Кәсіподаққа артар үмітіміз көп

910
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы кәсіподақтар еңбек қатынастарын реттеуде және еңбеккерлер мен жұмыс берушілер ара­сын­да сындарлы диалог орнатуда маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын. Ал сындарлы диалог еңбек нарығында жұмыс беруші мен жұмыс­шы­ның ара­сын­да еңбек қаты­нас­та­рын реттейтін екіжақты келісімшарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжымдық шарт болған жағдайда орнайтыны мәлім.
Барлық іс-әрекет заң шеңберін­де және ашық болуы тиіс. Алайда сол ұжымдық шарт арқылы еңбек адамының еңбек ету құқығы ретте­ліп отыратынын ескермейтіндер де жоқ емес.
Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіп­одақ ұйымдарына деген көзқарас та, пікір де өзгере бастаған. Өйткені ұйым жұмысына енгізіліп жатқан жаңалық көп. Жасыратыны жоқ, кәсіподақты әлі күнге дейін өзі және отбасы мүшелері үшін шипа­жайлар мен демалыс үйлеріне, лагерьлерге жолдама беретін ұйым ретінде қабылдайтындар баршы­лық. Сөйте тұра, кәсіпорындардағы қандай да бір даулы немесе әлеу­меттік мәселелерді шешуде кәсіп­одақтан белсенділікті талап етеді.
Кәсіподақтар қызметін жаң­ғыр­туда алға қойылатын міндет пен мақсат көп. Оны жүзеге асыруда еліміздің Кәсіподақтар федера­циясының 2018-2019 жыл­дарға арналған жаңғыру жол картасы қабылданып, тиісті іс-шаралар атқарылуда.
Кәсіподақтар федерациясы республикамыздағы ең саны көп ұйым саналатыны да көп жайтты аңғартады. Айталық, «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлес­тігінің бастамасымен 80 мыңнан астам мүшесі бар 1 салалық, 10 облыстық филиал және 3 жергілікті кәсіподақ қызмет етеді. Бірлес­тіктің негізгі қызметі – өңір жұмыс­шыларының еңбек құқығын, әлеуметтік-экономикалық және кәсіби құқықтарын қорғау, жұмыс берушілермен өзара тиімді әлеу­меттік ынтымақтастықты ұйым­дастыру, облыс көлеміндегі барлық кәсіподақ ұйымдарын біріктіру және үйлестіру, кәсіподақтармен ынтымақтастық пен тәртіпті нығайту, мемлекеттік органдарда, жұмыс берушілер және олардың бірлес­тіктерінде және соттарда өкіл­дік етіп, жұмыскерлердің құқық­тары мен мүдделерін қорғау.
Атырау облысы кәсіподақтар орталығы Атырау облысы әкім­дігімен, Мемлекеттік еңбек инс­пек­циясы және Жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен, Атырау облысы кәсіпкерлер пала­та­сы, облыстық сот және басқа да мемлекеттік органдармен, «Нұр Отан» партиясымен өзара байла­ныста әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша жұмыс істейді.
Қазіргі таңда облыстық Кәсіп­одақтар бірлестігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз байланыста. Жеке немесе ұжымдық еңбек дауларына мониторинг өткізіп кәсіподақтық тәуекел картасын жасақтап, алдағы уақытта еңбек дауларын болдырмасқа арналған ұсыныстарымызды қарау үшін облыстық үшжақты комис­сия­сына ұсынамыз.
Атырау облысында еңбек дауларын шешу мақсатында облыстық сотпен бірлесе отырып, кәсіподақ үйінде Татуластыру орталығы ашылды.
Өткен жылы еңбек дауларының алдын алу мақсатында бірлестік жұмысшылармен, отызға жуық компанияның еңбек ұжымымен кездесу ұйым­дастырды. Соның нәтижесінде, сенім артып, «Алтиес Петролеум Интернешл» компания­сының 100 жұмыскері ұжымдық шағымымен кәсіподақтар көмегіне жүгінді. Шағым мазмұны – еңбекақы мөл­шерін көтеру, зиянды жұмыс үшін қосымша ақы төленбеуі және тағы да басқа мәселелер. Жедел түрде жұмыс берушімен кәсіп­одақ алаңында кездесу өткізіліп, соңы­нан жұмысшыларды бастап компа­ния­ның кеңсесінде кездесіп, кәсі­би келіссөздер жүргізу арқылы ұжым­дық еңбек дауының алды алынды. «ЮСС Супорт Сервисез» компаниясында 700-ге жуық жұмы­скер жалақы мөлшерін көте­ру мәселесімен Еңбек инспек­ция басқармасына және облыстық кәсіподаққа жүгініп, ұжымдық еңбек дауы әлі күнге дейін жал­ғасуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиналыста компания басшыларына еңбек дауларының алдын алу мақсатында тиісті меморандум жобасы ұсыны­лып, жұмыс берушімен талқы­лануда. Бүгінгі таңда 200-ге жуық жұмыскердің мүддесін қорғау мақсатында кәсіподақ тарапынан сотқа тиісті талап-арыз дайын­далуда.
Баршамызға мәлім, Теңіз, Қарабатан кең орындарында ком­паниялар ТШО мен НКОК ком­паниялары арасындағы мерді­гер­лік шарттардың мерзімі аяқ­талуына байланысты жұмыс­кер­лерін босатуды көздейді. Ал кейбір мердігерлер шарттың мер­зі­мі аяқ­талысымен жұмыс­кер­лерді босата отырып, жаңа қызмет­керлерді жұмысқа қабылдайды. Демек, «егер қызметкердің саны қысқарса, жаңа жұмысшы неге қабылданады?» деген орынды сұрақ туындайды. ТШО және НКОК компания­ларының мер­дігерлері қызмет­кер­лерді босату кезінде кәсіп­орын­ның бүкіл штат кестесін емес, тек контрактың бөлігіне қатысты штат кестесін ғана өзгертіп, жұмыс­шыларды заңсыз жұмыстан босату­ға жол береді. Осыған орай, жұмыс­керлер санын немесе штатын қысқарту шын мәнінде жүргізілген-жүргізіл­ме­гені, заңнамалық актілерде көздел­ген жұмыскерлерді босату тәрті­бінің сақталған-сақталмағаны, олардың орнына басқа адамдардың алынған-алынбағаны белгісіз болып қала береді. Бұл бағытта Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы кәсіп­одақ­тармен бірлесіп айтылған мәселені шешу жолдарын іздестіру қажет­ті­лігі туындап отыр.
Еңбек қауіпсіздігі бағытында кәсіподақтардың бастамасы бойын­ша облыстық үшжақты комиссиямен 2018-2020 жыл­дарға арналған еңбек қауіпсіз­дігі және еңбекті қорғау жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» өңірлік бағдар­ламасы мақұлданды. Аталған мәселе бойынша Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып 22 кәсіпорын­ның өндірістік кеңесінің жұмысы туралы комиссия отырысы өткі­зіліп, кеңес жұмысын алға қарай жандандыру жөнінде бағдар берілді.
Жалпы, өңірде 96 кәсіпорында өндірістік кеңес құрылып, жұмыс берушінің, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша талаптарды қамтамасыз ету, өндірістік жарақат­тану­ды және кәсіби аурулардың алдын алу, жұмыс орындарындағы жағдайларды және еңбекті қорғау­ды ұйымдастыруын тексеру бағы­тында 158 техникалық инспектор қызмет етіп, кәсіпорындарда еңбекті қорғау және еңбек қауіп­сіздігі бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­ма­лық мақаласында бәсекеге қабілет­ті­лік, прагматизм мен білімнің салтанат құруын дамытуға үлкен назар аударылды.
Бүгінде мамандықтардың құ­ры­­лымы күрделеніп, мәні өзгеріп жат­қа­­нын байқаймыз. Жұмыс беруші­лер бірінші орынға қызмет­керлер­дің білігі мен дағды­сына кө­ңіл бөледі. Себебі, адам тек бір са­­л­ада кәсіби жұмыс­шы ретінде таны­лу емес, қажетті жағдайда өзі­нің кәсіби қызмет саласын ауыс­ты­руға даяр болатын қызметкер іздейді.
Бәсекеге қабілетті еңбек ресур­сын қалыптастырудың басты шарты­ның бірі – еңбек және білім беру нарығының өзара іс-қимылы.
Ұлттық біліктілік жүйесін қалып­тастырудың жаңа кезеңі кадр­­лардың ұтқырлығы мен бәсе­кеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Өмір бойы оқу» қағидасы арқылы әр адам­ның жеке дамуына алып келеді.
Елбасының жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басым­ды­ғына айналдыру мақсатында
2019 жылды Жастар жылы жария­лағанын ескере отырып, кәсіп­одақ­тар Атырау қаласында Респуб­ли­к­алық жастар форумын өткізуге дайындық жұмыстарын ұйымдас­ты­руда.

Ізтұрған БАЙМҰХАНОВ,
Атырау аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы,
Облыстық мәслихат депутаты

Бөлісу: