Асыл әже

138
0
Бөлісу:

Менің әжем  Мәриамкүл Болатайқызы – бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстаған, ауылдың ырыс-берекесіне мұрындық болған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, өрелі немере-шөбере, шөпшек өрбіткен асыл ана. Аналық парызы өз алдына, әке орнына әке бола білген «тәубесінен жаңылмай, тәуекелінен тайынбай» бір әулеттің көшін өрге тартқан қажырлы жан еді. Мәриамкүл әжемнің жеті баласынан тараған ұрпақтары бұл күнде қара ормандай қалың бір қауым елге айналған.

Қазақ дәстүрінде туыстық жүйенің түп қазығы – отбасы. Ша­ғын отбасының өзінде ғана ата-әже, бала мен немере-шөбе­релер және ағайынды туыстар етене жақын араласады. Қа­уымдасып өмір сүрген қазақ халқында туыс­тық қатынастар ын­тымаққа, өзара тү­сіністікке, қуанышты бөлісіп, қиындықты бірге көтеріп, ауылдың берекесін ұйытуға ба­ғытталғаны да қазаққа тән қасиеттер. Әр әулетте, ауылда береке-бірліктің тұтқасы болатын данагөй адамдардың бо­латыны өмірдің қажеттілігі. Біздің әулеттің ұйыт­қысы да, ағайын-туғанның етене араласуына мұ­рындық болған, абысын-ажынның татулығын ұйыстырған, ауылдың ынтымағын келістірген, әсіресе, көршілердің сыйластығын ойлас­тыратын да, келіндердің тәрбие­шісі әрі ақылгөйі де апам болатын. Әжем «Алыс та жақын болар жо­лын тапсаң, жақының алыс болар қолын қақсаң» деп отыратын. Осы мақалды өміріне қағида тұтты. Саналы өмірінде алты буын ұрпақ жалғастығын көрген, немере, шөбере, шөпшек сүйген, солардың есеюіне даналық ақылымен ықпал еткен әжем Мәриамкүл Болатай қажы қызы шынымен бақытты ана деп пайымдаймын.
Апамның үлкендердің, ауыл­дағы ер адамдардың атын атамай, тіршілікте өздерін, өмірден өткен­де аруағын құрметтеп жүруі – ауыл келініне тән әдептілік, қазаққа тән тәрбие деп ойлаймын. Қазақта «Келін ененің топырағынан жара­лады» деген сөз бар, атамыз Жа­қыбай бидің бәйбішесі Шаруан апамыз да елге сыйлы, ұрпақтары ерекше жақсы көрген қормал жан болған екен. Шаруан апамызды бүткіл ауыл «мама» деп атағаны мәлім. Адами қасиеттің бәрі тек­тіліктен бастау алатынын ескерсек, Шаруан әжеміз Жетісу өлкесіндегі «ноқта ағасы» Жалайыр руынан шыққан Бөрібай батырдың шө­бересі болып келеді. Ұрпағының тектілігін мұрат тұтқан Салпық ба­бамыз баласы Жақыбайға Жа­лайыр руынан келін түсірген екен. Келін – ененің ізбасары дегендей, ақылды ене, инабатты келін – от­басының құт-берекесі. Әр буын ұрпақтан жалғасып келе жатқан әулетке тән өнегелі дәстүр сабақ­тастығын үзбей, отбасындағы ауыз­біршілік, бауырмалдық, сү­йіс­пеншілік іспетті қасиеттерді тәр­бие шыңына көтере білген Мә­риам­күл әжем көргенді келін дең­гейінен данагөй ана биігіне жетті.
Әжем Болатай қажының үкі­леп, үлпілдетіп, бетінен қақпай, ерке өсірген қызы болған. Болатай қажы өз ойын қаймықпай айтатын қызының өжеттігіне сүйсініп, тұспалдап, тауып сөйлеуге тапқыр­лығын ұштап, өнерлі етіп тәрбие­леген. Қазақ дәстүрінде ықылым заманнан қыз баланы «қонақ» деп әспеттеп, ерекше мейіріммен, ілтипатпен қарағаны ақиқат. Ерке­лікпен бұла өскен әжем тұрмысы толысқан, ел билеген ауыл Салпық бидің отбасына келін болып түседі. Ұзатылу рәсімі жаңа қадамдарға жол ашады. Суан тайпасының іргесін кеңейтіп, қыз алыспаған ру арасындағы туыстық қатынастың жаңа арнасы жекжаттық деңгейіне ұласуына мұрындық болды. Тоға­рыстан бабамыздан тараған Хан­гелді мен Мырзакелді атала­ры­мыздың жеті атадан асқаннан кейінгі алғашқы құдаласу рәсіміне жол ашқан менің апамның ұзатылу хикаясы. Хангелдіден шыққан ел ұстаған, ауқатты ауыл Башық ата мен Мырзакелді руының мар­қасқаларының бірі Салпық бидің құдаласуы, ақ биенің қанын ағызып, екі рулы елдің жақсы-жайсаңдарын сауын айттырып, ағайындық туыстан жекжаттық қарым-қатынасқа бет бұруына бата алғаннан басталғаны, менің пайымдауымша, Алланың апама деген ерекше ықыласының ны­ша­ны сияқты. Осындай үлкен сал­та­наттан басталған өмір көші, бір ауылдың өнегелі келініне жал­ға­сып, тоқсанның етегіне ілінген­ше бір әулеттің құрметті анасы ­бо­луына ұласып, өз кіндігінен 121-ден астам ұрпақ өрбітуіне жеткізді. Бір ғасырға жетпес өмірде бір ғасырлық өлшемнен астам ұр­пақты өсіріп жеткізу әркімге бұйыра бермес бақ.

Қазақы болмыс
Әжемнің маң-маң басқан аруанадай паң жүрісі, басқа әжелерден ерек ажарлы ақ жүзі; қырау шалған самайларын жа­сырып, келбетінің көркіне ажар берген маңдайы мен екі шықшыты зер жіптермен кестеленген, кеуде тұсы ою-өрнекпен сырылған әше­кейлі ақ кимешегі; үстіндегі етек-жеңі зерленген түрлі-түсті масаты қамзол мен аяғындағы жұмсақ қара мәсісі әлі күнге көз алдымда. Қаза­қы мәнерде тігілген киімдері өзіне сондай жарасатын. Әжем тумы­сынан ақсүйек адам еді. Тазалықты қалайтын, ұқып­ты­лыққа бойұсын­ған, әдемілікке жаны құштар сыр­баз қасиеті көзге ұрып тұратын. Әдемі киіну, үнемі киімін жаңалап, сәнді киініп жүру әжемнің көр­кем­дігін асқақтата түсетін. Ала­қаны кең аялы, сау­сақтары салалы адам болатын. Қолдарындағы құс­­тұмсық күміс жүзіктері де, өрнектермен безен­дірілген күміс білезіктері де кө­некөз өмірдің қол­таңбасы іспеттес жарасып тұратын. Болмысынан тектілікке жарыған, өмірден кө­регендік дарыған асыл әжемнің мінезі де ерекше еді. Тұла бойы қа­зақы болмысты мадақтап тұра­тын, мысалы, дене бітімі, бет әл­петі, қимыл-қозғалысы, мейі­рімді жүзі, байыпты көзқарасы, оғаш қылық қылаң берсе ағыны ырық бермейтін өзендей адуынды міне­зі – бәрі апама тән дербес мінез. Әжем осы дербес мінезімен ел-жұрттың жадында қалды және ұзақ сақталады-ау. Болмысына тән, табиғат сыйлаған және өмір­ден өзі шыңдаған мінез қасиеттері апам­ның дербес мінезін сомда­ғандай. Төлтума қасиеті жоқ адам­дарды «пенде» дегенді ескерсек, дербес мінез-құлқымен, өмірге де­ген құштарлығымен, ұрпаққа де­ген мейірімімен дараланған әжем­ді «асыл әже» деп әспеттесек те қа­діріне жете аламыз ба? Осы орайда әжемді «құдіреті қуатты ана» деп ардақтағаным артық болмас.
Жыл бойына құр қол отыр­маушы еді, күнделікті тірлікте құрақ-көрпе құрастырып, жүн түтіп, жіп иіріп, алаша тоқитын. Сыйлы қонақтарға деп алуан түрлі оюлармен әспеттелген сырмақ сыратын. Жеке отау болып бөлініп шығатын ұрпақтарына арнайы тұскиіз жасайтын өнері қайта­ланбас қолтаңбасымен айшықта­латын. Апамның көзіндей сақтал­ған үйдегі тұскиізге үңілсем, екі жақтауы мен жоғарғы жиегі кесте жіптермен тігілген ою-өрнек­тер­мен сәнделсе, орта тұсы оюлап басқан алуан түрлі өрнектермен безендірілген екен.
Тазалықты, ұқыптылықты жа­нындай жақсы көретін әжемнің іскерлігін қолдан қара сабын жасау шеберлігінен аңғаруға болады. Қара сабанды жасау аса еңбек­қорлықты қажет ететіні белгілі. Сары күзде буыны пісіп, сабағы қатайған алаботаны бір жерге жинап өртеткізетін. Алаботаның күлін суытып, күлдің нілін ағызып, одан сақар жасайтын. Күлден алынған сақар – сабын құрамының негізі. Әбден тазалап жуылған, майланған қазанға бір кесе сақар салса, оның үстіне дәл сол кесемен қойдың екі кесе майын қосатын да, сақырлатпай еппен шымырлата қайнататын. Қазандағы сақар мен май қосылған қоспа қайнаған са­йын оны арнайы ағаштан жасалған қалақшамен үзбей араластырып отыру керек. Бұл науқанға әжем көп ешкімді араластырмаушы еді. Бір қазан қоспаны ыстық күйінде сабынға бөлу әжем үшін, ерекше рәсім. Көбіне, әжем дайын болған сабын қоспасын жетіге бөлетін. Үлкендеу домалақ жасап, оның ішіне арнайы майдалап түтілген жүнді қосып жататын, сонан соң матаға әдемілеп орайтын. Бұл са­бындар алаша, көрпе жууға арнал­са, әдемілеп дома­лақтап, балаларға деп әр түрлі пішінде шағын түр­лерін жасайтын. Әжемнің па­йым­дауынша алаботадан алынған қара сабын үнемді, кірді жақсы кетіреді және емдік қасиеті жанға дауа. Немере-шөбе­ре­ле­рін қыр­қынан шы­ғарғанша әжем тек қана қара сабынмен жуын­дыратын.
Жылда жайлауға демалысқа шығу да­йын­дығы әжем үшін нау­рыз мей­рамынан кем емес бо­ла­тын. Көктемде жаңбыр жауып өткен соң, арнайы ши дайындап, өре жасап, оюмен өрнектеп ши тоқитын. Жылда ыңғайына орай серке немесе тай-құнанның терісінен жаңа саба дайындайтын. Киіз үйдің жабдықтарын жыл сайын жаңалап отырушы еді. Түр­лі-түсті бояу түстері үйлесімділікке толы, алуан түрлі ою-өрнектермен әдемі өрілген ши керегеге көрік берсе, кестеленген әдемі басқұр кереге мен уықтардың маңызын әспеттеп, шаңырақтан төгілген шашақты желбау осы көркемдікті жандан­дырып жіберуші еді. Әжем бар өнерін салып, жайлауда тігетін киіз үйдің жабдығын осылай ерте көктемнен бастайтын. Жаңаша жабдықталған киіз үйдің ішінде құлпыртып тастаушы еді: төрге жаңадан арнайы тұскиіз іліп, оюланған төркөрпе төсеп, жинал­ған жүкті жиегі кестеленген, етегі шілтерленген, әдемі өрнектермен безендірілген төсекжапқышпен жауып, босағаға алаша салатын. Киіз үйдің оң босағасында ыдыс-аяққа арналған сандықшасы болатын, қасық, шанышқы сияқты аспаптарды таза ұстау мақсатында матадан арнайы қалтасы бар қап­тама жасайтын. Осы әдіс – әжеме тән ұқыптылық пен тазалықтың жарқын көрінісі.
Жаз жайлауға мал қонып, қыр­қым науқаны біткен соң көршілер мен абысындарын асарға шақы­рып, өзіне тән шеберлікпен әр алуан ою-өрнектермен әспет­тел­ген текемет дайындайтын. Күз айла­рында тайлақтың жүнінен шұлық, кеудеше тоқитын. Арқан есетін, алуан түрлі түске боялған қой жүніне ешкі жүнін аралас­тырып, мал байлайтын жұмсақ ала жіп есетін, көктемде күзелген тай-құнанның жал-құйрығының қы­лына жүн қосып, атқа шылбыр жасап беруші еді. Қазақы қойдың күзгі қырқымынан әдемілеп басы­мызға қалпақ жасаса, аяғымызға пима басатын. Нарықтың өзегі қалдықсыз өндіріс деп ұрандатып жүрген пысы­қайлардың айтқан­дарын, әжем еш дабырасыз-ақ іске асыратын. Малдың барлық өнімін іске жаратқан қазақ халқының іскерлігі ұмыт болып, қосымша өнімдерді ұқсату заманауи талаптар үдесіне бейімделмей, мал шаруа­шылы­ғының дамуы кібіртектеп қалды. Осындай келеңсіздіктерді көріп жүріп, әжем іспетті көнекөз іскер­лер мен ісмерлердің тәжі­рибесінің тоқырап қалғанына өкінесің.
Әжемнің іскерлігін он сауса­ғынан өнер тамған шеберлік десе де болады. Әр жылғы басқан те­кеметтері, сырмақ пен алашала­рын­да салынған оюлары қайта­ланбайтын, өрнегін де, бояуын да өзгеше келтіретін. Әр немересіне арнап дербес ою-өрнек салатын. Ойлап тұрсам, әр ою-өрнектің өзіндік таңбасы, сыры мен құ­пиясы болған екен-ау. Әттең, әжем­нің осы құпиясын көзі тірі­сінде сұрап алуға балалық енжарлығым тұсау болды-ау.

Тағдыр елегі
Аяулы апам өжеттігі, намыс­қойлығымен емшектегі кенже ұлымен жесір қалғанда да өмірдің қиындығына мойымай, барлық балаларының жоғары білім алуына жағдай жасады. Өжет, намысқой, ақылды ананың тәрбиесін алған балалар шетінен өнерлі, батыл, еңбекқор болып өсті. Әжемнің жеңіл қимыл-қозғалысы, шешім қабылдардағы батылдығы, өжет мінезі, ойын астарлап жеткізу тапқырлығы, сөз орамын жүйе­сімен келтіретін шешендігі, ән­шілігі сияқты қасиеттері балала­рына берілген. Берісі Салпық бабамнан бастап өлең шығару, ән айту сияқты қасиеттер жеті ата­сынан үзілмеген қаракөк тұқым­ның ұрпақтарындағы өнер мен өмір сүруге деген қарымды қабі­леттерін ұштап, талап қанаттарын қатайтып, тірліктің додасына бап­тап қосу дегенмен де әжемнің қа­жырлы еңбегі. «Қайраты бар кі­сі­нің, берекеті бар ісінің» демек­ші ана еңбегі ақталды, үкілеген үміті орындалып, әке тегінен қуат алған ақындық, сазгерлік өнер бір от­ба­сынан екі ақын, екі сазгер, жур­нал­шы маман шығуына ықпал етті.
Төрехан атамыздың тұңғышы Әуелхан Жақыбаев Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер, ұзақ жылдар Талдықорған облыстық теле­ра­диосының бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Әдепхан Төре­ханұлы – мамандығы мұғалім, Қазақстанның үздік ағартушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, этнограф-ақын, сазгерлігі де бар, үш томдық таңдамалы туындылар жинағы жарық көрген. Базархан Жақыбаев мамандығы сауда қызметкері, Қазақстан сауда саласының үздік қызметкері, саз­гер­лігімен республикаға танымал, 50-ден астам ән жазған, ақындық өнері бар, қаламгер ретінде бір­неше кітаптары жарық көрген. Әдеп­хан мен Базархан Жақы­баев­тар «Алматы облысының құрметті азаматы» атақтарына ие болған. Төрехан атамыздың кенжесі Ғани Жақыбаев ақындық, әншілік, саз­герлік және көркемсурет өнер­лерін игерген қабілетті азамат бол­ған, әттең, өмірден ерте өтті. Артында қалған мұра әжемнің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында анасына арнаған «Анама» деген әні, сөзін жазған Әдепхан Төре­ханұлы. Бұл ән Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән мектебінің жаршысы атанған Жампейісов Нұржанның орын­дауында эфирде жиі айтылады. Атамыздың қызы Мәриамхан Жа­қыбаева апамыз «Батыр ана» алқа­сының иегері, бір ауылдың бере­кесін ұйытып, талапты да талантты балалар тәрбиелеген ардақты ана. Сейілхан апамыз да кеудесіне алтыннан «Батыр ана» алқасын тағып, бір ауылдың көшін түзеп, ұрпақтарының өсіп-өнуіне мұрындық болып отыр.

Көреген
Бір үйдің тұңғышы болған­дықтан, қазақ дәстүріне орай, апамның баласы болып өстім. Тұла бойы тұңғышын әжесінің тәрбие­сіне беріп, «әжесінің баласы» деп әлпештеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана шығар. Әжемнің көзі тірісінде, апамның бауырында өскен мені, әке-шешем «менің балам» деп айтып көрген емес. Мүмкін, осы қарым-қатынас әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың алтын көпірі шығар. Ал көреген әжем еш уақытта мені әке-шешемнен алыс­татпады, оларды қадірлеуді, құр­меттеуді міндеттеп отыратын. Ба­лиғат жасына келгенше апамның қойнында жаттым. Мектепке бар­ғанша апамның етегіне жа­бысып, соңынан бір елі ажырамай ілесіп жүреді екенмін. Есімде, апаммен қонаққа барсақ, қойдың басы апама бұйырса, құлағы менікі, сол үйдің балаларынан қызғыштай қорғаған тәттісі мен дәмдісін де жейтінмін. Асық жілік асылса, асығы – менікі. Көшедегі асығы көп балалардың бірі бол­дым. Ең әдемі асық та менде, өйткені апам текемет басқанда асықтарымды қызылды-жасылды қып әртүрлі түске бояп беруші еді.
Өткенге көз тіксем, апам өзі отырған қарашаңырақ қамын ғана емес, әулеттің жағдайын ойлап, шарқ ұрған адам екен. Ағайын арасындағы татулық, өзара түсі­ністік, жанашырлық және сый­лас­тыққа құрылған әулет мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдеріне селкеу түспеуін ойластырып, туыс­тар арасында үлкендігін білдіріп, барлық іске мұрындық болып жү­ретін. Үлкеніне сен үлкенсің, «қой» деп басу айтса, кішісіне «ағаңды сыйла» деп ақыл айтып отыратын. Әжемнің көзі тірісінде ағайын арасында реніш туындаса, «жаным құбандыққа» деп бәйек болатын апам барлығының көңілін аулап, қисынын тауып бастарын бір дас­тарқанға қосып, мәселені ушық­тырмай, тұншықтырып тастайтын.

Қолтаңба
Жарықтық апам шайқор жан болатын. Шай ішу рәсімі кәдімгі қонақ күту рәсімінен кем емес еді. Шайдың дәмді болуы судың сапасына, сонан соң қайнатуына, шайдың шығымына байланысты болатынын ерекше ескеретін.
Әжемнің шай қайнату рәсі­міндегі ұқыптылығы өз алдына бір хикая. Біріншіден, апам шай іше­тін үлкен самаурын, енесі Шаруан «мамамыздан» қалған жәдігер болатын. Күнделікті тірлікте осы самаурынға шаң жуытпай, ішіне қақ тұрғызбай, таза ұстауы, осы самаурынды қайнату жауап­кер­шілігін әркімге тапсырмайтын сақтығы, әжемнің шайға құмар­лығын, енесіне деген сүйіспен­шілігін айғақтайды-ау. Екіншіден, апамның самаурын қойып, шай қайнататын арнайы орны болатын. Суан тайпасы жайлаған «Бел­жай­лау» жайлауының орта тұсында Жақыбай бидің атажұрты «Ба­сат­қарағайдың» етегінде, «Құсмұрын» жотасының тұмсығына жақын бет­кейде орналасқан табиғи ұзын­шақ көк тас бар. Осы көк тас апам­ның келін болып түскенде алғаш самаурын қойып, шай қайнатқан орны екен. Екінші тас Белжай­лаудың «Қызылқия» асуы­на қарсы беткей «Аршалы бет» қонысында жайғасқан. Арғы бет­тен өткен соң, үлкен баласы Дәу­летхан атамыз сов­хозда мал мама­ны қызметін ат­қар­ған жылдары мекендеген осы қо­ныс апам үшін ерекше ыстық бол­ды. Үй тігетін қонысты да әжем өзі таңдаған екен. Өйткені, есік алдында самаурын қайнатуға ың­ғайлы көк тасы, сайда ағып жатқан өзені, жотамен керлеп түскенде қайнар бұлағы бар, үлкен жотаның бау­райында орналасқан осы жұрт әжем­нің көптеген ұрпақтарын өр­біткен қара қоныс. Табиғат заң­дылығы бойынша таудан ығысып ке­летін таза ауа, үйге жақын суы бал­дай қайнар бұлақ, беткейдегі ар­шаның иісі адамның көңілін мар­­қайтып, денсаулығына оң ық­пал етеді. Беткейдегі қалың арша кө­леңкесі сауын сиырлардың бұзау­ларын байлауға да ыңғайлы болатын.
Қонақ күту рәсіміне деген әжем­нің көзқарасы, қазақы қонақ­жайлықтың ең үздік дәстүрі десем де болар. Қонақтарға деп жылқы, қара мал мен қойдың кәделі жілік­терін және қазы, қарта, жаяларды оңаша сақтайтын. Жаз жайлау өзі дайындаған қой сүтін қосып да­йындаған құрт-ірімшіктері, қа­рынға салған сары май, сонымен қатар жент, талқан сияқты жеңсік астарды қонақтарға деп жеке сан­дықта сақтайды. Жайлау төрінде ерулік шай бергенде, марқа етіне қосып, ұнға салып сақтаған қазы мен жаясын асатын. Қонақтарға арналған қымызды жаңадан тігіл­ген сабаға құйып ашытатын, қы­мыздың ащысын сорып, дәмін кіргізеді деп ішіне жылқының жа­лы мен қазысын қосатын. Осын­дай мейманға деген ерекше құр­мет, ыждахаттылық әжемнің қонақ күтудегі дербес қолтаңбасы іспетті.

Ізгілік ізі
«Жаманның басына іс түссе, ойлай береді, жақсының басына іс түссе бойлай береді», «Араласатын ортаңды таңдай біл, сыйласатын адамдарыңды тани біл» деп айтқан өсиетіне балалықпен мән бермесек те, есейе келе сөз қадірін түсіндік. Қара өлеңнің қазанын сапырған әжем сөзге ұста еді, қисынын кел­тіріп, оралымды ой айту апама тән қабілет. Ас қайыратын баталарына дейін мағыналы және мақамды. «Олжалы жерден үлесің болсын, ордалы жиында орның болсын, жо­ралы жерде жолың болсын» де­ген батасы қаймағы түрілмеген қа­зақы дәстүрдің озық өнегесін дәріптегендей. Ұрпақтарына ақыл айтса да ұтқыр ойын көркем сөзбен жеткізетін. «Аузы аланың, ісі де ша­ла», «Тойлай берсең, той тау­сыл­­мас, ойлай берсең, ой тау­сыл­мас, қолдағы барды бағалай біл», «Қалыс туған жасық болма, артық туған асыл бол» деген нақылдары әжем­нің сөз саптау мәнерінің көрінісі.
Жетісу жерұйығының жази­ралы Жаркент өңірінде Әулиеағаш атамекенінде ұрпағын өрбіткен Мәриамкүл әжем қасиетті туған жердің аясында орманға айналған әулие қарағаштай өсіп-өнген үлкен әулеттің діңгегі іспетті. Парасат парқы да, аналық нарқы да, өнердегі қабілеті де, тұрмыстағы іскерлігі де, тіршіліктегі көрегендігі де ешкімнен кем емес дана адам болды. Дәулетхан, Әуелхан, Әдеп­хан, Базархан, Ғани сияқты ел құрметіне бөленген азаматтармен қатар өз кіндігінен тараған ұрпақ­тарының ішінен ғылым доктор­лары, ақын, әншілер шықты, рес­публикалық деңгейде жоғары лауазымды қызмет атқарып жатқан азаматтар қаншама. Шүкір, әжем­нің тәрбиесін көрген бір ғасырлық межеден асқан немере-шөбере­лері егеменді еліміздің түкпір-түк­пі­рінде тарыдай шашылып, еге­менді еліміздің баянды бола­ша­ғына атсалысып жүр.

Айбын ТӨРЕХАНОВ

Бөлісу: