Модрич: «Реалда» Роналдудың орнын ешкім баса алмайды

704
0
Бөлісу:

Мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Лука Модрич командадағы Криштиану Роналдудың орыны туралы өз ойын білдірді.

«Әрине, бізге Роналду жетіспей тұр. Ондай ойыншыны кез келген команда сағынады. Оны толыққанды ауыстыру мүмкін емес. «Ювентуске» ауысқан кезде клуб басқа футболшыларға тапсырма беріп, оның орнын басуды көздеді.

Деңгейімізді ұстап тұру үшін 10, 15, 20 гол соғатын ойыншылар қажет еді. Алайда ондай мықты ойыншы бізден табылмады. Бұл біздің осы маусымдағы басты проблемамыз. Әрине, бізде күшті футболшылар жетерлік. Бэйл, Асенсио, Бензема, Диас, Винисиус бар. Бірақ олардың барлығы жиналып діттеген мақсатты бағындыра алатын емес. Дегенмен түптің түбінде «Реал» өз биігіне қайта оралады» дейді хорватиялық футболшы.

Еске салсақ, Роналду былтыр жазда туриндік «Ювентус» сапына ауысып барған еді. Қазіргі таңда португалиялық шабуылшы 19 голмен бомбардирлер көшін бастап тұр. Сондай-ақ 8 голдық паспен ассистенттердің де алдында келе жатыр. Ал «Ювентус» 72 ұпаймен жеке-дара көш бастауда. Тек клубтың Чемпиондар лигасындағы ойыны ғана сәтсіз өрбуде. Өткен жолы олар 1/8 финалдың алғашқы ойынында мадридтік «Атлетикодан» 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

Ал мадридтік «Реалдың» биылғы маусымдағы ойын өрнегі жанкүйерлерінің көңілінен шыға алатын емес. Команда соңғы екі Эль-Классикода қатарынан жеңілді. Клуб 48 ұпаймен турнир кестесінің үшінші сатысында келе жатыр. Көш басында 60 ұпаймен «Барселона».

Ла Лигадағы сұрмергендер және нәтижелі пас шығарған үздіктер тізіміне әлі «Реалдың» бірде бір ойыншысы енбеген.

Бүгін түнгі сағат 01:50-де (Астана уақытымен) ЧЛ аясында «Реал» голландиялық «Аяксқа» қарсы қарымта матч өткізеді. Бірінші кездесу 2:1 есебімен «Реалдың» пайдасына аяқталған болатын.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: