«Ностальгия» Оралды сағынғанда жазылған

875
0
Бөлісу:

Саида Халықова – пианинода еркін ойнайтын білікті музыкант. Италияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3 жыл білім алған. Музыка академигі атанған. Қазақстаннан басқа, Ресей, Италия сияқты елдерде 80-ге жуық концерт берген. Алғашқы концертін 4-сыныпта өткізген. Енді «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» еніп, мемлекеттік стипендияның лауреаты болды. Бала күнінде көзіне жасалған операция Саиданы қос жанарынан айырған. Сол кезден бастап жігері жасымаған ол, музыка әлеміне қызығып, классикалық бағыттағы шығармаларды орындай бастаған.

Өмірге деген құштарлық
– Саида, осы күні ауру түгіл, сау адамның өзі шаршап-шалды­ғып жүреді. Ұсақ-түйек нәрсеге бола көңіл күйі болмай, құлазып жүретіндер қаншама?! Өзіңіз күш-қайратты қайдан аласыз, шарша­майсыз ба?
– Әрине, шаршай­мын. Кейде тып-тыныш отырып қалғанда анам «Неге көңілсіз отырсың?» деп сұрайды. Ол көңіл күйімнің жоғынан емес, көбіне іштей өз-өзіме есеп беріп, сараптама жасап, ой талдауға кіріп кетемін. Ұлылар айтқандай, адамның арманы болуы керек. Ал арман-мақсатым көп. Басты­сы өмірге деген құштар­лық, музы­­ка­ға деген сүйіспеншілік мені қанат­тан­­дырады. Жақында Мемле­кеттік стипендияның лау­реаты атандым. Бибігүл Төлеге­нова, Ескендір Хасан­ғалиев, Әкім Тарази секілді 70-ке жуық елге беделді адамдармен қатар лауреат атану – үлкен құрмет.
– Бұған дейін Петер­бор, Флоренция, Астана секілді біраз қалада жеке концертіңіз өтті. Жалпы, орындап жүрген шығар­малардың өзіңізге қайсысы жақын?
– Ойнайтын әр шығармамды жүрегімнен өткіземін. Онда ав­тор не ойлады, не сезді, мұны жа­зу­ға не әсер етті деген секілді сұ­­рақтарға жауап іздеймін.
Нота – әліпби секілді, түрлі-түрлі көңіл күймен ойнауға болады. 2009 жылы Петерборда Шопеннің шығармасын орындап бергенмін. Сонда туған жерін, елін аңсап, сағынған екен. Ол әнді Польшада бастап, Францияда жүргенде жазып бітіріпті. Сол шығарманы Астанада ойнағанда кеудемде туған жерім Оралға деген сағыныш тұрды.

Саида шығарманы қалай жазады?
– Әр адам өзіне ұнайтын ісімен айналысқаны дұрыс дейміз. Сол сүйікті ісіңнің өзінде туғаннан талантты болу керек пе, әлде барлығы еңбекпен келе ме?
– Кішкентай кезімде «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деп ойлайтынмын. Қазір өзгер­ген – 50 пайыз талант, 50 па­йыз еңбек. Өйткені кейбір талант­ты жандар мүмкіндіктерін байқамайды. Енді бірі бар мүмкіндікті пайдаланады, бірақ дарыны болмаған соң еленбей жатады. Сондықтан да талант пен дарын қатар болуы керек.
– Жиырмадан астам шығарма­ның авторысыз. Солардың ішінде өміріңізге қатыстысы бар ма? Қандай да бір шығарма жазу үшін сізге не әсер етеді?
– Өнер адамы сезімтал бола­ды. Содан шығар, шығарма да көңіл күйіме байланысты жазы­ла­ды. Бірде түнгі сағат үште ойыма бір әуен келіп, тұрып жазғаным бар. Ол кезде Италияда едім. Мәселен, «Ностальгия» деген шығармам аяқастынан жазылды. Астанада алғашқы жеке концертім өткен соң, ерте­ңінде университетке жақсы көңіл күймен бардым. Тіпті біреулер «Демалмайсың ба, кеше ғана концертің болды ғой» деген еді. Кабинетке кіріп, терезені аштым, жаңбыр жауып тұр. Сол жаңбыр маған Оралдағы жаңбыр сияқты сезілді. Күн нөсерлі болса да шығар­мам жарқын шықты. Шетелден Оралға келгенімде, пойыздан түсе сала Оралдың ауасының иісі де өзгеше екенін түсіндім. Бұрын ол жақта тұр­ғанда оны байқамаған едім. Міне, туған жердің қасиеті осындай.

Өмірге қайтадан келуі
– Сіз туралы ақпараттарда көзіңізге отаны 4 жаста жаса­ған десе, енді бір жерде 9 жаста деп жазылған. Диагнозы­ңыз ми ісігі делінген. Осының қайсысы рас. Басқа отаны қай кезде жасады?
– Негізі, басқа операция туған күніме үш күн қалғанда жасалған еді. Ол кезде тоғызға келетін шағым. Сондықтан да көбіне «тоғыз жасымда» деп жүрдім. Ал диаг­но­зым ми ісігі емес, жай ғана ісік еді. Анамның айтуынша, отаны жасамауға болмады. Әйтпегенде менен айырылар еді.
– Операциядан кейін өміріңіз түбегейлі өзгерді. Аяқастынан көздің көрмей қалуы – қиын нәрсе. Осы қиындықты жеңуге кім көмектесті?
– Біріншіден, ата-анам мен нағашы әжем. Жансақтау бөлі­мінде он күндей жатып шыққанда дүниеге жаңа келгендей болдым. Алғашқы қадамымды жасағанда құлап кетемін деп ойладым. 4-қабатқа шығып-түсудің өзі оңай болған жоқ. Ол кезде наға­шы әжем жер үйде тұратын. «Ауылға кеттік, жүріп-тұруыңа да қолайлы» деп үйіне алып кетті. Сол жақта бір жылдай тұрдым. Ол үйде мектепке баратын үш бала бола­тын. Бәрі мектепке барып, өзім қалғаныма тұнжырағанымды байқаған болар. Содан маған көйлек алып, бәріміз әдеміленіп киініп, мектепке барғанбыз. Мектеп директоры «Төртінші балаңызды алып келдіңіз бе?» дегенге күлгенбіз. Сонда көңіл көтеріліп, сергіп қалсын деген ғой.

Саиданы мойындаған ел
– Нотаны қай кезде үйренді­ңіз?
– 1993 жылы қыр­күйек айын­да 8 жасымда музыкалық мек­теп­ке жазылдым. Нота үйреніп, саль­фед­жодан сабақ алып жүр­ген­мін. Қараша айында басымда ісік барын анықтады. Содан 2-3 ай үйде емделіп, ақпанда Мәс­кеуге кеттік. Ол жақта ота жасату үшін кезекті бір ай күтіп жаттық. Қайырымды жандар болады дегенге сенемін. Себебі, қонақ­үйде тұрып жатқанымда танысы­мыз­дың танысы бір бөл­ме­лі пәтеріне тегін тұрғызды. Содан жақсы араласып кеттік. Ол жақта телефон нөмірі өзгер­гендіктен арасында 2-3 жыл­дай қарым-қатынасымыз үзіліп қалған. Ақырында нө­мі­рін тауып, хабарластым. Қазір апамыз Наталья Николаев­на 92 жасқа келді. Хабар­лас­қанымды ұлына айтқанда «Неше жыл бойы сені іздегені мүмкін емес, өмірде ондай адам жоқ» деп сенбей қойған. 2016 жылы Мәс­кеу­ге барып, апамызбен кездесіп, бұрын түскен суреттерді қарап, әңгімелесіп қайтқанбыз. Бүгінде әлі де хабарласып тұрамыз.
– Өткен өміріңізге қарап өзі­ңізге қандай баға бересіз? Сол бір қиын кезде үміт үзіліп, арманыңыз аяққа тапталған шақты еске алған­да ойыңызға не келеді?
– Адам әр жетістігіне қиын­дық­сыз жетпейді. Әр жыл өткен сайын қандай жетістіктер, қан­дай қиындықтар болды деп іштей өз-өзіме есеп беремін. Негізі, адам әрдайым бақытты бола ал­майды. Бір жылда 42 күн бақытты болса, өмірінің бекер өтпегені дегенді бір жерден оқыдым. Шы­ны керек, содан бері санай­тын болдым. Уақыт өткен сайын ар­ман да, мақсат да өзгереді. Мәсе­лен, бір кезде Орал филармония­сының өзі үлкен сахна еді. Соған алғаш шыққанда «Осы күнге де жеттім-ау» деп ойладым. Астана­ға келгенде Конгресс холл маған Карнеги хол секілді көрінді. Оралдан келген сазгерлер ойна­ғанда «Гримеркаға кірейінші, іші қандай екенін көрейінші» деп сұрайтынмын. Сол кезде ол маған қол жетпейтін арман болып көрінген. Құдайға шүкір, қазір ол – менің сахнам. Бұған осы өнерімнің арқасында жеттім. 2016 жылы жеке концертпен Петерборға бардық. Бір аптада Луганский, Мацуев, Соколов секілді фортепианомен үш концерт болған. Төртіншісі менікі еді. «Билет өте ме, жоқ па, адам қаншалықты келетіні де белгісіз. Тура сондай үш концерт өтті» деген ұйымдастырушыларға «Танымал адам емеспін, қанша адам келсе де ойнаймын. Осы сахнада ойнағанның өзі – маған мәр­тебе» дедім. Концертке дайын­­далып гримеркада отыр­ған­да айғай-шу естілді. «Не бол­ды екен?» деп сыртқа шықсам «Двери ломают, на оципление идем!» деп айқайлап жатыр. Сөйт­сем, концертке 400-ге жуық адам кіре алмай қалған. Ерте­ңінде губернатор звондап, «Губер­­нияда жұмыс істейтіндер кіре алмай қалды. Қайтадан концерт бересіз бе?» деп сұрады. Бәрі аяғынан тік тұрып, қадірлі қонақ ретінде қарсы алды. Сонда өз-өзіме сенбей, бұл түсім емес пе, шынымен, осы күнге жеттім бе?» деп таңғалдым. Осы өне­рімнің арқасында бақытты­мын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Анар ҚОНЫС

Бөлісу: