«Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы басталды

330
0
Бөлісу:

Қостанай облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы әлсіз топтағы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған «Бірыңғай әлеуметтік терезе» республикалық акциясына қолдау білдірді. Онда тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналар мемлекет және кәсіпкерлер тарапынан көрсетілетін көмекке ие болады. Әлеуметтік терезе саяси ұйымның қоғамдық қабылдау орындарында орналасқан. Жаңа жүйенің жұмыс істеу механизмі елдік мүдде жолында күш біріктіруге бағытталып отыр.

Қоғамда көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер арасында тұрмысы төмен отбасы­ларға көмектесуге ниетті азамат­тар аз емес. Кейбіреулері сол кө­мекті қалай көрсету керек екенін, ол үшін қандай іс-шаралар атқару қажет екенін біле бермейді. Осын­дай азаматтардың орынды әрекеттеріне жауап бар. Ол – «Нұр Отан» партиясы жанынан ашылған «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы.
Партия бастамашы болған жобаның қызметі мемлекеттік орган­дармен, әкімдіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп іске асатынын атап өткен жөн. «Бірыңғай әлеуметтік тере­зе» акциясына келген тұрғындар өз өтініш-тілегін білдіруде.
– Мен қабылдауға екі мәселе бойынша келдім. Біріншісі, ана күтіміне берілетін бір реттік жәр­демақы алсам деймін. Екіншіден, баспанам жоқ, пәтер жалдап тұ­рып жатырмыз. Бес бала тәрбие­леп отырмын. Айтайын деген проб­­­ле­маларым осы, – дейді көп­ба­лалы ана Ақмарал Байқадамова.
Айта кету керек, акция елі­міздің барлық өңірінде партия­ның қоғамдық қабылдау бөлме­лері арқылы жүзеге асуда. Мұнда әлеуметтік көмекке қатысты то­лық мәлімет пен кеңес алуға бо­лады. «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы арқылы мем­лекеттік қолдаумен қамтылуды көздегендердің басым бөлігі баспана алу мәселесін сөз етті.
– Партия жанынан құрылған «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесі жұмысын бастады. Бұл арқылы мұқтаж жандарға кө­мек­тескісі келетін кәсіпкерлерге үл­кен мүмкіндік тумақ. Нақты айт­қан­да, партияның қабылдау бөл­мелерін­де көмекке зәру отба­сылардың тізімі жасақталады. Сол арқылы қайы­рымдылық жа­сағысы келе­тіндер мұқтаж отба­сыларға көмектесе алады. Қабыл­дау күн сайын таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жүргізіледі, – дейді «Нұр Отан» партиясы Қос­­танай облыстық филиалы қоғам­­дық қабылдау бөлімі­нің мең­­­­­­геру­шісі Бақытгүл Жолдыбаева.
Қазіргі таңда партияның елі­міз бойынша 230-ға жуық қа­былдау бөлмесі бар. Яғни, әлеу­меттік терезе солардың бәрінде ашылған. Онда көпбалалы ана­ларды жұмыспен қамту, қайта оқыту, балаларды бала­бақшалар мен мектептерге орналастыру сияқты басқа да көптеген қолдау мен қызмет түрі көрсетіледі.
Павлодар облысында да «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы ресми түрде бастау алды. Шара аясында көпбалалы аналар мемлекеттік органдардан кеңес пен тәжірибелік көмек алды. Сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақы, мек­тепке дейінгі мекемелерге кезек­ке тұру және алимент туралы болды.
– Қаражаттың жетіспеу­ші­лігінен ортаншы ұлымды бала­бақшаға орналастыруға мүм­кіндігім болмады. «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясының арқасында мәселем оң шешімін тапқанына қуаныштымын, – дейді төрт баланың анасы Әсемгүл Жапабаева.
Бүгінде күн сайын өтетін қабылдау өз нәтижесін беруде. Бір аптаның ішінде 150-ден астам анаға қажетті көмек көрсетілді. Енді көпбалалы аналарды қам­тыған «Ана мен бала» бастамашыл тобымен бірлескен ұйым әрбір мұқтаж отбасыға жедел әлеу­меттік көмек көрсетпек.
Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: