Елбасы жаңа Үкіметке не жүктеді?

340
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев парламентшілердің келісімімен, жаңа Үкіметтің құрамын жасақтады. Бұл – тәуелсіз еліміздің тарихындағы он бірінші Үкімет болып отыр. Бұл ретте Елбасы Үкімет жетекшісінің кандидатурасын алдымен Мәжіліс бюросы отырысының қарауына шығарды.

Мәжіліс бюросының құрамына палата төрағасы мен оның орынбасарлары, тұрақты комитет төрағалары, сондай-ақ саяси партия фракцияларының жетек­шілері кіретіні мәлім.
Оларға қайырылған ел Президенті мем­лекеттің стратегиялық бағдарламала­рын одан ары тиімді жүзеге асырудың маңыз­ына назар аударта келе, Қа­зақстанның Премьер-министрі лауа­зы­мына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды.
– Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздермен жаңа Премьер Асқар Маминнің кандидатурасын талқылауға ниеттімін. Оның қажетті тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері ме­німен бірге жұмыс істеп келеді. Қала әкімі, көлік министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетек­ші­лігімен, әсіресе инфрақұрылымды да­мыту саласында көп жұмыс атқарыл­ды, – деді Елбасы.
Н.Назарбаев А.Маминнің интеграция­лық бірлестіктер жұмысына және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсенді атса­лысқанын айтты. Демек, ол елге шетелдік инвестицияларды тарту, сонымен қатар әлемдік және аймақтық деңгейде мемле­кеттік мүддені ілгерілету ісінде тәжірибелі тұлға.
– Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға қарай жылдам қозғалуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Парламент Мәжі­лі­сін­дегі саяси партия фракция жетекшілері мен комитет төрағалары Қазақстанның Үкі­мет басшысы лауазымына ұсынған Асқар Маминнің кандидатурасын қол­дады.
Осыдан кейін кандидатураны талқылау Мәжілістің барлық депутаты шақырыл­ған жалпы отырысқа шығарылды.
Қазақстан Президенті қалаулыларға қайырылып, бұрынғы Үкіметтің жаһандық дамудың күрделі жағдайына қарамастан экономиканың өсімін сақтауға күш салға­нын атап өтті және бұрынғы Үкімет мүше­ле­ріне атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірді.
– Премьер Бақытжан Сағынтаев ту­ралы арнайы айтқым келеді. Ол бұған дейін Павлодар облысының әкімі, эконо­мика министрі, вице-премьер, бірінші вице-премьер лауазымдарын лайықты атқарып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Бақытжан Сағынтаев – адал әрі тәжірибелі азамат. Ол басқа да салаларда қызмет ете алады. Бірақ жекелеген министрліктердің, әсіресе әлеуметтік саладағы ведомстволар­дың жұмысындағы олқылық бүкіл Үкі­мет­тің отставкаға кетуіне әкеп соқтырды, – деді Елбасы.
Осыдан кейін жаңа Үкіметке не жүк­те­летіні пайымдалды. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық аренадағы тұрақсыздық пен санкциялық текетірес еліміздің әл-ауқатын нығайту үшін тың шара мен шешім қабыл­дауды талап ететінін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жүр­гі­зілген саяси жаңғырудың нәтижелеріне тоқталып, оның аясында билік тармақтары арасында өкілеттіктердің қайта бөлінгенін еске салды. Үкімет өзіне берілген мол құ­зы­ретті ел игілігі үшін орайымен пайда­лана алғаны абзал.
– Үкімет өзіне қажетті құзыреттің бә­рін алды. Енді халық алдындағы міндет­терін мінсіз атқарып, қызметі үшін жауап­ты болуға тиіс. Мұндай жауапкершілік өңірлердегі әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың тиімділігіне тікелей жауап беретін түрлі деңгейдегі әкімдерге де жүктеледі. Олар тұрғындардың арыз-шағымдарына жедел ден қойып, ең бас­тысы, тиісті шара қабылдаулары тиіс, – деп нықтады ел Президенті.
Елбасы Парламенттің әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру ісіндегі рөліне жеке тоқталды.
– Әңгіме заң жобаларын сапалы әзір­леу ғана емес, сондай-ақ маңызды мем­ле­кеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру жөнінде болып отыр. Бұл парла­мент­тік мониторингті тұрақты жүргізу, үкі­меттік емес сектордың қатысуымен диа­лог алаңдарын құру, халыққа қабыл­да­нып жатқан мемлекеттік, соның ішінде заң­намалық шаралардың мәнін түсіндіру мәсе­лелеріне де қатысты, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы жаңа Үкіметтің мемлекеттік бағдарламаларды одан ары жүзеге асыруға, құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформаларды аяғына дейін жеткізуге, тұрғындардың проблемаларын нақты шешуге тиіс екенін қадап айтты.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті Конституцияның 44-бабына сәйкес, Премьер-министр лауазымына тағайын­дауға келісім беру үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.
– Ол жұмыс істеген жылдары өзіне сеніп тапсырылған қызметте нақты нәти­желерге қол жеткізді. Асқар Ұзақбайұлы өзін тәжірибелі менеджер ретінде көрсетті. Жаңа Үкіметтің тиімді жұмысын қамта­масыз ету үшін Асқар Маминнің канди­датурасын лайықты деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Үкімет басшысы лауазымына Асқар Мамин­­нің кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді Қазақстанның Премьер-министрі лауа­зы­мына тағайындау туралы тиісті Жарлыққа осы жалпы отырыс барысында қол қойды.
Сөз соңында Елбасы әлеуметтік саяса­тымыздың негізгі басымдықтарын тілге тиек етіп, индустриялық бағдарламаны орындау барысында отандық өндірісті дамыту қажеттігіне назар аударды.
Осы күні ел Президенті Үкіметтің құ­ры­лымын өзгертетін «Қазақстанның мем­лекеттік басқару жүйесін одан ары жетіл­діру жөніндегі шаралар туралы» Жарлы­ғына да қол қойды. Оған сәйкес, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі таратылды. Оның «ақпарат саласындағы функциялары мен өкілеттіктері» Қоғамдық даму министрлігіне берілді де, тиісінше, бұл ведомство Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болып қайта құрылды.
Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрлігінің «байланыс, ақпараттандыру, «электрондық үкімет», мемлекеттік қыз­меттерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту саласындағы функция­лары мен өкілеттіктері» Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тапсырылды. Нәтижесінде, құрамы то­лыққан бұл орган «Цифрлық даму, қор­ғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­лігі» болып қайта ұйым­дастырылды.
Сарапшылардың айтуынша, ауыс-түйіс нәтижесінде Үкімет құрамы елеулі түрде, кейбір дерек бойынша 70 пайызға дейін жаңарған. Атап айтқанда, Үкімет басшысы және оның барлық орынбасары ауысты. Сондай-ақ он бес министрдің сегізі өзгерді. Лауазымдарын сақтап қалған ІІМ, СІМ, Қорғаныс, Қаржы министрліктерінің басшылары бертінде ғана тағайындалғаны мәлім. Вице-премьердің және тәжірибелі министрдің келуі нәтижесінде Үкіметтің әлеуметтік қанаты күшейтіліп отыр. Жаңа Үкімет құрамы жас тұрғысынан да тең­герімді саналады: онда жас та, тәжірибелі де министрлер бар.

Елдос Сенбай

Бөлісу: