МҮГЕДЕКТЕРДІ ЕҢ КӨП ЖҰМЫС ОРНЫМЕН ҚАМТЫҒАН МЕКЕМЕНІ БІЛЕСІЗ БЕ?

206
0
Бөлісу:

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі мүгедек азаматтарды ең көп жұмыспен қамтыған мекеме болып отыр. Корпорацияда бүгіндері мүмкіндігі шектеулі 600-ден астам адам дені сау азаматтармен бір қатарда еңбек етіп жүр.
Солардың бірі – Индонезияда өткен Азия пара ойындарының жүзуден 2 дүркін жеңімпазы, биылғы «100 жаңа есім» жобасында да жеңіске жеткен Ержан Сәлімгереев. Ол корпорацияға былтыр жұмысқа орналасты. Тоғыз жасында трансформатор будкасына тоққа түсіп, бір аяғы мен қолынан айырылған Ержан қайсар мінезінің арқасында қиындықтарды еңсеріп, спортты серік етті. «Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қиындықтарға төтеп беріп, мақсат қойып соларға жету – басты міндетім. Осы жігерлі мінезіммен мемлекеттік корпорацияның дамуына да өз үлесімді қосқым келеді», – деді Ержан Сәлімгереев корпорация өткізген Town hall форматындағы кездесуде.
Осы тұста айта кетер жайт, Town hall – Еуропада қала басшылығы мен тұрғындарының бейресми түрде шаһар тынысы мен өмір салтын талқылайтын жиын түрі. Бұл форматты корпорация қызметкерлердің корпоративті рухын қалыптастырып, қарым-қатынасын жақсартуға пайдалана бастады. Мемлекеттік корпорацияның алғаш рет өкізген «галстуксыз» отырысына жиналғандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтып, мемлекеттік қызметті сапалы көрсету жолдарын еркін түрде талқылады.
Азаматтарға арналған үкіметтің мүгедек жандарға қолдау көрсетіп, дені сау азаматтармен бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі адами ресурстарды бағалайтынын көрсетеді десек, қателеспейміз.

Тұмар МЫРЗА

Бөлісу: