Аймақтардағы айтулы мәселелер

128
0
Бөлісу:

Елді әлеуметтік дамытуға арналған кезек күттірмес шараларды іске асыру – уақыт талабы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Парламент Сенаты бюросының отырысында депутаттардың аймақтарға сапарының қорытындысы шығарылды.

Палата төрағасының орынба­сары Бектас Бекназаров сенатор­лардың жұмыс сапары туралы сөз сөйледі. Оның айтуынша, парла­ментшілер еліміздің барлық айма­ғында, соның ішінде шалғай елдімекендерде жүздеген кезде­су­лер өткізді. Мемлекет басшы­сы­­ның жаңа әлеуметтік баста­ма­лары осы шаралардың басты тақы­рыбына айналған. Аймақ тұрғындары Парламент қабыл­да­ған заңдар туралы жан-жақты хабардар етілді.
Кездесулерде көпбалалы отба­­сыларға және аз қамтылған азаматтарға жәрдемақы тағайын­дау мәселелеріне баса назар ауда­рыл­ды. Шараға қатысушы жұрт­шы­лық азаматтарды тұрғын үй­мен қамтамасыз ету, жергілікті авто­мобиль жолдарын салу, ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, коммуналдық қызмет тариф­те­рін реттеу және күнделікті қа­жет­ті тауарларға бағаны төмен­дету мәселелерін көтерді.
Сенат төрағасы Қ.Тоқаев қа­зір­гі кезеңде барлық мемлекеттік орган­дардың қызметі Nur Otan партиясының ХVIII съезінде Елба­сы айқындаған нақты мін­дет­терді шешуге арналуға тиіс екенін атап өтті.
– Қазіргі әлемдік және ұлттық экономикадағы жағдайға сәйкес елдің әлеуметтік дамуына қажетті шараларды жүзеге асыру – уақыт талабынан туындап отырған маңызды міндет. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы аналар­ға қамқорлық көрсету мемлекет­тік органдардың ұдайы назарында болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол депутаттар мен Үкіметті халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында нақты жұмыстарды аса жоғары жауапкершілікпен атқаруға ша­қыр­ды. Ұлттық қор мен респуб­ли­калық бюджеттен бұл жұмыс­тар­ға қомақты қаржы бөлінетіні айтылды.
Сенат төрағасы қысқа мерзім­де әлеуметтік бағдарламаларды және республикалық бюджетті нақ­тылауды заңнамалық қамта­ма­сыз ету жөніндегі ауқымды жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Ол халықты әлеуметтік қол­дауға бағытталған кешенді шара­лар­ды көпшілікке кеңінен наси­хат­таудың маңызы айрықша деп санайды.
Бюро отырысында Сенаттың 14 наурызға жоспарланған кезекті жалпы отырысының күн тәртібі бекітілді. Кейбір заңнамалық актілерге бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу, сон­дай-ақ баланың құқығын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізетін жаңа заң жобалары депутаттар назарына ұсынылады. Сенаторлар бұдан өзге, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі ара­сындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәсе­ле­лері туралы негіз­де­мелік келі­сімді ратификациялау туралы заң жобасын да қарайды.
Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары тұрақты комитет­тер­ге бөліп берілді. Атап айтқан­да, Халықаралық қатынастар, Қорғаныс және қауіпсіздік коми­те­ті «1995 жылғы 23 жел­тоқ­­сан­дағы Қазақстан Респуб­ликасы мен Ресей Федерациясы ара­сын­да­ғы Байқоңыр қала­сының мәрте­бесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу тура­лы хаттаманы ратифика­ция­лау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Ал Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан мен Қытай үкі­меті арасындағы «Қытай Ха­лық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келі­сімді ратификациялау тура­лы» заң жобасы бойынша бас коми­тет болып анықталды.

Айхан Шәріп

Бөлісу: