Жемқорды жұмысқа қабылдағаны үшін айыппұл төледі

2027
0
Бөлісу:

Қарағандыда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша әкімшілік практиканың нәтижелерін талқылаған брифинг өтті. Оған Агенттіктің  облыстық департамент басшысының орынбасары Т.Б. Медет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу  басқармасының басшысы Хусаинов Б.С. және «Сарыарқа-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы М.М. Кусенбаеваның қатысты.

«2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегияда» сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жандандыруға баса назар аударылған. Осы орайда, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган үшін қылмыстық қудалау емес, сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептері мен мақсатын айқындау және оны жоюға бағытталған шараларды өткізуге басымдық беріліп отыр. Осыған орай, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға бірнеше баптар бойынша әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілді.

Олар:

676 – бап – жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi;

677-бап – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуы;

678-бап – заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi;

679-бап – мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының заңсыз кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы және заңсыз кiрiстер алуы;

680-бап – мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы;

681-бап – бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау.

Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінен түскен материалдар негізінде жыл басынан бастап аталмыш Кодекстің екі бабы, яғни, 676 және 681 баптар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Атап айтқанда, Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты аудандық басқармаларының қызметшілеріне заңсыз ақшалай сыйақы ұсынғаны үшін облысымыздың екі азаматы Кодекстің 676-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталмыш фактілердің бірінде жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және сату бөлімшесін ашу рәсімі туралы берілген кеңес үшін алғыс ретінде ақша ұсынса, екіншісінде, патентті тіркеу және жеке тасымалдау бойынша бизнес ашу туралы кеңес бергені үшін ақшалай заңсыз сыйақы берген.
Мемлекеттік қызметшілерге заңсыз сыйақы ұсынғаны үшін екі азаматқа жалпы көлемі 589 200 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жүргізген талдау нәтижесінде Шет ауданының бір мекемесінің басшысы, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін Кодекстің
681-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 126 250 теңге көлемінде айыппұл төледі.
Осындай құқық бұзушылықтарды мемлекеттік қызметшілер хабарлаған. Бұл Департаменттің аймақтың мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізгенінің жемісі деуге болады.

Ләззат Қожахметова
Қарағанды облысы

Бөлісу: