ӘР ҚАЗАҚТЫҢ АУЗЫНДА ӨТКІР ҚАЙШЫ

126
0
Бөлісу:

Үштілділік болсын, көптілділік болсын, бала өсіріп отырған ата-ана үшін ұрпағы қанша тіл білсе де көптік етпейді. Бұл – ата-ана­лардың тілегімен толық қабысатын шаруа. Бірақ мемлекет үшін бірінші кезекте қай тіл маңызды? Еліміздегі білім саласындағы реформалардың тиімді болғанын бәріміз де қалаймыз. Үш тілді меңгеру барысында мемлекеттік тіл қағажу қалып қойса, не болмақ?

Үкімет тарапынан бірауыз жылы сөз естідік. Жаңадан та­ғайын­далған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова үштіл­ділікке қатысты өз пікірін біл­діріпті.
«Заман талабына сай, бала­ларымыз, ең бірінші, өз ана тілін, қазақ тілін білуі керек. Себебі, қазақ тілін біз тек Қазақстанда ғана дамыта аламыз. Екіншіден, жалпы интеграциялану үшін, басқа көрші мемлекеттермен жұмыс істеу үшін бізге орыс тілі мен ағылшын тілі қажет. Міне, осы жағдайға байланысты қазір мектептерде пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқытылып жатыр», – деді министр.
Сағадиевтің тұсында серпін алған орыс және ағылшын тіл­деріне басымдық беру қарқыны сақтала ма? Жұртты осы сұрақ көбірек толғандырады. Әсіресе, физика, химия, биология тәрізді пәндерді таза ағылшын тілінде оқыту деген мәселенің басы әлі ашық тұр. Министр мектептер пән­дерді ағылшын тілінде оқыту­ға біртіндеп көшетінін айтады. «Елдің бәрін көп толғандырып, көп шулатқан мәселе – пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты министрлік қазір кадрлардың дайындығына қарай біртіндеп көшуді қарастырып отыр», – дейді.
2016 жылы жоғары оқу орын­дар­ында ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс берілгенін білеміз. «Сол тапсырыспен бола­шақ мұғалімдер келесі жылдан бастап университтердің қабыр­ғаларынан шыға бастайды. Сон­дық­тан да балаларды ағылшын ­тілінде оқыту мәселесі кезең-кезеңмен, кадрлардың және мектептердің дайындығына бай­лан­ысты мектептердің қалауымен біртіндеп енгізіледі. Біз қазір 15 мек­­теп немесе 20 мектеп енгіз­сін деген талап қойып отырған жоқпыз», – деген министрдің сөзіне қарағанда бұл бағыт бәрі­бір жалғасатын түрі бар.
Мемлекет үшін бірінші кезек­тегі басымдық Қазақстан азамат­тарының мемлекеттік тілді мей­лін­ше мүлтіксіз меңгеріп шығу болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, Тәуелсіздіктің отыз жылға жуық тарихында мемлекеттік тілді білмейтін ұрпақ толқыны азайған жоқ. Үштілділік үдерісі, ең алды­мен, мемлекеттік тілді тығырыққа тіреп қойғандай.
Тілдің өміршеңдігі оның өмір сүру қабілетімен тікелей бай­ланысты. Ағылшын тілін терең­детіп оқытатын мектепте қай пәнді қалай оқытса да жарасар. Ал мемлекеттік тілде білім бере­тін мектептер барлық пәнді он екі жыл бойы таза қазақ тілінде оқытуы тиіс. Бұл – бұлталаққа салуға келмейтін қағида. Осыны ұғынбасақ – опынамыз!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: