Қызмет көрсету сапасы артты

445
0
Бөлісу:

Astana Hub халықаралық технопаркінде Мәжіліс депутаты М.Айсинаның төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды бағдарламасының «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссияның көшпелі отырысы өтті. 

Отырысқа дейін жиынға қатысушылар ЕХРО аймағында орналасқан мемкорпорацияның Цифрлық қызмет көрсету орта­лығында болып, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы жаңа­шылдық пен орталық­тың жұмысымен танысты.
Бүгінгі таңда Реестрге сәйкес мемлекеттік корпорация арқылы 621 қызмет көрсетіледі. Бұл бар­лық қызметтің 82 пайызын құрайды. Өткен жылы 52 мем­лекеттік қызметтің стандартына өзгертулер енгізілген болатын. 741 қызметке талдау жасалып, 558 қызметті оңтайландыру жө­ніндегі ұсыныс қолдау тапты. Оның ішінде 494 мемлекеттік қызмет бойынша жол картасы дайындалды. Ал қалған 64 қыз­мет бойынша қазір үйлестіру және бекітуге ұсыну жұмыстары жүргізілуде, – дейді М.Айсина.
Жиында «Азаматтарға арналған үкіметтің» басшысы Абылайхан Оспанов маман­дандырылған ХҚО-лардың ашылуы автокөлік иелеріне көлік құралдарын бірер сағатта тіркеуге мүмкіндік беретіндігін айтты. Оның айтуынша, уақытты осыншалықты қысқарту бизнес-үдерістерді автоматизациялау және қосымша сервистерді бір кешенге шоғырландыру нәти­жесінде жүзеге асқан.
– Біз уәкілетті мекемелермен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы бірлескен ша­раларды ары қарай да жалғас­тырамыз, – деді А.Оспанов.
Төраға мемлекеттік қыз­мет­терді оңтайландыру және авто­маттандыру, бизнес-үдеріске замануи тәсіл енгізу, қызметтерді проактивті әдіске және элек­трон­ды форматқа көшіру бойын­ша белсенді жұмыстардың биыл да жалғасын табатындығын айтты. Сондай-ақ 2019 жылдың соңына дейін 1 цифрлық ХҚО және 4 миграциялық ХҚО ашыл­мақ. Корпорация ин­фоқұры­лымдық дамумен қатар азамат­тар­дың цифрлық сауат­тылығын 80 пайызға жоғарылату және қызметтерді биометриа­ның кө­мегімен алу сервисін толық жүзеге асыруды жос­парлауда.
Жиын кезінде халықаралық сарапшылардың пікірлері тыңдалды. Мемлекеттік қызмет саласындағы кеңесші Мақсұт Өтешов Қазақстанның мем­лекеттік қызмет көрсету сала­сындағы соңғы өзгерістеріне оң бағасын беріп, бұл саладағы жетістіктерді атап өтті.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: