МӘЛІМ НӘРСЕНІ МӘЛІМДЕУ

158
0
Бөлісу:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан тұзды ең көп тұтынатын елдердің бірі екенін мәлімдеді. Соңғы жылдары осы халық­а­ралық ұйымның қолдауымен үш зерттеу жүргізіліп, Қазақстан әлемдегі тұзды ең көп тұтынатын елдердің бірі екенін анықтапты. Мамандардың мәлім­деуіне қарағанда, елімізде әр адам күніне 17 грамм  тұз тұтынады, бұл белгіленген нормадан төрт еседей артық екен.

Мәртебелі ұйым, шын мә­нінде, үлкен бір жаңалық ашқан шығар дегенбіз. Сөйтсек, өзіміз жақсы білетін жайтты жақсылап жазып беріпті. «Қазақстанда тұзды тұтыну деңгейінің жоғары болуына тарихи және заманауи үрдістер себеп болып отыр. Бұрын адамдар тұзды, азық-түлікті – әсіресе, ет пен шұжықты, сондай-ақ құрт, ай­ран сияқты ашытқы сүт өнім­дерін сақтау мерзімін ұзарту үшін пайдаланды» дейді.
Ет пен шұжық немесе қазыны тұздау жөніндегі пікірмен келісуге болар еді. Құртты да сол қатарға қосайық. Ал айранға жол болсын? Айранға тұз қосқан қазақты көр­меппіз. «Бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояпты» дегеннің өзі емес пе бұл?!.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан мен Орталық Азияда дәстүрлі тұзды тағамдарды өндіру үрдісі әлі де жалғасып ке­леді, ал өңделген азық-түліктердің пайда болуы жағдайды одан сайын нашарлатып жіберген дегенді ай­тады. Тұзды тағамдар созылмалы аурулардың көбеюіне әкелетінін ескертіп, дабыл қағыпты. «Дәрі­герлер Қазақстан халқы дұрыс тамақтану, әсіресе, тұзды тұтынуға қатысты ұсынымдарды ескер­мейтін болса, бұл жүрек-қан та­мыр­лары аурулары, семіздік, екін­ші типті қант диабеті мен он­ко­­логиялық аурулардың ар­туына әкелетінін ескертеді», – деп қорқытып қойыпты.
Қайран, Мөңке би! Осыдан үш ғасыр бұрын «Ішкенің сары су болады, берсең итің ішпейді, бірақ адам оған құмар болады», – деп айтып кеткен екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы неге екені белгісіз, кілең дәстүрлі азық-түлікпен күресіп-ақ келеді. «Қой­дың еті – денсаулыққа зиян, қоры­тылуы қиын» деп қазақты қой еті­нен бездірді. Енді қазы-қарта, жал-жаяға жетті. Ол аз болғандай айранға ұрынып отыр. Бұлар на­ғыз зиян нәрселерді неге айт­пайды? Кока-кола, спрайт де­гендер – ит ішпейтін сусын емес пе? «Бірақ адам оған құмар бо­лады» дегенді 300 жыл бұрын өмір сүрген Мөңке би қайдан білген десеңізші!
Әрине, қай нәрсенің болса да мөлшері болады. Мөлшерінен асып кетсе не нәрсе де зиян. Тұзды тағамды мөлшерден артық тұтыну ағзаны бұзатыны анық. Елімізде онсыз да жүрек-қан тамыр ауру­лары, қант диабеті мен онкология­лық аурулар өршіп тұр. Бұған эко­логиялық зардап себепші бо­лып жатыр. Біздің қазақ биология­лық циклды бұзып алды. Ерте жа­тып, ерте тұру деген бабалардан келе жатқан дәстүрлі тынығу тәртібі жойылды…
«Ауру – астан, дау – қарын­дастан» деген сөзді айтып кеткен ата-бабамыздың даналығына ден қою қажет. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айтты екен деп, айраннан бас тарта алмайтынымыз анық.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: