ҰЛТТЫҢ ҚАСИЕТІ ҰРПАҚҚА АМАНАТ

389
0
Бөлісу:

Атырауда «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, ақын Бақытгүл Бабаштың жастармен кездесуі өтті. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізгі өзегінің бірі, тарих қойнауында жатқан қазақ елінің тарихын түгендеу, әдебиеті мен мәдениет­інің келешекке аманатталуы, ақын-жазушыларын халыққа танытып, жастардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттырып, жастар бойында рухани құнды­лық­тарды дарытуды көздейді.
№1 қалалық орталық кітап­ханада өткен ақын Бақытгүл Әміржанқызының «Бақыт гүлі» атты жастармен жүздесуінің өзіндік жауапкершілігі де осы мақсатпен үндес болды.
Азаматтық үні мен лирикалық жырларымен халқының ыстық ықыласына бөленіп жүрген ақын шығармаларын насихаттау, жас­тар­ды кітап оқуға ынталандырар, ақын жырларындағы рухты өлең­дерден қайралып, сыршыл өлең­дерінен сезім атты қасиеттен ал­шақ­тамай қазақтың ұрпағы деген қасиетті теңеуге лайық болуды мақсат еткен жүздесу ерекше өтті.
Ақын Бақытгүл Бабашпен өткен әсерлі кеште ақын шығар­машылығынан бастап, бүгінгі жаңалықтары туралы әңгіме өрбіді.
Жастармен ой бөлісіп, шы­ғар­машылығы, кейінгі буын жас ақындар мен қазіргі поэзия ту­ралы, ақындық жолда бағыт-бағдар беріп, жолын ашқан жан­дар туралы әңгіме өрбіткен кеш қонағы «Бақытгүл» деген есіміне қатысты бала кезіндегі қызықты оқиғасын еске алса, қолынан мүлде сурет салу келмесе де бала арманы «суретші» болуды қала­ғанын да сағынышпен еске алды. Жастарды поэзия падишасы Фариза апамыз бен ақын Бақыт­гүл арасындағы байланыс та қы­зықтырып, сауалдар қойылды. Фариза Оңғарсынқызының апа­лық қамқорлығын, жылы сөз­дерін, рухани демеуін де жастарға үлгі еткен Бақытгүл Әміржанқызы жастардың сұрауы бойынша поэ­зия падишасына арналған өлең­дерін оқыды.
– «Нұр Отан» партиясы жа­н­ын­дағы «Жас Отан» Жастар қана­ты Атырау облыстық филиалы­ның ұйымдастыруымен жыл сайын Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында тағылымды іс-шаралар өтіп тұра­ды. Халықтың рухын жанитын, елдікке ұмтылдыратын «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақа­ласы да әсіресе жастарға сенім мен серпін беріп, жастар шығар­машылықтарына басым бағыт берілді. Соның айғағы, жастар­дың шығармашылығына арнал­ған республикалық мүшәй­ралардың, алуан тақырыптағы әдеби байқаулардың өтуі. Бүгінгі жастармен жүздесуде жас буын­ның әдебиет пен өнерге, ұлттық тәрбиеге, ұлтымыздың құнды­лық­тарына қатысты ойларын пайымдай алдым. Олар да осы кездесуден өздерінің көптеген сауалдарына жауап алып, рухани кеңістіктерін толықтыра алатын­дай әсер алды деген ойдамын, – деген Бақытгүл Әміржанқызы Жастар жылы олардың ұлттық таныммен есейіп, аға буынның өнеге боларлық істерін жалғас­тыратынына сенім білдірді.
Ақынның әсерлі кешіне келген Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі­нің және Атырау медицина колледжінің студенттері, кітап­хана қызметкерлері Фариза Оңғар­сынқызы мен Бақытгүл Әміржанқызының өлеңдерін оқып, кездесудің мағынасын арттыра түсті.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
Атырау облысы

Бөлісу: