КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫҒА 10 ЖАТАҚХАНА

462
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиа­лының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі көпбалалы аналармен кездесті. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен кездесуге келген аналардың қарасы қалың болды. Олар аймақ басшысы алдында түрлі әлеуметтік мәселелерді көтеріп, тілек-өтініштерін білдірді.

Асқар Исабекұлы өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы ана­ларға барынша көмек көрсеті­летінін, ол үшін биылғы бюджет есебінен 30 миллиард теңге бөлін­генін жеткізді.
Аймақ басшысының айту­ынша, облыста биыл 10 жатақхана салынады. Оның жетеуі – облыс орталығынан, үшеуі Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларынан бой көтер­мек. Бұл жатақханалар тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қамтитын болады. Ал осындай отбасылардан шыққан облыс мектептерінде оқитын 29 мың баланың ыстық тамағына – 2 мил­лиард теңге, мектеп формасын алып беру үшін 500 миллион теңге бөлінбек.
Бұдан бөлек, 23 мың оқушыға жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілмек. Сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отба­сынан шыққан оқушылар мен тү­лектер үшін де айтарлықтай же­ңіл­діктер жасалады. Айталық, би­ыл кол­ледждерге бөлінетін 13 мың грант­тың 50 пайызы аз қамтылған және көпбалалы отбасының бала­ларына тиесілі болмақ. Яғни, 6 жа­рым мыңға жуық студент мемлекет есебінен колледждерде тегін оқы­тылады. Олардың шә­кірт­ақысы мен тамақтануына 1,7 миллиард теңге қаралмақ. 7500 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың комму­налдық тө­лемдерін төлеп беру үшін 500 мил­лион теңге бөлінеді.
Асқар Исабекұлы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 70 пайызы ауылда тұратынын ескеріп, оларға демеушілер есебінен қай­тарымсыз мал беру шаралары да қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар өңір басшысы әлеу­меттік қолдау көрсету үшін құ­ры­латын арнайы комиссия құра­мына да барынша көпбалалы ана­лардың қосылатынын тілге тиек етті.

Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы

Бөлісу: