Әскери журналист әлемі

100
0
Бөлісу:

Кешегі бір алаңсыз күндер еске түскенде, әсіресе студенттік шақ ойға оралғанда, арқа басың кеңіп, жаның жадырап қалатыны бар. Қазақ деген жұрттың төрт құбыласынан жүздеген талапкер журналист болсақ деген үмітпен Алатаудың баурайын­дағы Алматыға келіп, сынақ тапсырып, соңында өрімдей 41 ұл мен өріктей 9 қыз студент атанып, таны­сып, табысып кетіп едік. Олардың көш басында күні кеше өмірден озған Ерағаң – Ержұман Смайыл да бар еді. 

Сол 41 ұлдың бірі, түр түсі, кескін келбетіне қарай Сәкен деп кеткен, серілігі де бар, өзіне тән мінезі де бар Сағидолла Көшімбаев болатын.
Ол арамыздан шыққан бір­ден-бір әскери журналист, пол­ков­ник еді. Журналистер Ода­ғы сыйлығының лауреаты да бола­тын. Сәкен екі тілге бірдей еді. Шымыр, ширақ, қараторы ди­да­рына мөп-мөлдір бұйра шашы жарасып тұратын. Уни­вер­си­тет­ке түскенге дейін ауыл­ды жерде әр алуан жұмыс атқа­рыпты. Қарапайым еңбектің жайын ғана айтып қоймай, оны мақала­ла­ры­на арқау етіп, ел өмірін, қияндағы ауыл адам­дары­­ның тірлігін сырт­тай сурет­темей, ішкі иірі­мі­не үңіліп жаза­тын. Павлодар облыстық «Қы­зыл ту» газетінде коррек­тор­лық­тан журналистік қадамы бастал­ған екен.
Университеттен кейін еңбек жолын сол кездегі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастады. Санаулы жыл­дан соң Алматыға қайта ора­лып, республикалық «Қай­нар» баспасында 13 жыл қызмет етті. Сол кезде Сәкен ұлтымыз­дың саятшылық өнері, оның арғы-бергі тарихы, белгілі өкіл­дері туралы жинақтардың жарық көруіне ұйытқы болғаны есте. Баспа директоры Хайдолла Тілемісов секілді ұлттың ірі азаматы сол мекемеде қазақтың салт-санасын дамытып, әдет-ғұрпын тірілтіп, тіпті өнер оша­ғына айналдырған еді. Сол өнер ошағының бір мүшесі ретінде Сәкен сері де оған үлесін қос­қанына куәміз. Нешетүрлі ән кітаптар сол тұста жарық көрді.
Сол секілді өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы серпіліс кезінде ол қазақтың ел мен жерін танып білу мақса­тында жарық көрген «Атамекен» газетінің ұйымдастырушысы әрі басшыларының бірі бола алды. Бұдан кейін қарымды журна­листі Қазақ елінің Ішкі істер министрлігі арнайы шақырып, «Қалқан» газетінің қазақ бөлі­мі­не жетекшілік етуді тапсырды.
Кезінде Отан алдындағы борышын адал атқарған, одан соң ҚазҰУ-да арнайы әскери дайындықтан өткен, тапсырған істі тиянақты атқаратын Көшім­баев Ішкі істер министрлігі Ішкі әскер органына аға офицер қыз­метіне тартылып, онда бұ­рын қағаберісте қалып қойған ұлт тілінің өркендеуіне ерекше үлес қосты. Әскерде адал қызмет еткен­дерге беретін, жеңімпаз жауын­герлерге тапсыратын Абылай хан, Әбілқайыр хан, Ш.Уәлиханов атындағы бай­рақ­тардың, «Қайсар» кеуде белгі­сінің, «Қазақстан ұлттық энци­к­лопедиясы» атты құнды­лық­тардағы Ішкі әскерге қатыс­ты мақалалардың авторы болды. Қорғаныс министрлігінің Әске­ри-стратегиялық зерттеу орта­лы­­ғының тұңғыш ұлттық басы­лы­мы «Сардар» журна­лының және «Әскер» газетінің бас ре­дак­торы қызметтерін қоса ат­қар­ды. Көптеген кітап та шы­ғар­ды.
Сәкен Көшімбаевтың ерлік­ке пара-пар ісі деп, іргелі еңбек болып табылатын, ана тілінде алғаш рет жарық көрген «Ай­бын» энциклопедиясын айтар едік. Ол өзін жоба авторы, құрас­тырушы деп білді. Кейбір азаматтар мұндай дүниеге өзі автор болуға дайын тұрады. Тіпті сыртына аты-жөнін бады­райтып жазып қоятындар да табылады.
Мың бетке таяу бұл еңбекте Отанымыздың қарулы күштері, басқа әскери құрылымдар тура­лы жан-жақты мәлімет берілген. Арғы-бергі әскери тарихымызда мол орын алған. Әсіресе, ежелгі ғасырдағы сақ, ғұн, түркі әлемі­нің әскери өнерінен тамыр тар­тып, жоңғар шапқыншы­лы­ғын­дағы «Елім-айлаған» ерлерді, патшалық Ресей заманындағы ұлт жақсыларын, Алаш әскері, оның бастаушылары, кеңестік кезеңдегі кемел әскери қызмет­кер­лер де, бүгінгі ерен ерлер де – бәрі де энциклопедиядан оры­нын тапқан.
Ұлтқа керек осындай кере­мет кітапты кейінгіге мұра етіп қал­дырған ер көңіл азамат өмір­ден өткелі де бір жыл болып қал­­ды. Өзі фәни дүниелік бол­ға­нымен артында халыққа қажет рухани мол мұра бар. Оның бастысы, алда айтқан «Ай­бын» энциклопедиясы, бұған қоса «Сарыарқа», «Туған жер қазынасы», «Өсер елдің ұлда­ры», «Елім десең», «Қолына құс қондырған адам» деген кі­тап­­т­арын, мұнымен қатар «Ша­­ңы­рақ» энциклопедиясын құрас­тырушылардың бірі болға­нын да атап өткеніміз ләзім. Мұның бәрі ІІМ Құрметті арда­гері Сәкен Құрманғали­ұлы­ның әскери журналист ретінде артында қалдырған құндылық деумен бірге, одан алар тәлім, үйренер үлгі аз емес екенін еске сала кетсек дейміз. Жақсы азаматтың жарқын бей­не­сіндей бұл еңбек ұлт қазына­сы­на қосылған үлес деп білеміз.

Сүлеймен МӘМЕТ

Бөлісу: