Ана мен баланы қорғау – стратегиялық басымдық

462
0
Бөлісу:

Елбасының тапсырмасы бойынша ақпан айының басында Үкімет жанынан азаматтардың табысын арттыру және өмір сапасын жақсарту, соның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы алдына екі ай мерзімде нақты тетіктер әзірлеу және азаматтардың аталған санатының проблемалық мәселелерін шешу үшін бюджеттен қосымша резервтер табу міндеті қойылды. Топ құрамына министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың, «Нұр Отан» партиясының, бейінді үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдері, сарапшылар тартылған. 

Биылғы ақпанда елордада 5 ба­ланың өмірін қиған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді, ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұл барлығымызға ащы сабақ болды және осындай қайғылы оқиғалар қайталанбауы үшін қолдан кел­геннің барлығын жасау қажетін көрсетті.
Қоғамды және әлеуметтік же­лілерді кернеген торығушылық, аяу­шылық және пікірталас толқы­нының орнын енді бірте-бірте, болған жағдайды сабырлы түрде ақылға салу және себептерінің байыбына бару басуда. Бастысы, туындаған түйткілдердің түйінін пәрменді тарқатуға деген ерік-жігер бар. Балалардың қазасынан кейін ашылған проблемалардың бірі көпбалалы отбасыларды мем­лекеттік қолдауға және балаларды қорғауға қатысты болып отыр.
Атап өту керек, көпбалалы бо­лу феномені сарабдал мемлекеттік саясаттың арқасында, әсіресе, ке­йінгі 10-15 жыл ішінде өркен жа­йып жатыр. 1997 жылы «Қа­зақ­стан – 2030» стратегиясын жа­рия­лаған Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде көпбалалы отбасыларды қолдауға, ана мен баланы қорғауға бағыт­талған қуатты демографиялық саясат қажетін мәлімдеді.
Мемлекеттік қолдаудың те­геурінді шаралары нәтижесінде 2000 жылдары Қазақстандағы бала туу көрсеткіші 1,5 есеге өсті, ал жекелеген жылдары бірқатар өңі­ріміз бүкіл Орталық Азия елде­ріндегі ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Бұл ретте Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда және басқа да облыстардың сол жылдардағы статистикасына үңіл­сек жеткілікті. Аналар мен сәбилер өлім-жітімі 3 есеге дерлік қыс­қар­ды. Анемия, туберкулез және басқа да әлеуметтік мәні бар аурулардың таралуы еселеп азайды.
«Қазақстан–2050» стратегия­сында Елбасы ұзақмерзімді ке­лешектегі мемлекеттің әлеуметтік саясатының аса маңызды бөлігі ретінде ана мен баланы мемле­кет­тік қолдаудың айрықша маңызын кезекті рет атап өтті: «Әйелдер – отбасының, демек мемлекеттің тірегі». Қазақстан Президенті елі­міздің басты бағдарламалық құ­жатында дамудың осындай ұстын, константасын белгіледі. Халықтың басын көбейту, біріктіру, нағыз әлеуметтік мемлекетті құру саяса­ты – Мемлекет басшысының стра­тегиялық бағытына тән ерек­ше­лік­тердің бірі.
Мәселенің практикалық қы­рына тоқталсақ, он жылдан астам уақыт үдерінде Қазақстанда көп­балалы аналарға мемлекеттік қол­дау шараларының тұтас топтамасы ұсынылып келеді. Оған бала тууға байланысты бірнеше жәрдемақы кіреді. Атап айтқанда:
• бала туған кезде 38 АЕК және 63 АЕК (төртінші және одан ке­йінгі балаларға) көлемінде бекі­тіл­ген бір реттік жәрдемақы;
• бірінші бала үшін 5,76 АЕК-тен төртінші бала үшін 8,9 АЕК-ке де­йінгі мөлшердегі бала 1 жасқа тол­ғанға дейiн оның күтiмiне тө­ле­нетiн ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы;
• жұмыс істейтін аналарға соң­ғы 24 айдағы ай сайынғы та­бы­сы­ның 40%-ы көлемінде 1 жасқа де­йін­гі бала күтіміне төленетін ай са­йынғы әлеуметтік жәрдемақы (28 284 теңгеден бастап және 113 140 теңгеден аспайтын мөлшерде);
• босануға және бала күтіміне байланысты табысының негізгі көзінен айырылғаны үшін 4,2 коэффициентімен, ал екінші және одан кейінгі балаларға 4,7 коэф­фициентімен соңғы 12 айдағы ор­таша айлық табысы мөлше­рін­дегі бір реттік материалдық көмек.
Жұмыс істемеген әйелдерге мем­лекет бір рет әлеуметтік кө­мектің белгілі бір сомасын – жәр­демақыны төлейді. Бұған қоса, оларға перзентінің өмірінің бірін­ші жылында ай сайын бір рет берілетін төлемдер тағайындалады.
Сондай-ақ қолданыстағы заң­намада көпбалалы аналарға бір­қатар әлеуметтік төлемдер мен жәр­демақылар (ай сайын 6,4 АЕК), халықтың әлеуметтік осал топта­рына атаулы әлеуметтік көмек қа­рас­тырылған. «Жалпы оқу қо­рының» есебінен мектеп форма­сымен, ыстық тамақпен және оқу­лықтармен қамтамасыз ету бө­лігінде көпбалалы және аз қам­тылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау шаралары көрсетіледі. Аталған санаттағы шәкірттерге ЖОО-ға түсу кезінде жеңілдіктер беріледі. Жергілікті атқарушы органдар қоғамдық кө­лікте жүру кезінде, баспана жәр­демақылары және басқалары бо­йынша қосымша қолдау шара­ла­рын қабылдайды.
Әйткенмен, соңғы жылдар үде­рінде қолданыста болған мем­ле­кеттік қолдау шараларын Үкімет жанындағы жұмыс тобының қайта қарауға және әлеуметтік-эконо­ми­калық өзгерістерді (валюта баға­мының құбылуы, инфляция және т.б.) ескере отырып, ұлғайту жа­ғы­на қарай түзетуге тиісі айдан анық.
Сонымен қатар көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесіне кірмеген немесе бұған дейін әлсіз қолданылған құралдар да жұмыс тобының қарау ныса­нына айналуға тиіс.
Бірінші кезекте бұл – тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері. Көпбалалы отбасылардың, әсі­ресе, ауылдан қоныс аударған­дардың үлкен бөлігі аз бейімделген баспаналарда – уақытша үйлерде, саяжайларда, тіпті «вагоншаларда» және басқаларында тұрып жатыр. Табыстың төмендігі, жағдайдың кел­меуі, ақпараттың жетіспеуі олар­ға мемлекеттік тұрғын үй бағ­дарламаларына қатысуға мүмкін­дік бермейді.
Мемлекеттік бағдарлама­лар­дың өздері шағын көлемді арзан баспананы – отбасылық, жұмыс­шылар жатақханаларын және басқаларын салуды қарастыр­майды. Ал оларға деген қажеттік айқын байқалады. Салдарынан, тұрғын үйдің бұл сегментін нарық бейберекет толтырып жатыр. Жеке салушылар лашық тәрізді «уа­қыт­ша үйлерді» және соларға ұқсас, көбіне өмір сүру қауіпсіздігінің қарапайым нормаларына да жауап бермейтін баспаналарды тұрғызып жатыр. Ендеше тұрғын үй құры­лысының мемлекеттік бағдарла­ма­ларына түзетулер енгізіліп, на­рық­тың осы бейберекет саласын жөнге салған, тәртіпке келтірген жөн.
«7 – 20 – 25» бағдарламасы бо­йынша баспана иеленетін 7 және одан көп баласы бар отбасылар үшін бастапқы жарнаны толық субсидиялау – қолдаудың бір түрі бола алады.
Сонымен бірге, «7 – 20 – 25» бағдарламасын бастапқы жарнаны жинақтағанға дейін баспананы ипо­текалық арендаға беру те­ті­гімен толықтыруға болады. Бас­тапқы жарнаны төлеуге қаржысы жоқ көпбалалы отбасылардың көбі үшін бұл баспана мәселесін ше­шудің жақсы мүмкіндігіне айна­лады. Ипотекалық аренада «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде сынақтан өтті және оны күні бүгінге дейін бірқатар банктер ипотекалық несиелендірудің төл бағдарламаларында пайдаланады.
Солтүстік Қазақстан облы­сында 2010-2012 жылдар аралы­ғында жүзеге асырылған «Ұрпақ­тар қоры» (Фонд поколений)
көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламасының тәжірибесі де зерделеуге лайық. Ол төрт және одан көп бөбекті дүниеге әкелген отбасылардағы әрбір балаға, дербес депозиттік есепшоттарына 160 АЕК көлемінде төлем төлеуді қарастырды. Бұл бағдарлама бала асырап алушыларға да таралды. Жыл сайын толықтырылған және 10% сыйақы ставкасы төленген жағдайда, бұл сома әр бала кәмелет жасқа жеткенде, 10 мың доллардан асуы мүмкін. Бұл қаражат – оқу ақысын төлеу, отбасы құру, тұрғын үйдің бастапқы жарнасын енгізу үшін алғашқы жақсы сома.
Бағдарлама оң нәтижелер бер­ді: бала туу бойынша өңірлердің рейтингінде СҚО 2012 жылға қарай төрт тұғырға биік көтерілді. Ал бұған дейінгі 20 жыл бойы облыс тек көш соңында келе жатқан болатын. Салыстыруға келетін көрсеткіштер бойынша «Ұрпақтар қоры» бағдарламасы Ресейдегі аналық капиталға қара­ғанда, әлдеқайда үлкен тиімдігі мен үнемдігін паш етті.
Экономикалық есептемелер көрсеткендей, «Ұрпақтар қоры» бағдарламасын республикалық деңгейде жүзеге асыру халықтың әрбір қосымша 1 миллион адамға өсуі үшін 600 миллион АҚШ долларынан аспайтын көлемдегі қаражатты қажет етпек.
Оның үстіне депозиттік жи­нақтар экономикаға инфляциялық қысым жасамайды, себебі қаржы бала кәмелеттік жасқа толғанша банкте сақталады. Олай болса, не­сие­лендіру үшін қосымша ресурс қызметін атқаратын болады.
Экономиканың әртүрлі сек­тор­ларын несиелендіруге, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерді қол­дауға жыл сайын бюджеттен бө­лінетін қаражат көлемін ескерсек, бұл сандар солармен шамалас.
Алдағы онжылдықта ана мен баланы қолдау басты басымдық­тардың бірі болып қала бермек. Тиісті бағыт партияның 2030 жыл­ға дейінгі даму бағдарламасында белгіленген. «Нұр Отан» Үкіметпен және азаматтық қоғаммен аталған бағыттағы өзара іс-қимылды жолға қоюға қазірден күш салып жатыр. 2019 жылдың ақпанында Балалар құқықтарын қорғау кеңесі құрыл­ды. Бірың­ғай әлеуметтік терезе жұмысы іске қо­сыл­ды. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы жаңа редакцияда басталды. Жобаны жүзеге асыру бірқатар шараны көздейді, оның ішінде аула-ауланы аралау, мониторингтің әлеуметтік карта­сын түзу және басқалары бар.
Әрине, көпбалалы отбасы­лар­дың проблемалары тек қана ма­териалдық сипаттағы мәселелер­мен шектелмейді. Ата-ананың жауапкершілігіне, ата-аналардың отбасылық өмірге дайындығына байланысты да көптеген мәселелер өрбиді. Қолжетімді кредиттер­мен қамтамасыз етуге, әсіресе, ауыл­да жұмыспен қамтуға қатысты ­макро­экономикалық тұрғыдағы аспек­тілер де бар.
Бұл мәселелердің барлығын еш дүрбелеңсіз, конструктивті диалог аясында, бірлескен ізденіс пен жұмыс арқылы шешуге болаты­нына және солай шешу қажетіне сенімдімін. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар.

Фархад ҚУАНҒАНОВ,
«Нұр Отан» партиясының хатшысы

Бөлісу: