Тұтас батальон армиядан аластатылды

145
0
Бөлісу:

Денсаулығы нашар болғандықтан, былтыр тұтас бір «батальон» солдат саптан шығарылған. Бұл туралы Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов хабарлады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстанның Ұлттық ұланында өзінің көшпелі отырысын өткізді.

Жедел мақсаттағы астаналық бригаданың (5573 әскери бөлімнің) әске­ри қызметшілерімен кездесу кезінде «Қазақстан Республика­сы­ның Ұлттық ұланы туралы» заңның іске асырылу барысы талқыға салын­ды.
Сонымен бірге, осы әскери құры­­лымның қызметтік-жауын­гер­лік өмірінің өзекті мәселелері қарал­ды. Ол жайында Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов баяндады.
Мәжіліс депутаттары бас қала­мыз­дағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Елбасы, Қазақстанның Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен құрылған әскери бөлімнің материал­дық-техникалық жарақтандырылуы деңгейіне, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселе­ле­ріне қанықты.
Қалаулылар үшін жедел бригада­ның жеке құрамының және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының киім-кешегі, қару-жарағы және бай­ла­ныс құралдары паш етілген көрме жайылыпты.
Әскери қызметшілердің тұрмы­сы­мен және өмір сүру жағдайымен жете танысқан парламентшілер әске­ри қалашықтың инфрақұрылы­мы жеке құрамның жауынгерлік дайын­дығын лайықты деңгейде ұс­тап тұруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Тарата айтсақ, қалашықта төл автомобиль паркі, сондай-ақ трена­жер­лер мен күрес залдарынан, спорт­­тық ойын алаңдары мен зама­науи мультимедиялық атыс тирінен тұратын спорт кешені бар екен.
Бұдан бөлек, оның ішінде өз ста­дионы, оқу қалашықтары, 60 орынға есептелген аурухана-лазарет орна­лас­қан.
Сонымен қатар келісімшарт бойын­ша жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлердің өз отбасыларымен бірге тұруы үшін абаттандырылған 104 пәтерлі тұрғын үй іске қосылыпты.
Бұл іс-шараға депутаттар сыр­тын­да, Қорғаныс, Қаржы, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­ліктері басшылықтарының өкілдері шақырылды.
Өз сөзінде Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов жауынгерлерді іріктеу жайына жеке тоқталды. Оның айтуынша, медициналық комиссия­ның өз ісіне жүрдім-бардым қарауы кесірінен ашық түрдегі туберкулезі бар бес жігіт әскери қызметке шақы­ры­лыпты.
«Шақыру сапасы нашар. Тек өткен жылы ғана біз 150-ден астам солдатты денсаулығының жарамауы­на байланысты қызметтен босаттық. Яғни, әскери қызметтен тұтас ба­таль­онға жуық жауынгер шығарылды деген сөз. Бұл жерде жергілікті атқа­ру­шы органдар жұмысының сапасы туралы әңгіме болып отыр. Ашық түр­дегі туберкулезге шалдыққан жі­гіт­терді әскерге шақырудың бес оқи­­ғасы тіркелді. Жергілікті жер­лер­де медициналық қызметкерлер не істе­ген? Бұлардың армияға еніп кетуіне жол бермеу солардың міндеті ғой», – дейді Р.Жақсылықов.
Әскери бөлімшелерді жасақтау жос­пары да орындалмайтын көріне­ді.
Ұлттық ұлан басшысының бай­ла­мынша, солдаттардың әскердегі өлімі кейде оларды медициналық тек­серудің нашарлығы кесірінен орын алады. Сондықтан ол әскерге ша­қырылғандарға арналған міндетті ана­лиздер тізімін кеңейту керек деп санайды.
«Әскери комиссариаттардың ана­лиз тапсыруға арналған міндетті тексерулері тізбесіне бактериология­лық жұқпалы аурулар қоздыр­ғыш­та­ры­на немесе менингококк тасығыш­та­рына қатысты анализдер кірмейді. Соның кесірінен, жұқпалы дерті бар сол­даттың әскерде екі-үш күн ішінде ау­руы меңдеп кетуі ықтимал. Ондай адамд­арды армияға жіберуге болмай­ды деп санаймын. Алайда қазіргі кезде оларды анықтау мүмкін болмай отыр. Себебі, оны зерттеу медици­на­­лық тексеру тізбесіне кірмейді. Бұрын болған, кейін алынып тастал­ды. Сол себепті мен осы зерттеулерді әскери қызметке шақыру кезінде мін­­детті болатын тексерулер тізбе­сі­не енгізуді табанды түрде сұраймын», – деп түйді Ұлттық ұланның бас қол­бас­шысы.

Айхан Шәріп

Бөлісу: