АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНЕ КІМ КЕПІЛ?

163
0
Бөлісу:

Азық-түлік қауіпсіздігі дегенде, мәселенің басы ең әуелі – тамақ өнеркәсібіне, содан соң оның арғы жағында құлағы қылтиған – ұқсатушы өнеркәсіптерге, одан тіпті арырақ агроөнеркәсіп кешеніне барып тұйықталады. Ошақтың үш бұты – бұл үштік бекем болмайынша, олар жаққан оттың экономика қазанын қайнатар-қайнатпасы неғайбыл. Азық-түлік қауіпсіздігінен ұлт қауіпсіздігі көрінеді. Ең өзектісі – сол. Бұл орайда, зерттеуші ғалымдардың зар қағуы бекер емес. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін тар, тұрмыстық түсінікте емес, оны ұлт қауіпсіздігіне қатысты кең ауқымда қарастырған жөн.

Өйткені бұған дейін Елбасы әлемдегі үшінші сын-қатер ретінде «жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді» атап көрсеткен болатын. Мем­лекет басшысының былтырғы Жолдауында да ауыл шаруашы­лығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық таза­лығын сақтай отырып жүргі­зілуіне «алтыншы» басымдық берілді. Бұл – басымдыққа негіз болар себептер бар. Азық-түлік қауіпсіздігін айтқанда, күнделікті алдымыздағы асымыздың адал-арамдығы тіл ұшына оралады. Ал түп төркінінде бүтін мемлекеттің басын тасқа да, тауға да соқтырар сойқан жатыр. Әңгіменің әлқис­сасын тіршіліктегі азық-түлік қауіпсіздігінен басталық…
«Ауру – астан» деген атам қа­зақтың білгені бар. Бүгінде осы азық-түліктен қайғылы оқиғалар белең алғаны баршаға аян. Мұ­ның сыртында жалпақ жұрттың күнделікті кездестіретіні қанша? Шұжықтың ортасынан сым, нанда темір-терсек тауып алып, бұқара әлеуметтік желілерге жиі жіберіп отырады. Ненің көрсет­кіші? Әлбетте, қазаннан қақпақ жоғалған соң, иттен ұят кеткені. Бұл – өз ішімізде болып жатқан жайттар. Ал шекара асып келетін азық-түлік ше? Мұны күндіз-түні кірпік қақпай қадағалаулы деп бірде-бір ұйым кесіп айта ал­майды. Отандық нарықтағы астың сапасы көбіне-көп талапқа жауап бермейтінін айтудан һәм жазудан ғалымдардан бастап, тілшілерге дейін жалыққан емес. Зерттеушілердің айтуынша, «бүгінгі таңда отандық өнімдер нарығына сақтау мерзімі, адам денсаулығына, қауіпсіздік са­паларына жауап бермейтін, көп жағдайда генетикалық түрлен­дірілген шикізаттардан жасайтын импортты өнімдер келіп түсуде».
Сондай-ақ ғалымдар «мұндай факторлардың орын алуы тамақ өнімдерінің сапасына мемле­кеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің тиімсіздігінен болып отыр, яғни елімізге әкелінетін тамақ өнімдеріне, балалар та­мақтарына, гендік түрлендірілген организмдердің, тамақ қоспалары мен бояғыштардың, биологиялық белсенді қоспалардың айна­лымына әлі де болса бақылаудың күшейтілуін талап етеді» дейді. Келіспеске, шара жоқ. Ал сырт­тан сұрамай, өзіміздің отандық азық-түлік, тағамдарды толық тұтынуға мүмкіндік жоқ. Өйткені өзіміздің тамақ өнеркәсібі ішкі нарықты 100 пайыз жаулаған емес. Импортқа тәуелділік азық-түлік сапасына ғана емес, оның өндіруші, ұқсатушы агро­өнер­кәсіп кешеніне де кері әсерін тизігізетіні және бар.
Қолда бар деректер әлемнің тек 7 елі өзін-өзі азық-түлікпен 100 пайызға қамтамасыз ететінін айтады. 75 елде – 70-80 пайыз, ал 1 млн халқы бар 50 ел өзін азық-түлікпен 50-60 пайызға қамта­масыз еткен. Біздің отандық кәсіпорындар тұтынушы­лары­ның 30-40 пайызға жуығын ғана қамтыса керек.
Сөйтіп, дамыған елдер тауар өндірушілермен қатар тұтын­у­шыларды да қолдауға, сол арқылы импортты ығыстыруға тырысса керек. Жасыратыны жоқ, қазір біздің агрокешен тек шикізат шығарумен ғана айна­лысып отыр. Сондықтан Елбасы Жол­дауда «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экс­портын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақыл­дарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды» деп агрокешенге ақылды технологияларды тартуға баса мән берді.
Жалпы, азық-түлік қауіп­сіз­дігі – отандық сапалы және таза өнімдердің ел ішінің 80 пайызын қамтуы. Бүгінде ондағы техно­логияның жоқтығы, мал шаруа­шылының баяғы, қарабайыр үрдісі секілді себептер бұл кешен­нің кежегесін кері тартып отыр. Өткен ғасырдың 70-80 жылда­рының өзінде Германия, Фран­ция, Швеция, АҚШ елдері азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шараларды алдымен фермер­лердің құқын ерекше қорғайтын заң қабылдаудан бастапты. Сол арқылы аграрлық саланың айын оңынан тудырған. Еліміз дүние­жү­зінің ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіретін негізгі 25 мем­лекеттің қатарынан табылып, өзінің ресурстық әлеуеті жағынан қазіргі деңгейден 3-5 есе артық өнім өндіруге мүмкіндігі бар деседі. Ендеше, сол мүмкіндікті неге мүлт жіберіп отырмыз?
Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін ғалымдар жиі айтатын «Азық-түлік қауіп­сіздігі туралы» арнайы заң, «Азық-түлік қауіпсіздігі коми­тетін» құратын күн осы шығар, сірә. Мәселен, мына қоңыр аюлы көршіміз – Ресей 2010 жылы «Азық-түлік доктринасын» қа­былдады. Қытай 2011 жылы азық-түлік қауіпсіздігі саласын­дағы қылмыс үшін өлім жазасын енгізді. Дүниежүзіндегі елдің 95 пайызы азық-түлігінің қауіп­сіз­дігін ойлап, осындай заң­дарын қабылдап, шегелеп, ше­гендеп тастады. Демек ғалым­дар­дың зар илеуі тегін емес. Содан кейін ба­рып, агроөнеркәсіп кеше­ні­нің дамуы – азық-түлік қауіп­сіз­дігінің кепілі десек, келісерсіз.

Ақжелең ҚОҢЫР

 

Бөлісу: