Жас кәсіпкерлерге 1 млн теңгеден көмек беріледі

1995
0
Бөлісу:

ҚР Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыруда. Жоба барысында Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы қалаларының жастарына 1 млн теңге көмек көрсетіліп, 1 100 әлеуметтік-кәсіпкерлік жобалары қолдауға ие болмақ.

Жобаның мақсаты ‒ жастарды қоғам өміріне тарту, яғни әлеуметтің игілігі жолында қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту арқылы өмірлік маңызы бар дағдыларды қалыптастыру.
– Жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылған екі жыл ішінде 5508 жас азаматтар 1616 әлеуметтік жоба жасады. 2019 жылы жоба Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Алматы, Астана қалаларында іске асырылады. Аталған аймақтарда 3500 жас талапкерлер мен 1100-ге жуық әлеуметтік-кәсіпкерлік жобалар қаржыландырылады деп жоспарлануда. Әрбір грантқа 1 млн теңге бөлінеді деп көзделген, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсәриев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Гранттық конкурсқа қатысу үшін жастар өз идеяларын әлеуметтік жоба ретінде ұсынады. Әлеуметтік жоба деп отырғанымыз жастардың ұсынып отырған жұмысы жергілікті қоғамдастыққа пайдасын тигізетін жобалар. Жастар өз өтінімдерін 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында zhasproject.kz сайтына тіркей алады. 3 кезеңдік іріктеуден өткен соң, 1 миллион теңге грантқа ие болу мүмкіндіктері бар. Жобаға 14-29 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады. Ал грантқа ие болған жастар 6 ай бойы жергілікті халыққа тегін қызмет көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар өздерінің мүмкіндіктерін пайдалануға, өмірлік жаңа дағдыларды үйренуге, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, бастамалық идеялар мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығы болуы керек.
– Мысалы, жастар 3-5 адамнан бірігіп, жобаларын жүзеге асырады. Нәтижиесінде 6 ай бойы жасаған жұмыстарын тегін атқарады. Шағын тігін шеберханасын ашып, 6 ай бойы жасаған заттарының барлығын жергілікті қауымдастыққа тегін таратады. Ағылшын тілін үйрету курстары болса, 6 ай бойы ағылшын тілінен тегін үйретеді, – деді Жобаларды басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова.
Сондай-ақ, 6 айдан кейін олар жобаға алған барлық қажетті заттары мен құралдарын өз меншіктеріне қалдырып, кейін өз кәсіптерін ашуға мүмкіндіктері мол екенін де атап өтті.
Жобада жұмыс істемейтін, оқымайтын немесе табысы төмен қатысушыларға ерекше басымдық берілмек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға қатысу барысында жастар өмірлік дағдылар мен жобаларды басқару тәсілдерін үйренеді, сондай-ақ тәлімгерлерден қолдау алады.
Сонымен қатар, байқаудан сүрінбей өткен жастарға өз әлеуметтік жобалары үшін жоғары білімі бар жастарға 60 мың және орта білімі бар немесе колледж тәмамдағандарға 40 мың теңге көлемінде шәкіртақы берілмек.
Айта кетсек, бұл ‒ Жастар корпусын дамыту жобасының үшінші кезеңі. Жоба 2017 жылдан бастап, Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банкпен бірлесіп іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жоба 2020 жылға дейін іске асырылады және оның аясында 8500 қазақстандық жастар қамтылады деп болжанып отыр.

Бөлісу: