Үш тіл. Төрт пән. Мың әуре

316
0
Бөлісу:

«Үштұғырлы тіл» бағдарламасының жоспарланған мерзімі де аяқталуға жақын. Үш кезеңмен жүзеге асырылған бұл бағдарлама біраз дау тудырды. Әу баста мемлекет басшысы аталған идеяны іске асыруға тапсырма берген кезде көптілді білім берудің маңызы мен өзектілігін түсіндірген еді. Алғаш рет 2004 жылы бұл тақырыпты бір қозғап, кейін 2007 жылы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын сатылап жүзеге асыруды ұсынды. Егемен еліміздің жаңа тіл саясатына көшкен кезі сол уақыттан бастау алды. Бірақ бір айта кетерлігі, қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық қатынас және ағылшын тілі ғаламдық экономикада табысты ықпалдасу тілі болуы тиіс деп шегеленген болатын. Аталған саясаттың нәтижесі қаншалықты жағымды болғаны белгісіз. Әйтеуір, Мемлекет басшысы мұғалімдерге ағылшын тілін бас-аяғы үш айда меңгеріп шығудың қиын екенін, қазақ тілге көбірек көңіл бөліну керегін айтып, Білім және ғылым министрлігі жұмысын сынады.

Тілдердің функциясын артты­руға бағытталған бағдарла­ма­лардың бірі – «Тілдерді қол­дану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Жобаны сол кездегі Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед дайындаған бола­тын. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, ағылшын тілін меңгерту, орыс тілін жетік білу, әр ұлттық тілдерін дамыту, оларды сақтау қалуға мүмкіндік жасау, тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу секілді үлкен-үлкен мақсат­тар алға қойылған. Осы ретте жоба үш кезеңге бөлінді. Яғни, 2011-2013 жылдар, 2014-2016 жыл­дар және 2017-2020 жылдарға арналған жоспарлар бар-тын. Қорытындысы бойынша, мектеп бітірушілердің барлығы мемле­кет­тік тілді біліп шығуы, ал жал­пы қазақ тілін меңгерген халық саны 95 пайызға тең болуы тиіс еді. Сонымен бірге, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздар да жүз пайыз қазақ тілінде жүргізіледі деген асқаралы мақсат қойылған. Орыс тілін халықтың – 90 пайы­зы, ағылшын тілін – 20 пайызы, үш тілді жетік меңгер­ген­дер халықтың 20 пайызын құрауы керек еді. Көріп тұрған­дары­ңыздай, бағдарламаның аяқта­луы­на бір жыл ғана қалды. Жос­пар­дың жүзеге асып, жақсы нәти­же көрсеткені шамалы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Үштілділік саясатын біртіндеп енгізуіміз керек. Балалардың бола­шағын ойлауымыз қажет. Әр азамат өзінің ана тілі – қазақ ті­лін, сосын орыс тілін, әлемнің тілі – ағылшын тілін білуі керек. Бірақ ол жұмыс бірден атқарыл­май­ды ғой? «Ертең бар да, тілді мең­геріп ал» деген жоқ қой? Алды­мен педагогтарға ағылшын тілін үйретуіміз керек. Физика, химиядан сабақ беретін ұстаздар қалай аз уақытта ағылшынды мең­геріп алады? Ал біздің минис­тр­лік «аз уақытта үйреніп ал, со­сын ағылшынша сабақ бер» деген талап қойған. Оқытты дейік, сондай үш айлық курста мате­ма­ти­ка мұғалімі ағылшынды үйре­ніп алады деп ойлайсыздар ма? Осыған кеткен қыруар қаражатты айтсаңыздаршы?», – деген еді.
Қыруар қаражат демекші, осы­дан екі жыл бұрын Сенат депутаты Сергей Ершов мұға­лімдерге ағылшын тілін үйретуге қатысты біраз сын айтқан еді. Республикалық бюд­жет­ті қарастыруға арналған жиын­ның бірінде С.Ершов 2018 жылғы жоба бойынша, бірнеше пәнді үш тілдікке ауыстыруға ке­те­тін шығын қарастырылып, жал­пы сомасы 6,9 миллиард тең­ге бөлінгенін айтты. Үкіметтің түсіндіруінше, мұғалімдер тілдік дайындықтан өткен соң келесі пәндер бойынша үш тілдікті қам­та­м­асыз етуі тиіс: информа­тика, физика, химия, биология. «Тіл курстарында оқыған мұғалімдер ағылшын тілінде сабақ беретіндей жеткілікті деңгейде меңгеріп шыға ала ма? Бұл біраз күмән ту­ды­рады» деді сенатор. Оның пікі­рінше, мұғалімдерге арналған қысқа мерзімді тіл курстарына ақша бөлу арқылы жағымды нәтижеге қол жеткізу екіталай. «Оданда қаражатты ағылшын ті­лінде оқытуға бағытталған жо­ға­ры оқу орындарында ұстаздарды оқытуға, болашақ мұғалімдерді ағылшын тілімен бірге маман­дық­ты қатар игертуге жұмсаған жөн емес пе? Сонда төрт жыл ішінде ағылшын тілінде білім бере алатын ұстаздарды дайындап шығармаймыз ба?», – деп ұсыныс жасаған еді с.Ершов.
Шыны керек, елімізде қабыл­дан­ған білім беру бағдарламасы үнемі сынның астында қалады. Соның бірі – «Үштұғырлы тіл». Бәл­кім, бұрын-соңды мұндай бағ­дар­лама жасаған басқа елдердің баламасы болмағаннан ба екен, шикілік көп. Табан асты қабыл­дан­ған, жергілікті халықтың жағ­дайы­мен санаспай жүзеге асырыл­ған жобалар бюджетке шығын әкел­генімен қоймай, ел ішінде түсі­ніспеушілік тудырды. Соның сал­дарынан, талай ұстаз бен шә­кірт­тің «миы ашып», түрлі таңға­жайып қабілеттерді туындатуға сеп болды. Олай дейтініміз, әліппені әлі меңгермеген балаға ағылшын үйрету, қағазбастылықтан көз ашпай жүрген ұстазға онлайн-күн­делік қосып беру, физиканы қазақ­ша әзер түсініп жүрген оқу­шыға Шекспирдің тілінде оқыту сияқты қосымша «жүк» берілді.
Білім және ғылым министр­лігінің бағдарламасына сәйкес, 10-11 сыныптарда 2019 жылдың қыркүйегінен бастап физика, химия, биология, информатика пән­дерін ағылшын тілінде оқыты­луы тиіс еді. Олай болса, оқитын да, оқытатын адам да шет тілін жетік меңгеруі шарт емес пе? Бұл төрт пәнді тереңдетіп оқытып қана қоймай, ағылшын тілінде тапсыр­ма­ларды орындау, өз тіліндей түсіну, терминдер мен түсініктерді меңгеру де – мақсат. Жоғарыда айтқан таңғажайып қабілет осын­дайда керек сияқты.
2013 жылдың қыркүйегінен бастап ағылшын тілін 1-сыныптан оқыту енгізіле бастады. Сол үшін жал­пыға міндетті мемлекеттік бі­лім беру стандарты жасалды. Алдағы 8 жыл көлемінде үштілді білім беруге біртіндеп көшу жос­пары қойылған. Бірақ Білім ми­нистрі қызметіне Ерлан Саға­диев келген соң, 2016 жылы-ақ бірін­ші сынып мұғалімдеріне жазғы дема­лыс кезінде, соның ішінде еңбек демалысын пайда­ланып, жедел түрде тіл үйрену курстарынан өту туралы тапсырма беріледі. Сөйтіп процесс басталып кетті.
Мектептегі ағылшын тілінің әңгімесі бөлек. Белгілі бір пәндерді ағылшын тілінде өту – басқа. Ауыл мектептерінде физиканы беретін мұға­лім де, ағылшын тілінің мұға­лімі де тапшы. Аяқ-асты маман­ды қайдан табады? Отыз жыл бойы химиядан сабақ беріп келген ұстаз­дың дереу ағылшынша сайрап кетуі қаншалықты мүмкін? Уни­вер­ситетті жаңа тамамдаған жас маманның да сол бәсекеге сай болуы екіталай. Шындап келгенде, жоғары сынып оқушыларының ішінде ағылшын тілін жақсы мең­гер­гендері – шамамен 10-15 пайыз ғана. Назарбаев Зияткерлік мекте­бі­нің тәжірибесін үлгі етеміз. Деген­мен ол жерде білім алатындар да – зияткерлер. Яғни, білімге, ғы­­лым­ға ынтасы жоғары оқушы­лар. Республика бойынша жалпы саны 20 шақты мектеп бар. Тіпті солардың өзінде үштілді білім беру керемет деңгейде дей алмаймыз. Кадр жасақтауда мәселе бар екені айтылып жүр. НЗМ үлгісін жай мек­­тепке телу мүмкін емес. Мұнда­ғы әдіс пен бағдарламаның бөлек екені өз алдына, мұнда ағылшын білетіндер ғана қабылданады. Яғни, мектепке емтихан тапсыр­ғанда ағылшын тілі деңгейі жоғары оқушылар ғана өте алады. Сондық­тан көптілді оқытуда НЗМ тәжіри­бе­сін пайдалану қисынсыз. «Үш­тұ­ғырлы тіл» бағдарламасына әлеу­меттік-линвистикалық талдау жасалуы керек. Елбасы айтпақшы, үштілді меңгерудегі мақсаттар еске­рілуі қажет.
Бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым министрі Күләш Шәм­шидинова пікірін білдірді. «Заман талабына сай, балалары­мыз, ең бірінші, өз ана тілін, қазақ ті­лін білуі керек. Себебі, қазақ ті­лін біз тек Қазақстанда ғана дамыта аламыз. Екіншіден, жалпы инте­гра­циялану үшін, басқа көрші мем­ле­кеттермен жұмыс істеу үшін бізге орыс тілі мен ағылшын тілі қа­жет. Міне, осы жағдайға байла­ныс­ты қазір мектептерде пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқы­ты­лып жатыр», – дейді минис­тр. Соны­мен қатар еліміздің бас ұстазы пәндерді ағылшын тілінде оқыту мәселесі қоғамды көп шу­лат­­қанын жасыр­май­ды. Ол мек­теп­­терде пән­дер­ді ағыл­шын тілін­де оқыту бір­тін­деп жүзеге асырыла­ты­нын айт­ты. «Әри­не, елдің бәрін көп тол­ған­дырып, көп шулатқан мәселе – ол пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты министрлік қазір кадр­лар­дың дайын­дығына қарай бір­тін­деп көшуді қарастырып отыр», – дейді Шәмшидинова. Келесі жыл­дан бастап ағылшын тілінде сабақ бере­тін мұғалімдер ЖОО-ны та­мам­­дайды екен. Бұған 2016 жылы мемлекеттік тапсырыс берілген. «Сондықтан да балаларды ағыл­шын тілінде оқыту мәселесі кезең-кезеңі­мен, кадрлардың және мек­теп­­­тердің дайындығына байла­ныс­ты мектептердің қалауымен бір­тіндеп енгізіледі. Біз қазір 15 мек­­теп немесе 20 мектеп енгізсін де­ген талап қойып отырған жоқ­пыз» дейді министр.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: