Головкиннің баспасөз мәслихатында айтқан сөздері (видео)

716
0
Бөлісу:

Головкин 2019 жылы тұңғыш рет баспасөз жиынын өткізіп, кәсіби мансабына қатысты барлық сауалдарға жауап берді.

Боксшының айтуынша, ол «Канеломен» үшінші рет жұдырықтасуға қарсы емес. Себебі, алдыңғы екі кездесуде де жеңдім деп есептейді. Сондай-ақ ол мексикалықтан жеңілгеннен кейін бокстан кету туралы мүлде ойламағанын да айтты.

«Әрине мен таңғалдым. Әлі күнге таңғаламын. Өйткені өзімді жеңілдім деп есептемеймін. Мұны қабылдау қиын болды. Бірақ осы шайқастан өзіме сабақ алдым. Үлкен тәжірибе жинады. Мен боксшымын. Мен өз жұмысымды істей беремін. Әрі қарай үздік жекпе-жектер жасап, жанкүйерлерді қуантқым келеді» дейді Головкин.

Ол неліктен DAZN сервисімен келісімге келгенін де айтты.

«Еркін агент кезімде ойлануға, сараптауға уақытым болды. Менің ойымша қазіргі таңда DAZN боксты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі және оған толық мүмкіндігі бар. Болашақта DAZN боксшылар үшін ерекше мекенге айналады. Еш құпия емес, менде басқа компаниялардан да ұсыныстар болды. Мен ұзақ ойланып барып шешім қабылдадым. Қазір біз серіктеспіз және бұл сәт менің промоутерлік компаниямның жұмысын жалғастырудағы маңызды кезең. Алдымен алты кездесуді өткізіп алғым келеді. Қазір өзімді өте керемет сезінемін. Алты кездесу – біз таңдаған алғашқы қадам ғана. Одан кейін көре жатамыз» дейді GGG.

Журналистер оның физикалық жағдайы туралы да сұрады.

«Қазір бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Қарапайым өмірде бәрі жақсы. Ал жаттығу лагеріне оралған кезде бұл сұраққа бапкерім Абель Санчес жауап береді. Негізі өзімді әрқашан жақсы сезінемін» дейді ол.

Ал боксшы келесі жекпе-жегі туралы қашан жария етуі мүмкін? Бұл сұрақ та жауапсыз қалмады.

«Көріп отырғандарыңыздай біз қазір толық құрамда емеспіз (Баспасөз жиынында промоутер Том Леффлер болмады). Осы аптада бәріміз түгел бас қосамыз. Барлығы үшін ашықпыз және сол кезде кандидаттарды іріктейміз. Қысқа уақыт ішінде қарсыласты анықтаймыз. Мен әрқашан мықты боксшылармен жұдырықтасқым келді және ешкімнен бас тартқан емеспін.

Бұған дейін боксшы промоутері Леффлермен қарым-қатынасын үзді деген де ақпарат тараған.

«Мұның бәрі сары басылымдардың ақпараты ғана. Менен сұраңыздар. Сенімді дерек көзінен сұраңыздар. Сіздерді сыбыстарға мән бермеуге шақырамын. Дәл қазіргі сәтте Том біздің командада және алдағы уақытта да бірге жұмыс істейміз деп үміттенемін» дейді Головкин.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: