Бағындыруға қос шың қалды

118
0
Бөлісу:

Әлемдік сарапшылар қазақ елі экономикасының ұстындарының беріктігіне сенеді. S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның кредит рейтингін растады.

2019 жылғы 8 наурызда Stan­dard&Poor’s халықаралық рей­тинг агенттігі еліміздің тәуел­­сіз кредиттік рейтингін «ВВВ» деңгейінде, «Тұрақты» деген болжамымен белгіледі.
Салыстыру үшін айтсақ, дамыған ел саналатын Италия­ның рейтингі (ВВВ-) біздікінен төмен, ал Испанияныкі (ВВВ+) бізден сәл ғана жоғары. Бұл ретте республикамыздың рей­тин­гі «А-», «А» және «А+» рей­тинг­терімен деңгейлес, яғни барлығы «орташа сенімділік» тобына жатады. Одан жоғары тек «жоғарғы кредиттік сенім­ді­лік» деңгейіндегі «қос А» (АА-, АА, АА+) және «тамаша кре­диттік сенімділік» деңгейін­дегі «үштік А» (ААА) секілді екі шың ғана бар.
Қазақстанның рейтингіне қолдау көрсеткен негізгі фак­тор­­лар ретінде мемлекеттің қуат­­­ты балансы, сондай-ақ сарап­­­­шылардың 2022 жылға де­йінгі болжамындағы еліміз­дің өтімді активтерінің сыртқы қа­рыз­дарынан асып түсуі атал­ды.
Халықаралық сарапшылар 2019-2022 жылдары Қазақ­стан­да экономикалық белсенділік орташа есеппен 3% деңгейінде өседі деп күтуде. Бұған мем­ле­кет­тік бағдарламалар және өнді­руші салалардағы өсім септігін тигізбек.
Бұдан бөлек, S&P сарапшы­лары­ның болжамы бойынша жаңа Салық кодексінің арқа­сын­­да мемлекеттік кіріс біртін­деп арта береді. Бұрын инвес­тор­ларға оңды-солды қолда­ны­лып келген ерекше жағдайлар мен преференцияларды оңтай­лан­­дыру, фискалдық шоғыр­лан­дыру, салықтық базаны ұлғайту арқылы Салық кодексі теңгерімсіздікті азайтып, табыс­тарды арттыруы тиіс.
Мұның сыртында, Ұлттық банк­­тің қолға алып жатқан түр­лі шаралары нәтижесінде эко­но­миканы долларсыз­дан­дыру жалғастырылады.
S&P-дің «Тұрақты» болжа­мы бұл агенттіктің «алдағы екі жылда Қазақстанда мемле­кет­тік және сыртқы баланстар ор­нықты болады» деп тұспал­дап отырғанын да аңғартады.

Айхан Шәріп

Бөлісу: