«БОЛАШАҚ» ҚОРЫ – МЕЙІРІМ ӘЛЕМІ

533
0
Бөлісу:

Балаларға бар ықыласымен көмек қолын созып, бүлдіршіндердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін бірден-бір ұйым – «Болашақ» корпоративтік қоры. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай қолға алынған «Нұр-Медиа» холдингінің «Қайырымды жандар» жобасы аясында осы қордың игі істері туралы баян етпекпіз.

«Болашақ» – қоғамдағы сан салалы бағытты қатар ұстанып, әлеуметтің материалдық һәм рухани қажетін өтеуге тырысып жүрген бірегей қайырымдылық қоры. Қор қолға алған «Әр бала мектепке лайық» бастамасы былтыр «Нұр Отан» партия­сы­ның «Кедергісіз келешек» жо­ба­сына қосылған. Бұл бастама ар­қылы қор ерекше қажеттігі бар балалар мен ересек адам­дар­дың өмір сапасының жақ­сартуға үлес қосып жүр. Сондай-ақ қор денсаулық сақтау сала­сында психикалық ауытқуға тап болған балаларды да ерте бастан диаг­ностикалау бойынша ха­лық­аралық әдістерді енгізуге байла­нысты ұсыныстар жасаған.
– Қайырымдылық жасау – қайырлы іс. «Адамға балық бер­ме, қармақ бер» деген тәмсілдің бұл жерде қатысы бар. Біздің адамдарға, балаларға көмек бере алуымыз маңызды. Көрсеткен көмегіміз оларға білім, тәрбие болып тиеді. 2011-2015 жылдар аралығында білім саласы негі­зінде балалар үйінің бітіруші түлектерімен жұмыс істедік. Сон­дай-ақ түрлі шығармашы­лық байқаулар ұйымдастырып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 2,5 мыңнан астам бала қатысты. Олар осындай қолдаудың арқа­сында өз мүмкіндіктерін сезініп, өздеріне деген сенімдері нығая түсті. Осындай қадам арқылы қоғамдағы әлсіз топтарға жағдай жасадық деп айта аламын. Ал «Әр бала мектепке лайық» жо­басы аясында сарапшылар кеңесін құрдық. Оған өзге де қайырымдылық қорлары, ата-аналар ұйымдары, ғылыми мекемелер және мемлекеттік орган өкілдері кірді, – дейді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Чайжунусова.
Жалпы, 2018 жыл – «Бола­шақ» үшін табысты өрбіді деуге толық негіз бар. Қор Мәжілістегі «Кинематография туралы» заң жобасын талқылау бойынша жұмыс тобының белсенді мү­шесіне айналған. Қор 16 талқы­лау отырысына қатысып, кино­театрлардағы фильмдер прока­тының уақыты және мемлекеттік тілді реттеуге қатысты 8 өзгерісті жұмыс тобының қарауына ұсын­ған. Сонда қор өкілдері «Кө­рер­мен еліміздің барлық кино­театр­ларында шетелдік киноларды қазақ тілінде және ыңғайлы уақытта тамашалай алады деп үміттенеміз» деген еді. Бұл әри­не, біраздан бері көпшіліктің кө­кейінде жүрген маңызды сауал болатын. «Болашақтың» жұ­мыс барысымен таныс оқыр­ман олардың кино саласында қандай еңбек атқарып жүрге­ні­нен хабардар болса керек. Қордың сонау 2011 жылы құрыл­ған «Өзіңнен баста» кең ауқым­ды жобасының аясында шетел­дік фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасала бастады. Ал бұған дейін біздің көрермен шетелдік әйгілі туындыларды тек орыс тілінде көріп келген еді. Қор қа­зірге дейін 27 картинаны қазақ тілінде дубляждап, көрермен назарына ұсынған. Олардың арасында «Жаңа Өрмекші адам», «Тачки 2», «Шақылдақ және төрт ханшайым», «Коконың құ­пиясы», «Галактика сақшы­ла­ры», «Моана» сияқты әлем кө­рерменін тәнті еткен туындылар бар. Әрине, қор денсаулығы әлсіз балақайларды ешқашан тізімнен шығарған емес. Тіпті, кино саласында да бұл жағдай қатаң ескерілген. Былтыр жел­тоқсан айында Disney компа­ниясының қолдауымен Қазақ­стандағы алғашқы инклюзивті кинозал Chaplin ADK кино­театрында ашылды. Инклюзивті кинозалдың ерекшелігі сол – ол аутизммен ауыратын балаларға арналған. Фильм көрсетіліп жат­қан кезде көрерменге қолай­сыздық тудырмас үшін залдағы жарық пен дыбыс деңгейі бә­сеңдетіледі. Сонымен қатар зал­да сенсорлық зона да қарас­ты­рылған. Яғни, жұмсақ крес­ло­лар мен төсеніштер көрер­мен­ге ыңғайлы болу үшін жасалған. Тиісінше, бұл арнайы залдағы көрермен кез келген уақытта сыртқа шығып, демала алады.
«Әр бала мектепке лайық» жобасы 2015 жылы бастау алған және күні бүгінге дейін сәтті жалғасын табуда. Жобаның мақсаты – аутизммен ауыратын балалар үшін мектеп және мек­тепке дейінгі білім меке­ме­ле­рінде білім берудің инклюзивті моделін қалыптастыру. Жоба аясында денсаулық сақтау және білім саласындағы білікті ма­мандарды қатыстыру көзделген.
– Қазір Қазақстанның 10 қа­ласында 20 инклюзивті каби­нет жұмыс істейді. «Әр бала мек­тепке лайық» жобасы бо­йынша аутизмге шалдыққан ба­лаларға ерекше назар ауда­рамыз. Біз балалардың үйден оқу шеңберінен шығып, өзі қатар құрбыларымен бірге мектепте білім алуына көмек береміз. Бұл ретте партияның «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында білім басқармаларымен серік­тестік орнатылып, мамандардың толық бір тобы жасақталған. Инклюзия – бұл баланың әрда­йым қозғалыста, процесте еке­нін білдіреді. Бала үнемі қоғам­ның бір бөлшегі ретінде болуы керек. Ең бастысы – осы. Мек­тепке бару, киноға бару, дүкен­нен қалаған затын алу, бұл – баланың құқығы. Солай ғана олар қоғамды сезіне алады. Біз осы құқықты мейлінше қамта­ма­сыз етуге тырысамыз. Әрине, бұл ретте ата-аналар да басты рөл­ге ие, – дейді Динара Чайжу­нусова.
Қордың игі бастамаларының бірі – Саяхат гранттары. Бұл жобаның мақсаты – атақты ­бай­­қауларға, интеллектуалдық олимпиадалар мен спорттық са­йыстарға қатысуға мате­риал­дық мүмкіндігі жетпейтін та­ланттарға қолдау білдіру. Бұл жоба аясында қазір мектеп ­оқу­шылары, балалар үйі мен ­ин­тернаттардың түлектері ке­ңі­нен қамтылып жатыр. Солар­дың бірі – сөйлеу және есту қа­білеті нашар жігіттерден құ­рал­ған қарағандылық футбол ко­ман­дасы. Бұдан бөлек «Бо­ла­шақ» қоры қысқы қайы­рым­ды­лық бал жобасы арқылы да көп­шілікке кеңінен танылды. Осынау әдемі кештің астарын­да әлеумет пен руханияттың аса маңызды мәсе­лесі бар дейді қор басшысы.
– Бал – әдемі сарайда өтетін әдемі іс-шара ғана емес, бұл – өзіміздің әлеуметтік бағдар­ламаларымыз, қолға алған ша­руалар туралы жария ететін мүмкіндігіміз. Осы жерде не ор­ындалды, алдағы жоспар қан­дай бәріне тоқталамыз. Балда жиналған барлық қаражат ба­лалардың қажеті үшін жұм­салады, – дейді қор директоры.
Бір мақаланың өн бойында корпоративтік қор бастаған шаруаларды түгел тізіп, олардың шапағаты кімдерді қамтығанын айтып шығу мүмкін де емес. Ең бастысы – қоғамда осындай қордың бар екені және олардың адамдар игілігі үшін ерен еңбек етіп жатқанын ел есіне салып қою. Адамзат әлемі осындай қайырымды жандар тобымен мейірімге толады. Ал әлемді бір құтқарса мейірім құтқарары – дәлелденген ақиқат.
«Болашақ» қоры туралы «Вместе» телевизиялық дерек­ті фильмін 23 ақпан күні сағат 20.45-те «Астана» телеарнасы­нан көріңіздер.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: