ЭЛИЗАБЕТ – КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР

103
0
Бөлісу:

Ресейдің Красноярск қаласында қысқы Универсиада ойындары да тамам болуға жақын. 9 наурыз күні мәнерлеп сырғанау сайысы болып, қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдеге ие болды. 

Қысқа және еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша алтынды жапониялық Май Михара жеңіп алды. Ол 220,68 балл жинады. Ал Элизабет 214,77 баллмен екінші сатыға тұрақтады. Қола жүлде 205,91 ұпай жиған ресейлік Станислава Константиноваға бұйырды. Қысқа бағдарламадан кейін Элизабет төртінші орында тұрған. Алайда еркін бағдарламада өз жаттығуларын сәтті жүзеге асырып, бірден екінші орынға ырғып шыға келді. Жалпы, осы еркін бағдарлама барысында қазақ қызы екі бірдей жеке рекорд жасады: еркін мәнерлеп сырғанауда – 147,20 балл, ал екі жаттығу нәтижесі бойынша 214,77 балл жинады. Элизабеттің өнері жайлы белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек әлеуметтік желіде мынадай құнды пікір жазды:
«Элизабет Тұрсынбаеваның әр жарыс сайын ұпайы өсіп келеді. Универсиадада күміс алды. 214 ұпай. Жеке рекорды.
Өткен айда Төрт құрлық чемпионатында 207 ұпаймен күміс иеленген. 214 ұпай – биылғы әлемдегі ең үздік жетінші нәтиже. 4 сальхов секірмек болды және төрт рет айналды, бірақ мұзға түскенде құлады. Құламағанда шамамен 220 ұпай жинап, чемпион болар еді. 14 наурызда басталатын әлем чемпионатында да 4 сальховты секіруге тәуекел етсе деймін. Лизаның арсеналында ең қымбат элементтің бірі бар. 4 сальховпен кез келген ресейлік, америкалық, жапониялық спортшымен бәсекеге түсуге болады» дейді ол. Осыдан-ақ Элизабеттің көп ұзатпай әлемді тағы да тәнті ететінін байқайтын секілдіміз. Яғни, алтынның ауылы алыс емес дегеніміз ғой. Ең бастысы, көлденең кесел мен жарақаттан аман болсын.
Тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Мамбекова 124,41 балл жинап 17-орынға жайғасты.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: