ФУТБОЛДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

90
0
Бөлісу:

9 наурыз күні ресми түрде футболдан ел чемпионаты басталды. Биыл да әдеттегідей премьер-лигада 12 команда бақ сынайды. 

ҚПЛ I турында айтарлықтай сенсациялық нәтиже тіркелген жоқ. Десе де, айта жүрерлік голдар мен жеңістер болғанын да айта кету ләзім. Мәселен, маусымаралық үзілісте тіпті ресейлік клубтардың өзін жеңіп кеткен талдықорғандық «Жетісу» өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпесті» 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Андрей Карпович баптайтын «Оқжетпес» премьер-лигаға бірінші лигадан оралған болатын. Сондықтан әлі де болса мынадай ойынымен осылай «таяқ жейтін» сияқты. Ал «Тобыл» өз алаңында павлодарлық «Ертістен» 3:0 есебімен басым түсті. «Тобыл» мен Қазақстан құрамасының капитаны Азат Нұрғалиев дубль жасаса, ұлттық құрама шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек бір гол соқты. «Ордабасы» да өз алаңында «Шахтерді» аяған жоқ. Жауапсыз үш гол соқты. «Астанадағы» бәсекелестіктен ұтылған шабуылшы Алексей Щеткин үш голға да ассистент болып, тәнті етті. Ал голды шымкенттік команданың биыл сатып алған легионерлері соқты.
Жексенбілік матчтар да голсыз болған жоқ. «Қайсар» өз алаңында «Атыраудан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. «Қайрат» Алматыда «Таразды» 2:0 есебімен жеңді. «Астана» өз үйінде «Ақтөбені» 4:1 есебімен ойсырата ұтты. Онсыз да қаржылық дағдарыстан есеңгіреп жүрген батыс клубы осыдан соң тіпті ауыр ногдаунға түскендей. Екінші турда «Ақтөбе» еңсесін тіктей ала ма, жоқ па, оны «Ордабасымен» болатын матчтан соң бағамдаймыз.
Әзірге «Жетісу» көш бастап келе жатыр. Екінші орында – «Астана», үздік үштікті «Ордабасы» түйіндеп тұр. Одан кейінгі орындарда – «Тобыл», «Қайрат», «Атырау». I тур қорытындысы бойынша ең көп жанкүйер «Ордабасы» – «Шахтер» кездесуінде жиналған: 6 500 адам. Келесі тур 15 наурыз күні өтеді:
«Қайсар» – «Жетісу»
«Астана» – «Оқжетпес»
«Ордабасы» – «Ақтөбе»
«Қайрат» – «Шахтер»
«Тобыл» – «Тараз»
«Атырау» – «Ертіс»
Қазақстанда трансферлік терезе 1 сәуірге дейін ашық. Сондықтан клубтар әлі де құрамын жаңа ойыншылармен толықтыруы мүмкін.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: