Еркебұлан Болгарияға орныға ала ма?

158
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет аз уақыт бұрын ғана болгариялық танымал клуб «Левски» сапына ауысқан еді. Былтыр «Тараздан» Ресей премьер-лигасында ойнайтын башқұртстандық «Уфаға» барған Еркебұлан жаңа клубы сапында негізгі құрам ойыншысына айнала алмаған.

Басты себеп – әрине, жарақат деп айтылып жүр. Дегенмен Еркебұлан ондағы бәсе­ке­лестікке де дайын болмаған секілді. Маусымаралық үзілісте футболшының отан­дық «Қайрат» немесе «Ордабасы» клубтарына ауысатыны жайлы да сыбыс тарады. Алайда кейі­нірек белгілі болғандай Еркебұланды алматылық клуб ұсынған келісімшарт қанағаттандырмаған. Сөйтіп, жас шабуылшымыз Болгария чемпиона­тынан бір-ақ шықты.
Дегенмен ол өткен аптада «Славияға» қарсы кездесуде алаңға шыққан жоқ. Бұл жағдай футболшының жаңа чемпионатқа енді ғана ауысып баруымен түсіндірілген. Бұрын «Ордабасыны» жаттықтырған, қазір «Левски» тізгініндегі маман Георги Дерменджиев бұл трансферге байланысты «Командаға жұмыс істей алатын футболшы біз үшін әркез тиімді. Еркебұлан сол қанатта да, оң қанатта де еркін ойнай алады» деп жылы пікір айтып қалған болатын. Соған қарамастан біздің шабуылшы кеше «Лудогорецке» қарсы өткен кездесуде де алаңға шыққан жоқ. Тіпті жалпы тізімге де енбей қалды. Бұл ойын «Лудогорецтің» (2:0) жеңісімен аяқталған. Әзірге аталған команда 59 ұпаймен көш бастап келе жатыр. Ал «Левски» 51 ұпаймен үшінші сатыда. Ортада еншісінде 54 ұпайы бар «ЦСКА София» командасы.
Әрине, жаңа клубының сеніміне ие болу үшін Еркебұланға біраз жұмыс істеуге тура келеді. Әйтеуір, біздің сеніміміз мол. Бір күні алаңға жарқ етіп шығып, көзге түсіп, негізгі құрам ойыншысына айналады деп үміт етеміз. Бір кездері осындай мықты чемпионаттарға ауысып, алайда қосалқы құрам скамейкасында отырумен ғана шектелген қазақстандық футболшылардың жолына түспесе екен деп те тілейміз. Еркебұлан «Левскиде» осы жылдың 31 желтоқсанына дейін ойнайды. Әлі де болса негізгі құқығы «Уфаға» тиесілі. Бірақ ойыны үйлесіп кетіп жатса болгариялық клуб қазақ футболшысын біржола сатып алуы да мүмкін. «Левски» келесі кездесуін 16 наурыз күні «Вереяға» қарсы өткізеді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: