Атқарушы билік атүсті қарап отыр

523
0
Бөлісу:

Ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жер бола тұра, ауыл жұртының «мал жаятын жер жоқ» дегенін ақпарат құралдарынан да, өңір-өңірді аралаған кезде де жиі естиміз. Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның ішінде 187 млн гектар – мал жайылымы. Осы жерге қазіргі уақыттағы 30 млн мал басын қалай бақса да болар еді, алайда бұл жайылым­ның 43 пайызы ғана қолданыста немесе 80 млн гектары ғана игерілген.

Қазіргі уақытта малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ауыл маңайындағы 15-20 шақы­рым­ға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімдігі жыл сайын төмен­деп барады. Салдарынан, қолда­ныстағы 80 млн гектардың 27 млн гектары деградацияға ұшыраған. Мал жаю ережелерін мүлдем елеу­сіз қалдыру салдарынан, ауыл маңайындағы жайылымдар тақыр жерге айналып отыр. Осыған бай­ланысты зоогигиеналық ахуал шие­ленісіп, мал ауруының кө­бе­юі­не әкеліп соқтыруда. Осы жайт­тарды ескерген Елбасы 2012 жыл­ғы 14 жел­тоқсандағы «Қазақ­стан – 2050» стратегиясы қалып­тасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жер өңдеу мәдениетін өзгертіп, жаңа ғылыми, техно­логиялық, басқа­рушылық жетіс­тіктерін пайдалана отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрімізді жаңғырту қажетін атап өткен болатын. Осы тапсыр­маны жүзеге асыруда, мал шаруа­шылығын дамытуда еліміздің жер қорының 70 пайызын құрайтын жайылым жерді, оның ішінде шалғайдағы жайылым алқаптарын қолданысқа енгізудің маңызы зор.

Мал жаюдың мәдениеті бар
1913 жылғы санақ бойынша елімізде жалпы саны 93 млн мал басы тіркелген. Ал бүгіндері ауқа­тымыз артса да, жағдайымыз түзелсе де, мал-қорамыз көбейсе де, еліміздегі мал басы 30 млн-ға жетер-жетпес. Мал басы өткен ғасырдың басында қазіргіден үш есеге артық болған. Оның себебі, жайылым жерді табиғатына сәйкес дұрыс пайдаланған. Арада бір ғасыр өтсе де территориямыз кеңімесе, тарылған жоқ. Бұрын ата-бабаларымыз жыл мезгіліне сай көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы жайылым жасаған. Мәселен, көктемгі жайылымның нақты бір аумағында дәрумен шөптер, дала гүлдері гүлдеген кезде ғана шы­ғады. Осы жерге мал қарасын 10 күнге ғана жайған. Қазіргі уақыт­тағыдай, жаздай бір жерді таптап мал қайырмаған, керісінше, ауыс­палы жер технологиясын малдың ыңғайы үшін пайдаланған. Енді бір ерекшелігі, жазда малды жусан­ды жерге бақпаған. Ол кезде жусанның гүлдейтін мезгілі, мал еркін жайылмайды, сондықтан мал таптамасын деп қыс бастал­ғанға дейін сақтаған. Есесіне қыс­тың бас кезінде жусанды жайы­лымды малдың иммунитетін кө­теру үшін қолданған. Тек қана қараша айында, бірінші ақ ұлпа қар түскен кезде ғана малды осындай жусаны бар жерге баққан. Осыған байланысты ақ-қара жу­санда бағылған төрт түлік қыстай ауруға шалдықпай, күйі таймаған. Қысқасы, жыл он екі айды малдың жайына қарай бөлген. Нәти­жесінде, мал басы көбейіп, таби­ғаттың тепе-теңдігі сақталған.
Айтылғандарға байланысты жайылым жерді жүйелі пайдалану тәртібін енгізу және мал бағу дәстүрін жаңғырту мақсатында, жайылым мәселесін түбегейлі зерттеп, зерделеп бір топ Парла­мент депутаттары «Жайылымдар туралы» заң жобасын жазып шық­ты. Оған 2017 жылдың 20 ақпа­нында Елбасы қол қойып, Қазақ­станның «Жайы­лымдар туралы» заңы толық күшіне енді. Бұл заң бұған дейін өздігімен реттеліп келген жайылым мәселесін ата-бабаларымыз қал­ды­рып кеткен ізбен ресми түрде реттелуін көз­дейтін ең алғашқы заң болып отыр. Мұндай заң елі­мізде бұрын-соңды болмаған. Заң­да жергілікті атқа­рушы биліктің тетіктері арқылы ұйымдастыру, жоспарлау, басқару жүйесіне қатысты іс-шаралар легі нақты­ланып заң жүзінде реттелген.

Жайылымды басқару өңірде-ақ атқарылатын шаруа
Заңның басты жаңалығы – еліміздің 2 548 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерекшелігін, тарихи қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескеріп, ауылдық округ және аудандық әкімдіктерімен, жер­гілікті өзін-өзі басқару орган­дарымен бірлесіп Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды жасайды. Жоспарда ауыл округіндегі жа­йылымдарының көлемі анық­талады, оның нормадан тыс пай­даланылатын жерлері, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жатқан жер иелерін анықтап, сол арқылы жайылым жерлерді, жайылым пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нор­мативтік талаптарға сәйкестен­діреді. Жоспар жергілікті өзін-өзі басқару органында және аудандық мәслихаттың отырысында қара­лып бекітіледі. Бұл құжат әділет орган­дарында тіркеуден өткеннен кейін құқықтық акт болып саналады. Осылайша, ауылдық округтердегі жайылым жерлерді игеруде әр өңірдің өз жоспарына сай заң нормалары жұмыс істейді.
Заңға сәйкес, жоспарды әзір­леуге әрбір жайылым пайдаланушы қатыса алады, яғни ауылдық елді­мекендердің аумағында өзіне же­терліктей жайылым жерді пай­дасына алу мәселесін шешу оның өз қолында деген сөз. Жоғарғы мемлекеттік органдарға, министр­ліктерге немесе Үкіметке алаң­даудың еш қажеті жоқ, барлығы жергілікті жерде, яғни ауылдық округ және аудан әкімдіктерінің құзыретінде толыққанды қарас­тырылған. Егер ауылдық елді­мекендердің аумағында жайылым жетпей жатса, онда жайылым ауыл округінің шегінде беріледі. Бұл мәселе аудан әкімі шешімімен жүзеге асады. Сол сияқты жер аудан көлемінде жетіспей жатса, бұл мәселе облыстық деңгейде шешіледі, қолданыстағы заңымыз оған мүмкіндік береді. Яғни, ауданаралық мәселелерді облыс әкімдерінің араласуымен, ал облысаралық жайылымның түйіні уәкілетті органның ұсынысымен Үкіметтің атсалысуымен тарқа­тылады. Заң жүзінде жайылым­дарды пайдалануға беру қысқаша осылай жүзеге асады.
Жоспарда жоғарыда айтып кеткендей үш деңгейлі жайылым жерлерді пайдалану қарасты­рылған. Біріншісі – ауылдық елдімекендердің аумағы шегінде орналасқан жерлерді пайдалану. Олардың жалпы көлемі шамамен еліміз бойынша 23 млн гектарды құрайды. Бұл жер ауыл тұрғын­дарына сауын мал басын ұстау бойынша мұқтажын қанағат­тандыру үшін тегін беріледі. Дегенмен бұл жайылымда жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етіетін нормалары сақталуы қажет, яғни жайылымда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі нормативтен аспауы керек. Егер нормадан асса, мал екінші деңгейдегі жайылымға немесе ауылдық округтің жеріне шыға­рылады. Ал қазіргі кезде дәл осы жерлерде еліміздегі мал басының 80 пайызы жайылып жүр. Бұл жағдай ауыл маңайындағы жайы­лымдардың тозуына себепші болып отыр. Оның себебі, малы бардың бағатын жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ. Осы теңсіздікті шешу үшін, ауыл маңайындағы жерлер ұсақ малдардан қой-ешкілерден, жылқылардан боса­тылып, тек қана сауын малға қал­дырылады. Ал егер ауыл маңа­йын­дағы жайылым сауын малдың жайылуына жетпесе, онда Қа­зақстан Жер кодексінің 84-бабы 4-1-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажын қана­ғаттандыру мақса­тында, жетпейтін жердің бөлігі толықтырылады.
Екіншісі – ауылдық округтер шегіндегі жерлерді пайдалану. Олардың көлемі шамамен 60 млн гектарға жуық. Оларға ауылдық округтердегі жерлерді жалға алған түрлі ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтар кәсіп­орын­дарының жерлері жатады. Бұлар­дың көбінде малы жоқ, бірақ малы бар шаруаларды жоғарыда айтып кеткендей, өз жеріне жібермейді, өйткені жерді 49 жылға жалға алған. Заң аясында бұл қарама-қайшы­лықты шешуге мүмкіндік берілген. Ол үшін, бұл жерлер жер заңна­ма­сында көзделген тәртіппен реттеліп жайылым жері жоқ, бірақ мал басы бар ауыл тұрғындарына беріледі.
Үшіншісі – шалғайдағы жа­йылым. Олар толығымен мемлекет меншігінде. Олардың жалпы ауданы 100 млн гектардан асады. Бұларға малды айдап апарып, шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда оған, мал айдауға қарапайым ша­руаның күші жетпейді. Сондықтан заңға сәйкес жергілікті ауыл округі және аудан әкімдігі өзін-өзі бас­қару органымен бірлесіп, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес Жа­йылым пайдаланушылар бірлестігі деген ұйым құрады. Мәселен, бір ауылдағы бір отбасының 50 қойы мен енді бірінің 100 қойын, үшінші үйдің 70 қойын біріктіру арқылы бір отар жинақтау көзделеді. Басқа малдың түрлері де осылайша бі­ріктіріліп, зооветеринарлық та­лаптарына сәйкестендіріліп жаса­лады. Осылайша, олар шалғайдағы жайылымға шығарылады. Бұл ауылды мекендерде кооперативті ұйымдарды және шағын орта биз­несті жандандыруға жол ашады.

Әкім-қаралар неге немқұрайлы?
Депутаттар заңды қабылдап қоймай, оның орындауын қатаң қадағалап отыр. Мәселен, 2017 жылғы 20 қыркүйекте Пар­ламент Мәжілісінің жалпы оты­рысында «Жайылымдар туралы» заңның ережелерін орындау жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауал жария­ланды. 2017 жылғы 30 қара­шада Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінде заң нормаларын тү­сіндіру бойынша облыстардың атқарушы органдарының өкіл­де­рімен кез­десу өткізілді. 2017 жыл­ғы 7 жел­тоқсанда «Нұр Отан» пар­тиясының алаңында «Қазақ­стан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдар­ламасының «Аграрлық сектор» комиссия­сы­ның отырысында облыс әкімдері орынбасар­ла­рының, облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармалары бас­тықтарының, әртүрлі дең­гейдегі мәслихаттар депутат­та­рының қатысуымен селекторлық отырыс өткізілді.
Дегенмен заңды орындау бо­йынша уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы орган­дарының (ауыл, аудан әкімдігі) тарапынан заң нормаларын орын­дау формалды сипатқа айналды. Ауыл халқы жергілікті өзін-өзі басқару субъектісі ретінде өзінің аталған заңдағы құқықтары мен мүмкіндіктері туралы білмейді. Оның себебі, бүгінге дейін заң нормаларын іске асыру бойынша тиісті әдістемелік, консультативтік іс-шаралар өткізілмеген. Бұл уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құлық­сыздығынан орын алып отыр.
Өкінішке қарай, «Жайылымдар туралы» заң қолданысқа енгеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де, ауыл халқы арасында жайылым жетпегендіктен көптеген түсін­беушілік туындап отыр. Сондықтан құзыретті органдар заңда бекітіл­ген міндеттерін дер кезінде орын­дап, ауыл халқы алдында жауап­кер­шілігін арттырса дейміз.

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan фракциясының мүшесі

Бөлісу: