Саяси кеңес отырысы өтті

398
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен партия Саяси кеңесінің отырысы өтті. Оған Саяси кеңес мүшелері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, атқарушы мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, кәсіпкерлер, дәрігерлер, білім, мәдениет, спорт саласының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және тағы басқалар қатысты.

Сондай-ақ отырысқа партияның кезекті XVIII Съезінің делегаттары да шақырылды. Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен барша қатысушыларды «Нұр Отанның» 20 жылдығымен құттықтады. Осы мерейлі датаға орайластырылған партияның кезекті XVIII Съезінің маңызына тоқталған ол аталған жиында «Нұр Отанның» жаңа бағыт-бағдары айқындалып, маңызды мәселелер талқыланатынын тілге тиек етті. Саяси кеңестің отырысында қаралған негізгі мәселелердің бірі «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарлама жобасын талқылау болды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бағдарламаның негізінен әлеуметтік сипатқа ие екеніне назар аударды. – Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы дайындалды. Бұл құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы көрсетілген. Бағдарлама жобасы бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның аумақтық және аймақтық филиалдарының конференцияларында кеңінен талқыланды. Нәтижесінде құжат әлеуметтік сипатқа ие болып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталды, – деді Мәулен Әшімбаев. Отырыс барысында Бағдарламаның негізгі бағыттары бойынша партия Хатшысы Илья Теренченко жан-жақты баяндап берді. Одан бөлек, Саяси кеңестің мүшелері: М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков, Павлодар облыстық перинаталды орталығының бас дәрігері Айман Оспанова және «Агрофирма «Родина» ЖШС-ның директоры Иван Сауэр сөз сөйлеп, жаңа Бағдарламаның басымдықтары жайында айтты. Талқылау нәтижесінде Саяси кеңес мүшелері Бағдарлама жобасын мақұлдап, оны «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII Съезінің қарауына ұсыну туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар ертеңгі Съезде партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу және Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есептік кезеңдегі жұмысын қорытындылау сияқты мәселелер де талқыланады деп күтілуде. Соған байланысты Саяси кеңестің отырысында аталған мәселелер де назарға алынып, талқыға салынды. Сондай-ақ Съезде өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелерін сайлау мәселесі де қаралмақ. Бүгінгі отырыста Саяси кеңес мүшелері бұл мәселеге де көңіл бөлді. Одан бөлек, отырыста кезекті XVIII Съездің жұмыс органдары – Мандаттық, Есептік, Редакциялық комиссиялардың және Съезд Хатшылығының жеке құрамдары қаралып, ұсынылды. Жиын соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары ертеңгі Съездің партия үшін маңызы зор екеніне тағы бір назар аударды. – Өздеріңіз көріп отырғандай, Съездің қарауына партиямыздың әрі қарай дамуына үлкен әсер ететін маңызды мәселелер ұсынылып отыр. Съезд жұмысына Елбасы, партия Төрағасының қатысуы да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Съездің ел дамуына да тигізер әсері мол деуге толық негіз бар, – деді Мәулен Әшімбаев.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: