АҚЕРКЕ АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮЙРЕТЕДІ

107
0
Бөлісу:

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ақерке Бекахметова көпбалалы отбасылардың балаларына тегін ағылшын тілін үйретіп жүр. 

Ол осылайша басқаларға қолғабыс қылуды мақсат тұтқанын айтады.
– Соңғы кездері көптеген адамдар қол­дауға мұқтаж жандарға көмек қолын созып ке­леді. Біреулер пәтер сатып алып беріп жат­са, басқалары балаларға сыйлықтар таратып жүр. Сонымен қатар көпшілігі азық-түлікпен немесе киім-кешекпен көмектесуде. Әркім қолында барын беріп, көмектерін аяп жатқан жоқ. Мен де солар секілді үлесімді қос­қым келді. Балаларға ағылшын тілін үйре­тіп, болашақта олардың мол табысқа қол жеткі­зуіне ықпал ету сияқты мейірімді бастаманы қолға алдым, – дейді Ақерке Бекахметова.
Ақерке аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, қымбат тұратын тіл курстарынан өтуге жағдайы жоқ, бірақ оқуға құмар балаларды ағылшын тіліне үйрету бойынша әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатыр.
– Әрине, бұл жобаны жүзеге асыру барысында сабақ өткізетін орынды жалға алу мәселесі туындады. Бірақ мәселенің шешімі бірден табылды. Nur Otan партиясының Ақмола облыстық филиалы сабақ өткізуге арнайы орын бөлуге қолғабыс жасады, – дейді ол.
Ақерке сияқты жас, талантты, бастамашыл мемлекеттік қызметкерлердің айналасындағы адамдарға әр адамның өзгерісті өзінен бастауы керегін көрсетіп жатқаны көңіл қуантады. Мұндай тиімді бастамашыл жобалар қоғамның кең қолдауына ие болып, қоғамдық сананы жаңғыртуда маңызды рөл атқарады.
Сабақты Ақерке аптасына бір рет демалыс күні өткізуді жоспарлады. Оның айтуынша, топқа балалар жинап, тіл үйрету жалғаса береді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, тіл үйренгісі келетін балалардың erkebek3103@gmail.com электрондық поштасына өтінім білдіруіне әбден болады.

Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу: