Ауылдастарына үй салып берді

90
0
Бөлісу:

Ақмола облысы Жақсы ауданына қарасты Киров ауылында белгілі кәсіпкер ауылдастарына арнап үй салып берді. 

Бүгінде «Қаражон» ЖШС-нің директоры Ұзақбай Шәкеев ауыл тұрғындарының еңбек етуіне барлық жағдай жасап отыр. 500-ден астам тұрғыны бар Киров ауылында аз уақыт ішінде 20-дан астам жаңа тұрғын үй бой көтерген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын басталған игі дәстүрдің нәтижесінде, елдімекенде қазір 20 шақты отбасы баспаналы болды. Кәсіпкер басқаратын серіктестікте 140 адам еңбек етеді. Олардың барлығы да әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілген.
Ауылдағы бұл жаңа үйлер қазір бірнеше көшеге сән беріп тұр. Ал кәсіпкердің ауыл­дастарына берген баспанасында жұмысшы 10 жыл тұрақты тұрып, серіктестікте табан ауыс­тырмай еңбек етсе, үйді өз атына жеке­меншік иелікке түсіріп алуға болады екен.
– Бұл үйлерді салып жатқанымыз, өздеріңіз білесіздер, адамдардың көбі қалаға кетіп жатыр. Осы мәселені шешу үшін жаңа үй салып жатырмыз. Бастысы, ерінбей еңбек ету, – дейді серіктестік директоры Ұзақбай Шәкеев.
Еліне елеулі азамат облыс орталығында өтетін бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, ауылға қажетті мамандарды таңдайды. Оларды тұрғын үймен қамтатамыз етіп, мек­теп оқушыларының ыстық тамақпен қамты­луын да өз мойнына алған. Ауылындағы ескі мәдениет үйін жөндеп, дәмхана ашып қойған.
Серіктестік биыл да тағы бірнеше үйді жаңадан салып, жұмысшыларының ескірген үйлерін жөндеп бермек. Одан бөлек, ауылды абаттандыру да жомарт жанның назарынан тыс қалмайды.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: