«Айгүл» ансамблінің 50 жылдығына арналған концерт

1244
0
Бөлісу:

11-наурыз күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақ эстрадасында тек қана қыздардан құралған алғашқы өнер ұжымы – «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына орай «Аңызға айналған «Айгүл» атты шығармашылық кеш өтеді. Бұл туралы университеттің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өтетін мерейтойлық кешке ансамблдің әр жылдардағы құрамы, есімі елге танымал өнер жұлдыздары мен мәдениет майталмандары қатысады деп күтілуде.

1969 жылғы 8-наурызда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының студенттерінен құралған өнер ұжымы 60-70-жылдары әлемнің көптеген мемлекеттеріне гастрольдік сапармен барып, ұлт мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты.

Әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиев, Марат Балтабаев жетекшілік жасаған ансамбль Ленин комсомолы сыйлығына ие болып, «Халықтың шығармашыл ұжымы» атағына ие болды және «Алло, біз таланттарды іздейміз» Бүкілодақтық телеарна байқауының лауреаты атанды.

70-ші жылдары «Айгүлдің» аруларының есімі Кеңес Одағына кеңінен таралды. Домбыра, қобыз, асатаяқ, шертерді бас, ритм, соло гитара сынды аспаптарға қосуымен ерекшеленген топ ГДР, Югославия, Польша, Франция, Жапония, Египет, Моңғолия сынды елдердің сахналарында өнер көрсетеді.
Ансамбль құрамында әр жылдары Галина Қарамолдаева, Сақыпжамал Ұзақбаева, Меңсұлу Жексембекова, Ақмарал Артықова, Зәуреш Әлібекова, Гүлзада Бехтеолова, Айгерім Дайырбаева, Қарлығаш Нұртазина, Роза Ерназарова-Алисова, Ұлжан Айнақұлова, Тамара Асар сынды өнерпаздар еңбек етті.

Қазіргі күнде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрамы қайта жаңартылып,  репертуары жаңа әндермен толықтырылды. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық дүние жасау – бүгінгі «айгүлдіктердің» басты мақсаты.  Жаңа құрам екі жыл ішінде қазақ, түрік, ағылшын тіліндегі жаңа әндерді репертуарына еңгізді. Университет ректоры Гаухар Алдамбергенова жарты ғасырлық тарихы бар ұжымға әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: