ДӘРІГЕРДІҢ ЖҮКТЕМЕСІН АЗАЙТУ ҚАЖЕТ

283
0
Бөлісу:

Медициналық сақтандыру қорының (МСҚ) Түркістан облыстық филилалы алдағы уақытта халыққа тиімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсететін мемлекеттік емханалар мен клиникаларды түгел қаржыландыруды және халықты бастапқы медициналық көмекпен толыққанды қамтамасыз етуді көздеп отыр. Осы бағытта, облыс бойынша тегін медициналық көмек көрсететін мемлекеттік емханалармен және жекеменшік клиникалармен жасалған келісімшарттың жалпы сомасы 71 млрд 550 млн теңге. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Түркістан облыстық филиалы мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бірлескен брифингінде белгілі болды.

Келісімшарт бекіткен емханалар мен клиникалар Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындамақ.

«Биыл Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырысты 34 жекеменшік клиника орындап жатыр. Бұл Медициналық сақтандыру қорының дерекқорына Түркістан облысы  бойынша енген 73 медицина ұйымының 46 пайызы. Қалған 54 пайызы – мемлекеттік емханалар.  Оған қоса, жекеменшік клиникалар оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсетуге де белсенді түрде атсалысып жатыр», – деді МСҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Нұршат Айтымбетова.

 

Айта кету керек, жалпы, облыс бойынша тегін медициналық көмек көрсететін жеткізуші-ұйымдармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 71 млрд 550 млн теңгені құрады. Оның ішінде, мемлекеттік емханалармен – 66 млрд 229 млн теңгенің, жеке меншік клиникалармен –  5 млрд 321 млн теңгенің келісімшарты бекітілді.

Жекеменшік клиникалар стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуде белсенділік танытып отыр. Сонымен қатар, стационарлық көмек, емханалық-амбулаторлық көмек, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаторлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық қызметтер көрсету бағытында да жекеменшік саланың үлесі басым. Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысында 2019 жылы қосымша 126 учаске ашу жоспарлануда. Бұл бір дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда жекеменшік клиникалар көрсететін медициналық көмек түрлері де көбейді. Мәселен, биылғы жылы олар онкологиялық көмек, жедел медициналық көмек, паллиативті көмек, оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсетуде ерекше белсенділік танытып отыр», – деді Нұршат Рейімбайқызы.

 

Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша  емханаларға тіркелген халық саны 1 906 764  адамды  құрап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың алғашқы айында Медициналық сақтандыру қорына 7,6 млрд теңге көлемінде жарна түсті. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 қаңтарына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 140,52 млрд теңгені құрады.

Оның 131,86 млрд теңгесі (шамамен 93,8%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,66 млрд теңге (6,2% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Медициналық сақтандыру қорына түскен барлық қаражат жинақталған қаражат Ұлттық банкте сақталып, 2020 жылы сақтандыру пакеті бойынша көрсетілген қызмет ақысын төлеуге жұмсалады.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы

 

Бөлісу: