Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі

446
0
Бөлісу:

Qazaqstan dauiri газеті жыл сайын «Нұр Отан» партиясымен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «ЕлАна» сайтымен бірлесіп, «Ауыл» экспедициясын ұйымдастырды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақты аралап, жеткен жетістіктері пысықталып, шешілуі тиіс мәселелер талқыға салынған дөңгелек үстел өтті. 

Qazaqstan dauiri газетінің директоры Сәуле Мешітбаева­ның айтуынша, ырыс-береке – ауылда. Елбасының саясатын қолдай отырып, еліміздің ауыл­шаруашылығын өркендетуге, ауылды гүлдендіруге үлес қосу экспедицияның мақсаты екен. Биылғы экспедиция «Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» деп аталған. Экспедицияны құрып, бір кісідей атсалысып жүрген редактор Ертай Айғалиұлы «Биыл 14 облысты аралап шықтық, соның 8-9-да өзім болдым. Ал­ғаш аралағанда жүздеген проб­лема атойлап шыққан. Қазір соның дені шешілген. Кейбіреуі шешілу үстінде. Мәселен, жол, ауызсу мәселесі түзелді» деп, ауылда тіршілік жасаймын дейтін адамға барлық мүмкіндік барын жеткізді.
– Ауылда тұрмысы жақсы, бай-ауқаттылар да бар. Бірақ оның көбі орта жастағылар. Жастар бірен-саран ғана. Жұмыс­­сыздық, инфрақұрылым­ның болмауы, төрт түлік малдың азаюы, техниканың жоқтығы, мемлекет тарапынан қолдаудың болмауы. Міне, тұрғындардың ауылдан кетуі осыдан. Жастарға жағдай жасалса да, ауылға барғы­сы келмейтіні тағы бар. Оған тағы – жұмыссыздық, айлықтың аздығы, жемқорлық, қалаға бауыр басу, патриотизмнің жоқ­ты­ғы әсер етуде. Жаңа техниканы игере алатын жас мамандар жоқ­тың қасы. Бұл – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қау­қарсыздығын білдіреді. Бағ­дар­ламаны қаржылық жағынан қайта қарастырып, жастарға тиім­ділігін арттырып ұсыну керек, – деді Ертай Айғалиұлы.
Дөңгелек үстелде әр облыстағы әрбір ауыл-аймақтың артық­шы­лы­ғымен бірге кемшілігі туралы да сөз қозғалды. Мәселен, Алма­ты облысында жеке шаруа қожа­лық­тары несие алу барысында көп қиыншылықты бастан кешу­де. Оның бірі – ауыл тұр­ғын­дарының үйлері ескі бол­ған­дықтан, банк кепілге алмайды. Міне, осыдан-ақ халыққа мал басын көбейту бағдарламасы қолжетімді емес. 2018 жылы Тастө­бе ауылдық округіндегі 108 шаруа қожалығының бірде-бірі банктен несие ала алмаған. Оған қоса, мал ұрлығын алдын алу шараларына тосқауыл қойыл­ма­ған. Қазір Тастөбе ауылында жыл он екі ай мал ұрлығы тиылмай келеді екен. Ал 5-10 гектар жері бар ұсақ шаруа қожалықтары техниканың жоқтығынан жерін өңдеу, егін егу, жинау жұмыс­та­рын жылма-жыл жүргізе алмай келеді. Тіпті күз кезінде Сарқант, Көксу ауданындағы қант қызыл­шасы жиналмай қар астында қалыпты. Себебі, ұсақ шаруа қожалықтары техника мен жұмыс қолын жалдап, күн көре­ді. Оларды біріктіріп, ірілендіру жұмыстары жүргізілмеген.
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті» қолдау бағдарламасы бойынша жұмыс істеп, шаруаларға несие береміз. 2017 жылдан бері 18,6 млрд болса, былтыр 30 млрд қаржы жұмсалған. Мәселен, ауылды жерде банк кепілге қойылатын нәрсемен жұмыс жасауға қорқады. Біріншіден, үй ескі, оның көбісі сабаннан құйыл­ған болады, ондайды сату да қиын. Алшақ жерде орналас­қан үйді барып көру, есептеу – жұмыс. Ондай тәуекелге банк бармайды. Ал біздің қор ауыл­дағы жер болсын, үй болсын, тех­ника, машина – бәрін қабыл­дайды, – деді «Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау» қорының басқарма төрағасы Жандар Омаров.
Жиында Атырау облысының әлі де суға зәру екені айтылды. Аймақтағы Жайық, Жем, Сағыз өзендері суды Орал тауларынан келетін судан алады екен. Бірақ Ресей судың келуіне шектеу қойып отырғандықтан аймақ­тағы транс шекара мәселесі тез­де­тіп шешілуін сұрауда. Өйткені су болмай, көк те шықпайды, ондай жерде мал басы да көбей­мей­ді. Екіншіден, балықтың жаппай қырылып, үкіметтің анықтай алмай жатқанын айтып, анық-қанығын зерттеуін талап етуде. Дәрігер мамандардың жетіс­пеушілігі – Қостанай об­лы­сы Жангелді ауданында бай­қалды. Дерек бойынша ау­дан­да 17 дәрігерлік пункт бол­са, ол жақта барлығы 14 дәрігер, 114 орта буынды дәрігер қызмет етеді.
«Ардагерлер ұйымы» рес­публи­калық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаевтың айтуынша, көші-қон мәселесі бойынша екі заңға жетекшілік еткен. Бірі – орал­ман­­дардың елге оралғандағы зейнетақысы есептелмей қалып, 2014 жылдан бастап 17 мың теңгеден алғандар болды. Ол Моңғолиядан келген қандастарға қатысты. Себебі, екіжақты келі­сім 2014 жылдан бастап күшін жойған еді. Бұл жағдай ақпан айынан бастап қалпына келді. Алайда көші-қон сала­сын­­дағы алдымен басымдық ішкі көші-қон мәселесін реттеуге берілу керегін жеткізген ол: «Қоныс аудару мәселесінің жүзе­ге асып жатқаны биыл төр­тін­ші жыл. Бағдарламаға Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола облыстары және былтырдан бас­тап Қызылорда облысы қо­сыл­ды. Олардың баратын жері – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан облыстары. Соның ішінде кең ауқымды алғаны Солтүстік Қазақстан облысы. Демо­г­ра­фия­лық жағдайы өзгер­ген. Мысалы, 665 мыңнан 560 мыңға төмен­де­се, Маңғыстау облысы 100 мың адамға өскен. Қауіпсіздік кеңе­сін­де Елбасының алдында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәселе етіп көтерген. Биылдан бастап Солтүстік Қазақстан облы­сында пилоттық жоба ре­тін­­де жер аудару­шылардың тұр­ғын үй мәсе­лесі шешілетін бол­ды. Алда­ғы үш жылда үш мың үй салын­бақ­шы», – деді Өмірзақ Озғанбаев.
Публицист, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы ауылдың рухани жағын да ұмытпауын сұрап, ауыл балалары кітап оқуына көңіл бөліп, кітапхана мен мұражайларды қалыпқа келтіру, шығып жатқан жаңа кітаптардың ауылға жетпейтінін меңзеді. «Бұрын кез келген кітап ауыл кітап­ханасынан табылатын. Тіпті «Ауыл кітапханасы» деген сериямен кәдімгідей кітаптар шығып тұратын. Қазір жаңа кітап сатылмақ түгілі, ауылға жетпейді, – дейді ол.
Шараға А.Бараев атын­дағы астық шаруашылығы ғылы­ми-өндірістік орталығы бас ди­ректордың БАҚ жөніндегі кеңес­шісі Зейін Әліпбек, Мәжі­ліс депу­таты Мұсырман Кәрібай, Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғаммен байланыс департамен­ті­нің директоры міндетін атқару­шы Нұржан Мырзабеков, жазу­шы Табыл Құлияс қатысып, пі­кі­рімен бөлісті.

Анар ҚОНЫС

Бөлісу: