2017 жылғы қыркүйекте Үкіметтің қаулысымен заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Заң жобасында 3 кодекс пен 4 заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу көзделген.
Қазіргі уақытта депутаттар барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен аталған заң жобасын қарау бойынша мақсатты және бірлескен жұмыс жүргізуде, яғни бизнес субъектілерімен сындарлы диалог жүргізу мақсатында пре­зентация, дөңгелек үстел, жұмыс топтарының 12 отырысы, Эконо­микалық реформа және Өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Сондай-ақ депутат­тар заң жобасының жекелеген нормаларын жақсартатын және нақтылайтын түзетулер енгізді.
Заң жобасын қарау барысында Мәжіліс депутаттарының бір тобы Үкіметке экологиялық аудитке қатысты бөлімдерді қараудан алып тастау туралы ұсыныс жаса­ды. Экологиялық аудит саласында өзін-өзі реттеуді енгізудің уақыты­лы болмауы және орынсыздығы негіз болып табылады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес Үкіметке Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын Мәжіліске енгізу тапсырылды. Осыған байла­нысты Энергетика минис­трлігі Экологиялық аудит сала­сын­дағы міндетті мүшелікке негізделген көпше немесе бір­ыңғай өзін-өзі реттеуді енгізу мүмкіндігін анықтау үшін реттеу­шілік әсерге талдау жүргізе­ді. Эко­ло­гиялық кодекс жобасын әзірлеу шеңберінде реттеушілік әсер­ді талдау нәтижелері ескері­летін болмақ.
Жалпы, 2019 жылдың соңына дейін бәсекелі ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға 90-ға жуық функция беру жоспарланып отыр.
Нарықтың дайындығын тал­дау және реттеушілік әсерді талдау – мемлекеттік функцияларды бе­ру­дің маңызды кезеңдері. Сон­дық­тан бизнес-қоғамдастыққа басқару процестерін жетілдіру, кәсіби кадр әлеуетін арттыру, жекелеген мем­ле­кеттік функция­ларды сапалы жүзеге асыру үшін инфрақұры­лымды дамыту қажет. Сондай-ақ объективті ақпарат алу мақсатында бәсекелес ортада бер­іл­ген мемле­кеттік функцияларды іске асыру сапасының монитор­ингі қарас­ты­рыл­мақ. Егер бизнес немесе өзін-өзі реттейтін ұйымдар өз міндет­терін орындамаса, онда өкілет­тік­тер қайтадан мемлекетке өтеді.
Елдегі мемлекеттік функция­ларды беру жөніндегі реформа жаңа деңгейде экономикалық қатынастарды дамытудың ажыра­мас элементі болып отыр. Онда мемлекет­тік және жеке мүдделер­дің теңгерімі неғұрлым айқын және анық байқалады.
Осы реформаны табысты іске асырудың базалық шарттарының бірі мемлекеттік басқаруды да­мы­тудың қазіргі заманғы үрдіс­теріне, жинақталған отандық тә­жі­рибе мен шет елдердің озық ре­фор­маларына негізделген мемле­кет­тік функцияларды бәсе­ке­лестік ор­таға беру бойынша кешенді әдіснамалық тәсілді белгілеу. Бұл бізге 2050 жылға қарай елдің ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 50 пайыздан кем емес қам­тамасыз ету бойынша Мемлекет басшысы қойған мақ­сатқа жетуге мүмкіндік береді. Ал қаралып отырған заң жобасын қабылдау мемлекеттің бизнеске қарсы нақты қадам жасауға қан­ша­лықты дайын екенін көрсетеді.

Балаим КЕСЕБАЕВА,
Мәжіліс депутаты.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі

Бөлісу: