ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА!

165
0
Бөлісу:

BAQ.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Ерлан Оспан әлеуметтік желідегі парақшасында: «Ұлымды мектептен алып кетуге барғам.
Мұғалім бір келіншектің құлағына құйып жатыр екен:
— …Түсіндіңіз бе? Жұмаға дейін! Таңер­тең менің алдымда ғылыми жұ­мысының копиясы, баяндамасының ке­мінде алты слайдтан тұратын презента­циясы, тезисі жататын болсын! Өзіне де түсіндірдім! Әне, өзі де келе жатыр!
Дәлізден титімдей бала көрінді. Қасым­нан өте бергенде, ғұламадан именіп, жол беріппін сасқанымнан.
Мұғалім де өзінің болашағын ойламай­тын сияқты. Мына қарқынмен балалар үшінші сыныпта доктор болып кетсе, ары қарай не оқытады?»,- деп жазады.
Мұндай сөздерді айналамыздан жиі еститін болдық. Әсіресе, 10-11 сынып оқу­шы­лары арасында «Ғылыми жоба қорғауым керек», не болмаса, «ғылыми жобамды қор­ғауға қаражат қажет еді» дейтіндер де кө­бей­ді. Бұл қандай ғылыми жоба? Ол жоба­ның мақсаты қандай? ҰБТ-ға жеңілдік неге болмайды? Дәл осылай сауал қоятындар көп. Сонымен…
Ғылымды біреудің күшімен игеруге болмайды
Астана қаласы Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебайдың айтуынша, мұндай жоба оқушылардың дүниетанымын арттыруға көмектесетін көрінеді. «Жалпы Оқушылар сарайында үлкен бір бөлім бар. Бөлім – ғылыми техникалық бөлім деп аталады. Ғылым бағытында, оның ішінде математика, физика, химия, биология сияқты жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша балалардың қызығушы­лығын арттыру мақсатында дайындайды. Одан кейін техникалық бағыттағы робототехника, ғарыш техникасы, кино­модельдеу бар. Балалар көбіне химия пәнінен ғылыми жобаларға қатысады. Өйткені химия Қазақстанда кенже дамыған сала болғандықтан, біз оны ілгерілетуді қолға алдық. Оқушылар арнайы жоба жасап, Ерлан Сүлеймен жетекшілік етеді. Ол былтыр «Астананың үздік қосым­ша білім беру педагогы» атанды. Жетек­шінің қарамағында арнайы химиялық лаборатория бар. Балалар жазда даладан арнайы шөп жинайды да, жыл бойы іс-тәжірибе жүргізеді. Өсімдік май­ларын, сабын, түрлі иіс су әзірлейді. Биотех­но­логияны да дамытуды қолға ал­дық. Бүгінгі таңда биотехнологияға бай­ланысты азды-көпті зерттеу жұмыс­тары жүргізіледі. Көбіне жекелей пәндер­ден балалар бізде дайындалып, мектеп атынан ғылыми жобаға қатысады. Космос теория­сынан да ғылыми жобаға қатысқан балалар бар.
Бұрындары ғылыми жұмысқа қатыс­қандарға жеңілдік бар еді. Олимпиадада баланың білімі көрініп тұрады. Ал ғылыми жобада ақша төлеп біреулерге жаздырып алады да, оны шетелде қорғайды. Осыған елдің бәрінің қызығушылығы болды. Ақшасын аямай төлейді, шетелден жүлделі орын алып береді. Қазір қайта бәрі орнына келді. Экс-министр Ерлан Сағадиевтің қабылдаған ең дұрыс шешімдерінің бірі болды. Қазір ғылымға нақты бейімі бар балалар ғана жобаға қатысады. Сондықтан бұрынғы жүйеден айырмашылығы осында. Неғұрлым баланы ғылымға бейімдегеніміз дұрыс. Қабілеті бар оқушыны жетектеп, жол көрсетіп, технологияны игеруге жете­леу керек. Ғылымды біреудің күші, ақша­ның көмегімен емес, ынтамен игеру қажет. Ғылымға жетелеу – ақшалай демеу деген сөз емес. Ата-аналар осыны түсінсе дей­мін. Сәуір айында химиядан халықаралық ғы­лыми жоба сайысын өткіземіз. Әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды балалар ке­леді. Біздің оқушылар да кем түспейді», – дейді Ербол Іргебай..

Оқушыға жаңалық ашу оңай емес

«Қазіргі білім берудегі өзгерістердің ішінде оқушылардың кез келген тақы­рыпты шағын зерттеулер арқылы меңгеруі негізге алынған. Себебі, бастауыш сынып­тың өзінде қайта-қайта дау туғызған траек­тория ұғымы сияқты кейбір шағын та­қырыптардың өзін балалар сабақ үстінде қысқа ғана эксперимент жасап, өздері қорытындылап, меңгеруге тыры­сады. Оқу­шы­­ларды ғылыми немесе шағын шығармашылық зерттеулерге бағыттау керек. Бұл – өте маңызды процесс. Қазір оқушылар сабақта әртүрлі зерттеу жұ­мысын жасайды. Мұғалімнің жетекшілі­гімен немесе жоғары сынып оқушылары­ның жетекшілігімен тек қана бір сабақ деңгейінде емес, қысқамерзімді бір жыл­дық, екі жылдық зерттеулер жүргізеді. Ғылыми жоба жоғары сынып оқушысына не береді? Өздері қызыққан сала бойынша зерттеу түрлерін меңгереді. Ақпарат жинау, салыстыру, ақпарат түрлеріне сілтеме жасау, есеп жүргізуді үйретеді. Егер зерттеу жұмысы физика, математика саласы болса, күнделікті лабораторияда тәжірибе жүргізе алады. Қазір ғылыми жұмыс, әлеуметтік зерттеу немесе шығармашылық зерттеулермен балалар айналысады. Бұрын халықаралық ғылыми жоба кон­курсында бірнеше рет жеңімпаз болғандар бірыңғай тестілеуден босатылатын. Қазір бұл талапты алып тастады. Жеңілдікті алып тастағаны дұрыс болды. Оқуға түсуді бір ғылыми жобаның негізінде емес, бірнеше пәннен арнайы кешенді тес­тілеуден өту арқылы қарастырған дұрыс. Бірақ ҰБТ-дан босатпайды екен деп, оқушылардың зерттеу жұмысына деген қызығушылығы азайған жоқ. Негізі ғылыми жоба деп қарастырған дұрыс емес. Кез келген зерттеу жобасы ғылыми, әлеу­меттік, шығармашылық жоба болып бө­лінеді. Ғылыми зерттеулермен айналыса­тындар өте аз болады. Ғылыми тұрғыда жаңалық ашу деген оңай емес. Әр жерден көшіріп алып жазу ғылыми жобаға жат­пайды. Одан гөрі, қазір оқу­шылар әлеумет­тік жобамен айналысады. Онымен қоса шығармашылық жобамен айналысатындар да жеткілікті. Мысалы, оқушы экология­лық проблеманы алады. Сол бойынша өз ұсынысын білдіреді, талдайды. Бұл – ғылыми жоба емес. Бү­гінде жоғары оқу орнындағы ғалымдардың өзінің ғылыми жаңалық ашуы мұң. Ғылыми жоба дегеннен кейін «балалар ғылыми жаңалық ашып жатыр» деп ойлайды. Олай емес. Балалар тұрмыста іске асатын дүние жасауы мүмкін. Үйдегі дүниені үнемдейтін жүйе ойлап табуы мүмкін. Әртүрлі ғылыми деректерді жинау арқылы ортақ тұжы­р­ымдама жасайтындай жоба дайындауы мүмкін. Жақында ғана Алматы қаласында ғылыми жобалар байқауы өтті. Бір оқушымыз киіз үйдің құрастырылуындағы физика заңдылық­тарын қарастырды. Бұл жаңалық болмауы мүмкін. Бірақ баланың физикадағы білімін тұрмысқа қарай бейімдей алады. Математикадан ғылыми деректерді сәйкестендіреді. Анализ, синтез жасап, басқаша тұжырым жасай­ды», – дейді мектеп директоры Сафура Төлекова.

Ғылыми жоба ақылы болмауы тиіс

Оқушының ғылыми жобамен айна­лысуын қолдайтын да, қолдамайтын да ата-ана көп. Тұрар Сәттарқызы есімді ана баласының зерттеу жұмысымен айна­лыс­қанын құп көреді. Оның айтуынша, ғы­лыми жоба – зерттеушілік қабілетін аша­ды. Ол: «Үлкенім – студент, кенжем – оқушы. Балаларды алға жетелеп, жан-жақты дамытуға бар күшімді жұмсаймын. Ғылыми жұмысты көшірмейміз, сатып алмаймыз, зерттейміз. Зерттеу – баланың дүниетанымын кеңейтеді, зерттеушілік қабілетін ашады. Зерттеу объектін мұғалім емес, өзім ұсынамын. Соңғы зерттегеніміз музей туралы болды. Музей тақырыбын таңдадық, екі жыл зерттедік, музей ара­ладық, салыстырдық. Баланың ықы­ласы оянады, ұялы телефон, интернетке тел­міртпей, ана-ана баламен жұмыс істесе, балаға жақсы. Зерттеу арқылы бала жан-жақты қалыптасады. Көпшілік ал­дында сөйлей білуге үйренеді. Өз тәжіри­бемнен түсінгенім – балаға дұрыс бағыт беру керек. Сонда ғана нәтижеге қол жет­кізеді» деген пікірін алға тартады. Ал Сезім Жанатқызы болса, халықаралық олимпиада, ғылыми жобаның көмегі бола бермейді дейді. «Меніңше, бұған қа­тысатын оқушылардың үздігін мектеп анықтап, өздері апару керек. Ал қазір балалар ата-ананың қаржысына барады. Барып-келу жолы ғана емес, қатысқаны үшін және орын үшін тағы төленеді. Оған қоса, 1, 2, 3-орындардың бекітілген став­касы бар. Онда да ставка доллардың өсуіне қарай өзгереді. Ол аздық еткендей, мектеп директоры сенімен кәдімгідей сауда­ласады. Мәселен, балам былтыр ғылыми жобаға қатысты. Ол кезде қатысу үшін 50 мың теңге еді. Жобаға бір жұма қалғанда, бағасы 70 мыңға өсті. Бір күн бұрын мұ­ғалім хабарласып, бұл ақша тек қатысқаны үшін ғана деп ескертті. Егер орын керек болса, оның төлемі бөлек. Бірінші орын үшін тағы 70 мың қосып төледік. Бірақ сол алған бірінші орынның еш пайдасын көрген жоқ. Бұған ақша алатыны бар, әу баста балаға тақырып бермей-ақ, қатыс­тырмауы керек еді. Сабақ үлгерімі жақсы деп мұғалім өзі қатыстырады. Артынан қатыспаса, ақшасын төлемесе, сабақ үлгерімін нашарлатып, барынша құлатуға тырысады екен. Ата-ананың да, баланың да көз жасына қалмау үшін о баста халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаның ақысын айтқан дұрыс. Сонда кімге керек, сол өзі-ақ сатып алар еді. Ғылыми жобаға екі адам қатысады. Оның бірі төлемесе, кесірі өзіне де, екіншісіне де тиеді. Ақшаны да әр баладан алады. Шыны керек, мектеп бітірген соң бұл сертификаттың біреуінің пайдасы тимеді. Өйткені қазір бұрынғыдай халықаралық олимпиадаға қатысқан бала жоғары оқу орнына тегін түседі деген жеңілдік жоқ. Ал ғылыми жобаға қатысқан оқушы таңдаған оқу орнына 50 пайыздық жеңілдік бері­летін еді. Қазір ондай жеңілдіктер алып тасталған. Тіпті «Алтын белгіге» бітір­геннің де пайдасы жоқ», – дейді ата-ана.

Мектеп оқушысының шығармашылық ізденісі

Бұл – ата-аналардың пікірі. Ал бұған мұғалімдер қалай қарайды? «Дарынды оқушыны ғылымға бейімдеу – бүгінгі күннің басты талабы. Оқушылар арасында КҒА және Дарын ғылыми жобалар конкурсы бар. 2000-2007 жылдар аралы­ғында ғылыми жұмыспен айналысуға ниетті оқушылар саны аз болды әрі талап деңгейіне жетпесе де, қатысушылар көптеп кездесті. 2008-2018 жылдар ара­сында ғылыми жұмыс жазудың арнайы үлгісі, алғышарттары әдістемелік құрал ретінде таратылды. Сонымен қатар біліктілікті арттыру курстарында дарынды оқушымен жұмыс жүргізу талаптары ар­найы сағаттармен өтіліп жатыр. Алайда ақылы байқауларда ізденіс жұмысының сапасы ескеріле бермейді. Қатысу жарнасы 14 мың мен 25 мың арасын құрайтын «Бейбітшілік әлемі» сияқты қоғамдық қорлардың ұйымдастыруымен өтетін ғылыми жұмыста қатысушының бәріне 1-2-3 дәрежелі диплом беріледі. Ғылыми жұмыс жазу екінің бірінің қолынан кел­мейді. Ғылыми жоба үлкен ізденісті талап етеді. Сондықтан көбіне жоғары сынып оқушыларына ғылыми жұмыс тақырыбын беремін. Оның өзінде дарынды баламен жұмыс істеу керек. Тақырып таңдағанда, баланың қарым-қабілетіне, қызығушы­лығына баса назар аударамын. Соңғы рет оқушыммен «Махамбет Өтемісұлы өлеңдеріндегі ассонанс пен аллитерация» тақырыбында ғылыми жоба қорғадық. Талдау, іздену жұмыстарына ұзақ уақыт кетті. Оқушыға керекті әдебиет пен із­денуге бағыт бердім. Өзім де кем-кетік­терін түзедім. Ғылыми жоба жасау бары­сында оқушы төселе түседі», – дейді мұғалім Зәуре Бексұлтанқызы.
Ал Kazbiblim.kz порталының бас редакторы Аятжан Ахметжанұлы жаппай ғылыми жоба жасаудың қажеті жоқ деген пікірді алға тартады. «Жалпы ғылыми жоба кімге керек? Ең алдымен, ғалымдарға, ғылым жолындағы ізденушілерге, өнер­тап­қыштарға керек. Оларға қаншалықты қолдау көрсетіп жатырмыз? Қазіргі ғы­лымға қолдау көрсете алмасақ, өсу бол­майды. Ғылым, ғылыми жоба деген ізденіс үстіндегі адамның тірлігі. Ол екінің бірінің қолынан келетін дүние емес. Мектеп оқушысының он мыңнан біріне керек болар. Мектеп оқушысының ғылыми жұмысын – ғылыми жоба деп атауға қарсымын. Ол ғылыми жоба емес. «Мектеп оқушысының шығармашылық ізденісі» десек, дұрыс болар. Тіпті қазір ғылыми жобаны бастауыш сыныптың деңгейіне түсірдік. Бастауыш сынып оқушылары ғылыми жоба жазады. Ғылым әркімнің ойыншығына айналмауы тиіс. Ғылымға бет бұратын, жаңалық ашатын бала жүз мыңнан бір болуы мүмкін, осының өзі – ерлік. Сондықтан мектептегі әр оқушының жазып жүргені – оқушының шығарма­шылық ізденісі. Осындай атау бергеніміз жөн. Жалпы, жаппай ғылыми жобаға көшкен кезде, толыққанды плагиаттың деңгейіне түсеміз. Бұрындары ғылыми жоба жұмысына грант бөлу болды. Оқу­шының ғылыми жобасына грант бөлу – жемқорлыққа грант бөлу. Сол кездегі мем­лекеттік грант қаншама ғылыми жоба­ға берілді. Бірақ ғылыми жаңалығы жүзеге асқан оқушыны көрмедік. Мемлекеттік грант алған бала ашқан жаңалығынан нәтиже шығаруы керек еді. Онда екілікке оқитын балаға грант бөлгенмен бірдей жағдай. Себебі, мектепті алтын белгімен бітіре алатын дарынды балаға ҰБТ ойын­шық болуы керек. Қабілетті бала қай жа­ғынан да қабілетті. Ол – ҰБТ балын авто­матты түрде қойып бере салатын «ғылыми жоба сайыстарына» тәуелді емес. Осын­дайда пән олимпиадасы жеңімпаздарына да грант бөлді деген сөз болады. Пән олимпиадасы ғылыми жобадан бөлек дүние. Өйткені пән олимпиадасында біреудің жұмысын біреу көшірмейді, плагиат деген нәрсе жүрмейді. Пән олим­пиадасы оқушының білім деңгейін тек­середі. Ғылыми жобадағыдай біреудің дипломдық жұмысын қайта қорғамайды. Пән олимпиадасы мен ғылыми жобаны бір деңгейге қоюға болмайды. Өкінішке қарай, біздегі ғылыми олимпиадалар бір ізге түспеген. Мемлекеттік қараудан тасада өтіп жатқан шаралар. Біз пән олимпиа­дасында биік деңгейге жеткен қазақ балаларын білеміз. Бірақ олардың қазір қайда екенінен хабарсызбыз. Әлемдік олимпиададан 2-3 мәрте алтын алған балалар халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүр. Бірақ біз олардың потен­циалын пайдалана алмаймыз. Ғылыми жобамен айналысу мектепте болуы керек. Бірақ оқушының барлығы айналысуы міндет емес. «100 қойдан 120 қозы алу» деген саясатты ұмытатын кез жетті. Мектепте шығармашылық қабілеті бар бірен-саран баланы тарту керек. Бір мектепте 3000 бала оқыса, соның үш-төртеуі жаза алса, жеткілікті», – дейді.

Айкерім ӘЛІМЖАН,
әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-дың аға оқытушысы:
– Студенттерді ғылыми жобаға қатыстыру – жастарды өз еркімен ізденуге, белгілі бір зерттеулер жасауға ынталандырады. Ғылыми жетекші ретінде студенттерге алдын ала тақырыптар беріп, контент сараптамалар жасатамын. Ең үздіктерін ғылыми жобаларға қатыстырамын. Ғылыми жобалар сырттай болмауы керек деп ойлаймын. Өйткені елімізде өтетін ғылыми жобалар, олимпиадалардың көпшілігі жұмыс жіберумен шектеледі. Жастар арасындағы ғылыми жұмыстарды жандандыру қажет. Университет, республика көлеміндегі байқаулармен шектелмей, шетелдік сайыстарға қатысуға қауқары жетерлік жастар бар. Ғылыми жобаларға мемлекеттен қаржы бөлініп қана қоймай, қадағалау жұмыстары жүргізілсе жөн болар еді. Мектеп кезінде жасаған ғылыми жобасы – ізденіс. Ізденісін студент кезінде тәжірибемен астастыруға болады. Еліміздегі жоғары оқу орнының біразында ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Студент өзін жан-жақты дамытамын десе, ғылыми жұмыспен айналысқаны жөн. Ғылыми кітапхана, зертхана, арнайы аудиторияда зерттеу жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алады.

Жоғары сынып оқушысы үшін ғылыми жоба – ізденіс. Ал бастауыш сынып оқушыларына мұндай жобалар қажет пе? Әріпті енді меңгерген бала ғылымды қайтсін?! Әрі бастауыш сыныптағы оқушының әлі де ойын баласы екенін ескергеніміз де абзал. Жоғары сынып оқушысы ізденісті қажет етіп жатса, ол өз еркі. Ізденісін ғылымға ұластырамын десе де, қақы бар. Демек, баланың өнертапқыштық қасиетін орынды пайдалана алса, мұғалімнің ұтқаны. Ал «зорлықпен», жүрек қалауынсыз «ғылымды» игеремін деу, бос әурешілік болар еді. Әсілі, хакім Абай айтқандай, «ғылым таппай мақтанбағанымыз» жөн-ау.

Бетті дайындаған Гүлзина БЕКТАС, Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу: