ҰЛЫ ЕСІМДЕРДІ АРДАҚТАУ – ПАРЫЗ

363
0
Бөлісу:

Алматыда Nur Otan партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Қоғамдық кеңес бұл жолғы отырысты Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Ұлы даланың есімдері» атты жобаның жүзеге асырылуына арнады.

Жиынды «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, академик Уәлихан Қалижанов ашып, бүгінгі тақырыптың маңызына тоқталды.
– «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында халқымыздың өткені мен бүгіні, дүниетанымы, мәдениеті кеңінен қамтылған. Елбасы сол мақаласында біріншіден, ашық аспан астында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты энциклопедиялық саябақ ашуды, екіншіден, әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалардың галерея­сын жасауды, үшіншіден «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып тарату, жүйе­лендіру мәселесін реттеуді тапсырған болатын. Егемендік алғалы бері Президентіміз руханиятқа қатысты іргелі мәселелерді көтерді. 1995 жылы шыққан «Тарих толқынында» атты кітабында арғы-бергі тарихымызды түгел саралап, әлем өркениетіндегі қазақ зиялыларының рөлі туралы үлкен талдау жасады. Ол бойынша біраз конференциялар да өтті. Ұлытау төрінде берген сұхбатында да халқы­мыздың өткен тарихын жаңа заман тұрғысынан саралауға байланысты пікір білдіріп, тапсырма жүктегенін білесіздер. Қарап отырсақ, қазір кемелдену шағына келіп жеттік. Кеңес одағы кезінде бізді менсінбей, бұратана халық деп кемсітіп, білім-қабілетімізді мойындаған жоқ. Бірақ егемендік алғаннан кейін шын мәнін­де қандай ұлт екенімізді, әлем­дік өр­к­е­­­ниетте қандай орнымыздың бар еке­­нін уақыт көрсетті. Ке­мел­де­ніп, өткенге бет бұрып, тұлға­лары­мыз­ды дәріптеп, сол арқылы халыққа ба­ғыт сілтеп, тәрбие беретін кезеңге де ке­ліп жеттік, – деді Уәлихан Қалижанов.
Осылай деген кеңес басшысы басылып шыққан 100 томдық «Баба­лар сөзі» сериясының да баға жетпес құн­ды байлық екенін айтты. Бұдан кейін академик өз арамызда өзімізді төмендетіп жүретін жағдаят­тарға қатысты да пікір білдірді.
– Әсіре ұлтшыл дейміз бе, кей адамдар Абайды Махамбеттен төмен қойып, Жамбылды Сталинге бас ұрған деп айыптап жатады. Бұлай өз ұлтын өзі күстәналау – жараспайтын дүние. Осындай қажетсіз мінез-құлықтан арылуға Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласы өзек болады ғой деп ойлаймын. Біз қай тұлғамызды да бір-бірімен салыстырмай, бір-бірінен бөліп жар­май насихаттап, жарыққа шығарсақ қана ұтамыз, – деп атап өтті.
Өз кезегінде Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төраға­сының орынбасары Арман Халбеков қоғамдық кеңес көтерген тақырыптың маңызына тоқталып өтті.


– Елбасы мақаласында ұлтымыз­дың даму аспектілері атап көрсетілген. Ұлы даламыздан шыққан әл-Фараби, Жамбыл, Абай сияқты перзент­тері­мізді ұлықтау арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында ауқымды іс-шаралар тізбегі ұсынылды. Ұлы тұлға­ларымызды білу, оның еңбектеріне қанығу бүгінгі ұрпақ, мына біз үшін өте маңызды. Осы арқылы мәдениет­танушылар, тарихшылар, этнограф­тарға даңғыл жол ашылып отыр. Бүгінгі жиынға қатысушы азаматтар да өз зерттеулері мен ұсыныстары арқылы тарихымыздың жарқын беттерін ашып, келер ұрпаққа та­тымды мұра қалдырады деп сенеміз. Іргелі істі бастаған баршаңызға алғыс айтып, істеріңізге табыс тілеймін, – деді Арман Бейсенбайұлы.
Бұдан кейін сөз алған филология ғылымдарының докторы, белгілі шы­ғыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фараби жайында сөз қоз­ғады. Оның айтуынша, әл-Фарабиды ие­ленгісі келетін, өз елінің өкілі қылу­ға ұмтылатын мемлекеттер өте көп. Бі­рақ ақиқат жалғыз – әл-Фараби қазақ жерінде өмірге келген. Әрине, ғалым­ға мұны дәлелдеу оңайға түспеген.
– Мен әл-Фарабидің біздің өңір­ден шыққанын дәлелдеу үшін қан­шама архивті ақтарып, еңбек қылдым. Алдымен араб ғалымдарының ең­бектерін сараладым. Одан кейін басқа еңбектерді сүзіп шықтым. Солардың көбінде «Әбу-Насыр әл-Фараби әт-түрки» деп жазылған. Бірде Иранның ұлттық кітапханасында болдым. Ирандық ғалымдар «әт-түрки» деген сөздерін ат-тондарын ала қашады. Кітапхана директоры Иран прези­дентінің мәдениет жөніндегі кеңес­шісі екен. Сөз арасында «Әл-Фараби қазақ жерінің перзенті» деп қалып едім, әлгі кісі «жоқ, ол ирандық ға­лым» деп қарсы уәж айтты. Мен «Отырар ғалымын Иран ғалымы деуге қандай дәлеліңіз бар?» деп едім, ол бастырмалатып көнбей қойды. Сосын сіздерде «Ұлы адамдардың қазалары» деген кітап бар ма?» деп едім «бар» деді. Әлгі кітапты қарасақ, әл-Фараби әт-түрки деп тұр. Жаңағы кісі ұялып қалды. Отырардан бірнеше әл-Фараби шыққан. Бірақ біз айтып отырған ғалым 870-950 жылдары өмір сүрген, мерзімдік жағынан бірінші болып тұр, – дейді Әбсаттар Дербісәлі.
Бұдан кейін де мінберге көтерілген ғалымдар әйгілі тұлғаларымыздың есімдерін жаңғырту – қазіргі һәм ке­лер ұрпақ үшін қастерлі мұра боларына кеңінен тоқталып, өз жұмыстары жайлы толығынан әңгімелеп берді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: