Тұрғын үй тұрмысты түзейді

500
0
Бөлісу:

Баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қазір ғана асқынған проблема секілді көрсететін сарапшылар бар. Шынында, бұл – сонау кеңес кезінен қордаланып қалған тау-төбе қиындықтар. «Жетімбұрыш жағалағандар» деген сөз тәуелсіздік алғаннан кейін туған ұғым емес. Керісінше, кеңес өкіметі тұсында туындаған және шиеленіскен осы түйткілдің түйіні азат еліміздің төл әлеуметтік саясаты арқасында тарқатылуда. 

Азаматтарды қолжетімді және лайықты тұрғын үймен қамту – әлеуметтік бағдарланған кез келген мемлекеттің аса ма­ңызды міндеті саналады. Тиісін­ше, бұл проблемаға қан­ша­лықты жоғары деңгейде көңіл бөлінсе, бұл азаматтардың және бүкіл қоғамның әл-ауқатына би­ліктің соншалықты мән бе­ріп, қамқорлық жасап отырға­нын білдіреді.
Қазақстанда бұл мәселені Елбасының өзі бақылауға алған. Қазақстан Президентінің Nur Otan партиясының таяудағы ХVІІІ съезінде жария еткен «Әлеу­меттік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының тұтас бағыты осы салаға арналған.
Жалпы, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дүниежүзінде бір де бір мемлекет барлық азамат­тарын баспанамен қамту ауырт­па­лығын жалғыз алып жүруге жағдайы жетпейді. «Үй тегін берілетін еді ғой» деп базбіреулер аңсайтын Кеңес одағында ма­ман­дардың ауысуына байла­ныс­ты бір үй қолдан қолға көшіп жүретін және баспана бәріне бірдей жетпейтін. Салдарынан, халық өз бетінше саманнан үй соғып алуға мәжбүрленді.
КСРО-ны тізе бүктірген АҚШ өз халқын баспанамен жаб­дықтау үшін арзан ипоте­ка­лық несиелендіру бағдарла­ма­сын өрістетті. Ондай бірінші бағдарлама 1937 жылғы «Ұлы депрессия» соңына қарай іске қосылған. Алайда содан бері бұл елді дүркін-дүркін дүрліктіретін «ипотекалық дағдарыс» (Mortgage Crisis) салдарынан ақыр соңында мыңдаған америкалық далада қалады. Мысалға, 2007 жылғы ипотекалық дағдарыс кесі­рінен миллионнан астам аме­рикалық баспанасынан айы­рылды. Нәтижесінде, Құрама Штаттардың ең ауқатты қалала­ры­­ның өзі үйсіз «бомждарға» толы болып келеді, қатары көп болғандықтан, билік оларға тамақ­тандыру және түнету орын­дарын ұйымдастыруға мәжбүр. Қазіргі кезде осындай күйзелістермен күресу үшін Америкада бастапқы жарнасыз ипотека беруге тыйым салынды.
Үйсіздердің басына пана әперу үшін АҚШ үкіметі өткен ғасыр­дың 60-жылдары мем­ле­кеттік бағдарламаны қолға алды: ол бойынша жергілікті атқарушы билікке жеке адамдардың қолын­­дағы тұрғын үйлерді жал­дауға және оларды әлеуметтік баспана ретінде пайдалануға рұқсат етті. Яғни, мемлекет жеке тұрғын үй қожайындарымен ұзақмерзімді шартқа отыратын, оған сәйкес, өз үйін төмен баға­мен аз қамтылған азаматтарға жалға берген адам мемлекеттен өтема­қы алатын. Кейін, 70-жыл­дары заң қабылданып, бұл тәжі­ри­беге өзгеріс енгізілді. Енді суб­­сидия қаражаты үй иесіне емес, баспананы жалға ала­тын аз қамтылған америка­лық­тарға берілетін болды. Әлеу­меттік аренда тұрғын үйді на­рық­тық бағасы бойынша жал­дауға табы­сы жетпейтін әлеу­мет­тік осал топтарға беріледі. Бұл ретте үй­сіздерге, отбасылық зорлық құр­бандарына, сондай-ақ өз табы­сының жартысынан аста­мын үй жалдауға шығын­дай­тын кедей отбасыларға баса көңіл бөлінеді.
Германияда халықтың 58 пайы­зы жалға берілетін үйлер мен пәтерлерде тұрады. Бұл елде «арендалық мемлекеттік тұрғын үй қорының» үлесі үлкен және оған жалпы үй қорының 27 пайы­зы тиесілі. Алмания нары­ғында мемлекет пен жеке инвес­тор­лар бірігіп, мемлекеттік тұр­ғын үй тұрғызады да, оны ары қарай жалға береді.
Еуропадағы әлеуметтік бағ­дар­ланған мемлекет саналатын Фран­цияда да мемлекет жеке­ше­­лендіруге тегін үй бермейді. Бұл елде жылжымайтын мүлік­тің 20 пайызы «ашелемге» – мемле­кет­­тік және жеке органдар тө­мен бағамен жалға беретін бас­па­наға жатады. Ашелем (HLM – аш эль эм, яғни habitation a loyer modere деген сөздер­дің басқы әріптерінен құралған) атты әлеуметтік баспананы алу үшін кезекте тұрғандардың тізі­мі миллион отбасыдан аса­тын көрінеді, кезекті 6-7 жыл күтуге тура келмек. Отбасылардан осы тізімде қалу құқығын жыл сайын құжат жүзінде растап отыру талап етіледі. Бұл үйлердің арендалық төлемінің көлемі үйдің сапасына, басқарушы ұйымның меншік түріне қалай құбылады. Әйтсе де, аз қамтыл­ған отбасының табысы тым аз болса, мемлекет әртүрлі жәрдем­а­қылармен көмектеседі.
Қалай болғанда, тіпті дамы­ған елдердің өзінде мемлекет халықтың ешбір санатын тегін баспанамен қамтымайды.
Осы орайда Қазақстанның аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту бойынша жаңа шаралары өзге мемлекеттерге үлгі боларлықтай.
Мәселен, біріншіден, Елба­сы­­ның тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясын­да 2025 жылға дейін, әсіре­се көпбалалы отбасылар ішін­дегі жағдайы төмендері үшін 40 мыңнан астам жалда­ма­лы пәтер салынатын болады. Бұл қазіргі уақытта ресми кезек­те тұрған 28 мың көпбалалы әрі аз қамтылған отбасыны баспа­на­мен қамту мәселесін толық шешу­ге мүмкіндік береді екен.
Осы мақсатқа алдағы 7 жыл­да қосымша 50 миллиард теңге­ден жыл сайын бөлу жоспар­ла­ну­да. Қаржыландырудың жалпы сомасы 350 млрд теңгені құрай­тын болады. 2019 жылдың ма­мыр айында көпбалалы отба­сы­ларға жалдамалы тұрғын үйлер беру басталады. Пәтер беру ісін жеделдету үшін биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттің нарықтағы дайын жаңа пәтер­лер­­ді сатып алуы мәселесі қарас­ты­рылуда. Нақты мысал келті­рер болсақ, жергілікті бюджеттен 10%-дан кем емес көлемде қоса қаржыландырылған жағдайда, ауданы 60 шаршы метрден кем болмайтын бір пәтерге 8,4 мил­лион теңге бөлу көзделеді.
Бүгінде өңірлердің қолда­ныс­­тағы жобаларын іріктеу және келісу жұмыстары, бюд­жет­тік өтінімдер бойынша жұмы­стар жүргізілуде.
Екіншіден, тек жалға беру­мен шектелмей, қымбат емес пәтер­ді өз меншігіне сатып алу­ды қалайтын көпбалалы отба­сы­лар­ға қосымша шара ретінде Тұр­ғын үй құрылыс жинақ бан­­кі арқылы бар-жоғы 2% став­камен 20 жылға жеңілде­тіл­ген ипотека беру мәселесі пы­сық­­талуда. Бұл тетік табысы ең тө­мен жалақыдан да (42,5 мың теңге) төмен болып келетін, жағ­­дайы нашар отбасыларға ұсы­нылады. Атап айтқанда, ол ипо­те­ка 4 және одан көп баласы бар отбасыларға; мүгедек бала­ла­ры бар немесе мүгедек бала­лар­ды тәрбиелейтін отбасы­лар­ға; кәме­лет­ке толмаған балалары бар толық емес отбасы­ларға беріледі.
Бұл мақсатта 3 жыл ішінде республикалық бюджеттен жыл сайын 50 млрд теңгеден арна тартады. Жалпы алғанда, осы тетікті іске асыру үшін 150 млрд теңге талап етіледі. Нәтижесінде, шамамен 33 мың жағ­дайы төмен отбасы­лар жеңілдетілген қарыз ала алады. Ай­талық, егер пәтер ба­ға­сы 8 мил­лион теңге болса, 10 пайыз­дық алғашқы жарна 800 мың теңгені құрайды. Ай сай­ынғы төлем көлемі алғашқы 8 жылда – 42,1 мың теңге, ал қал­­­­ған 11 жылда 27,4 мың теңге болады. Төлем сомасы пәтер ауда­ны­на, бағасына қарай өзгереді. Егер отбасы алғашқы жарнаға қосым­ша қаражаттар қосса немесе ТҚЖБ-да жинағы болса, ай сайын­ғы төлемі төмен бол­мақ.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: