«Реал» ертең Зиданның бас бапкерлікке тағайындалғанын хабарлайды

555
0
Бөлісу:

Мадридтік «Реал» француз маманы Зинедин Зиданның бас бапкерлікке тағайындалғаны туралы жақын уақытта ресми хабарламақ. Бұл туралы шетелдік БАҚ жазады.

Дерек көзінің мәліметінше, қазіргі бас бапкер Сантьяго Соларидің отставкасы және Зиданның қайта оралғаны жайлы клуб басшылығы 12 наурыз күні жария етпек. Тіпті ескі де жаңа бас бапкер сейсенбі күні командамен алғашқы жаттығуын да өткізуі мүмкін.

НИДЕРЛАНДЫ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ОЙЫНШЫСЫ «РЕАЛДЫ» УАҚЫТША БАПТАУЫ МҮМКІН

Еске салсақ, 46 жастағы Зидан «Реалды» 2016-2018 жылдары жаттықтырып, мадридтік клуб үш мәрте қатарынан Чемпиондар лигасын жеңіп алған еді. Зидан былтырғы маусымнан кейін клубтан кеткен. Оны испан маманы Хулен Лопетеги алмастырған болатын. Алайда Лопетеги сәтсіздікке ұшырап, бес айдан соң өз орнын Сантьяго Солариге босатып берді. Бірақ «Реал» Соларидің басшылығымен Ла Лигада «Барселонадан» 12 ұпайға қалып, Испания кубогы мен Чемпиондар лигасынан ұшып кетті.

СЕРХИО РАМОС «РЕАЛДАН» КЕТЕТІНІН МӘЛІМДЕДІ

Бұған дейін команда капитаны Серхио Рамос қазіргі бас бапкерге байланысты пікірін білдірген еді.

«Біз клубтың бас бапкерге байланысты шаруасына ешқашан араласпаймыз және бұл позициядағы маманды құрметтейміз. Біз тек жұмыс істеп, алға басқымыз келеді. «Реал» әрқашан «Реал» болып қалады. «Реалды» бір футболшы ғана аңыз клубқа айналдырған жоқ. Клуб тарихы көптің көмегімен жазылды» дейді капитан твиттерде.

ЗИДАН ҚАЙТАДАН «РЕАЛДЫ» БАПТАУЫ МҮМКІН

Қазір «Реал» Испания чемпионатының 27 турынан кейін 51 ұпай жинап, үшінші орында келе жатыр.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: