АУЫР АТЛЕТТЕР ЖАРАП ТҰР

92
0
Бөлісу:

Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында әзірге қазақстандық спортшылардың айы оңынан туып тұр. 

Алдымен жас атлетіміз Ақмолда Сайрамкез 61 келіге дейінгі салмақта алтын медаль алды. Ол екі жаттығудың қорытындысы бойынша 257 келіні (112+145) еңсерген. Сондай-ақ ол жұлқа көтеру мен серпе көтеру жаттығуларында кіші күмісті де қанжығасына байлады.
– Біз бұл чемпионатта тыңғылықты дайындалдық. Жігіттердің барлығы жаттығу кезінде де жақсы көрсеткіш көрсетті. Бапкерлік штабпен болжам жасаған кезде Ақмолданы үшінші орыннан көрінеді деп ойлағанбыз. Алайда ол біздің жоспарымызды асыра орындап, алтын тұғырға көтерілді. Осылайша, ол басқа жігіттерімізге даңғыл жол ашып бергендей болды. Өзге жігіттер Ақмолданың ақ жолын жалғастырады деп сенеміз, – деген еді жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов.
Расында, Ахметовтың айтқаны айдай келді. Ақмолданың жолы шынында ақ екен. Іле-шала тағы бір үмітіміз Сайхан Тайсуев
67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде – 127 келіні, ал серпе көтеруде 161 келіні бағындырып, жалпы нәтижедегі көрсеткішін 288 келіге жеткізді. Сонымен қатар Тайсуев серпе көтеру жаттығуы бойынша жас категориясы тұрғысынан әлемдік рекорд орнатқан. Тиісінше ол төбесінде ойнатқан 288 келі де – әзірге ешкімнің еншісіне бұйырмаған салмақ. Сондықтан мұны да өз алдына бір рекорд деп бағамдауға әбден болады.
Турнир 15 наурызға дейін жалғасады. Сайысқа әлемнің 50-ден астам елінен 13-17 жас арасындағы өрендер қатысып жатыр. Қазақстан бұл додаға бес ауыр атлетін алып барған.
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: