ЖАЙЫҚТЫҢ БАЛЫҒЫ НЕГЕ ҚЫРЫЛДЫ?

206
0
Бөлісу:

Өткен жылдың желтоқсаны Жайық өзеніндегі балықтарға жұт болды. Алдымен бірнеше келі өлі балықтарды көріп, сол кезде дабыл қаққан жергілікті тұрғындардың қаупі шындыққа айналды. Жайықтың бірнеше аумағынан төрт тоннадан аса өлі балық жинап алынды. Қырсыққанда Жайық өзеніне мұз ерте түсіп, өлі балықты жинауға кедергі келтірді. Сонда да өзеннің жайын ойлаған жергілікті билік пен құзырлы органдар мұзды ойып, өлген балықтарды іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Бағалы байлығымыздың көз алдымызда қы­рылып жатқанына жанымыз ауырып отырғанда, өңірдегі бекіре балық өсірумен айналысатын екі зауыттың тоғандарындағы бекіре балықтардың өлімі тіркелді. «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытында 1,7 тонна, «Луговой жылқы зауы­тын­да» ЖШС-ға қарасты бекіре өндіру зауытында 101 тонна бекіре балықтың қырылуы балық өсірушілер үшін тым қатты соққы болды.
Бұл жағдайға Жайық пен Қиғаш өзендерінің арнасы тартылып, өзен суы ластануының да себебі болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Себебі, Ресейдегі Ириклин су қоймасынан құйылатын су көлемі аз. Көрші елдің суға сараңдығы Жайықтың арнасының кеуіп кетуіне әкеп соқпаса, қанеки…
Көп жылдан бергі өзекті болған бұл мәселеге өткен жылы қаражат бөлініп, екі өзеннің түбін тереңдету жұмыстары басталған болатын. Одақ кезінен танылған балықты өңірдегі жағдайдың тым асқынып бара жатқанына зерделеу жүргізген облыс әкімі Н.Ноғаев ауылшаруашылығы саласынан балық шаруашылығын дербес алып, балық шаруашылығы басқармасын құрып, жұ­мыс­ты күшейтуге пәрмен берді. Балық өнер­кәсібіне қатысты жаңа жобалар жасақталып, ба­ғалы балықтарды сақтаудың жолдары пысық­талып тұрған сәтте балықтың қырылу оқиғасы тіркелгені күтпеген жағдай болды.

КҮДІККЕ ІЛІНГЕНДЕР КӨП…
Жайықтағы қара балықтың қырылуы тіркел­ген кезде-ақ жергілікті тұрғындар тарапынан өзенге мұнай-газ кәсіпорындары тарапынан лас қалдықтар тасталған деген пікір айтты. Облыстың эколог-ғалымы М.Диаров та «Өзендегі балықтың өлуіне табиғи-антропогендік факторлар әсер етуі мүмкін, аймақтағы кәсіпорындардың қоршаған ортаға деген немқұрайлықтарының салдары болуы ықтимал» деген пікірін айтты. Эколог ғалым мен мамандардың және тұрғындардың пікірінше балықтардың өлуіне мұнай-газ саласы кәсіпорындары, «Атырау су арнасы» КМК-нен өзге өткен ғасырдың орта тұсында салынып, бүгінге дейін қолданылып отырған «Сасықсай» полигонының пайдасынан зияны көп екенін айтуда. Булану алаңында лас сұйық қалдық жинақталған «Сасықсай» – аймақ экологиясына аса залал келтіріп отырған нысан. Бұл мәселе облыс орталығында жаңа кәріз суын тазарту кешенінің құрылысы біткен соң ғана толық шешімін табады. Облыстық құрылыс басқар­масының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, нысан биыл жыл соңына қарай іске қосылады, сол кезде бұл проблема өткен шақта қалады деп сенейік.

ЖАЙЫҚ СУЫНАН ҚАУІП ЖОҚ
Жайықтан бірнеше тонна өлген балық тіркеліп, жиналса да облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан өзен суынан адам үшін қауіп жоғы айтылып жатыр. Балықтың қырылуы тіркелген күннен бастап Жайық өзенінің түрлі нүктелерінен күн сайын дерлік сынамалар алынып жатыр. Санитарлық нормадан ауытқу анықталмаған. Айтарлығы, судан немесе балықтан улану дерегі тіркелген жоқ. Күні бүгінге дейін ветеринарлық қызмет пен полиция өкілдері сауда орындарындағы балық өнімдерін бақылауда ұстап отыр.
Ақпан айында болған тұрғындармен есептік кездесуде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балық жағдайына жеке тоқталды. «Алғашқы су сынамаларының қорытындылары хлоридтің рұқсат етілген шекті мөлшерден екі есе артық болғанын анықтады. Сондай-ақ тірі және өлі балықтардан сынама алынып, сараптама аммиакқа оң нәтиже көрсетті. Тексеру жұмыстары жіті бақылауда, кінәлілер анықталып, жазаланады», – деген аймақ басшысы өзен суын пайдалануға болатынын айтты.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев: «Өзендегі балықтың өлуіне сәйкес Қыл­мыс­тық кодекстің 328-бабымен тергеу жұмыстары жүргізілуде. Балықтардың жаппай қырылуының нақты себебін анықтау үшін Алматы қаласынан арнайы мамандар келіп, биологиялық материал­дар алды. Олардың сараптама жұмыстарының қорытындысы дайын болған кезде, шара қабыл­данатын болады. Қазіргі уақытта Атырау қала­сында Ішкі істер министрлігінің арнайы тергеу тобы келіп, жұмыс жасап жатыр. Тергеу құпия­лы­лығына байланысты әзірге барлық жағдай ашып айтылмайды», – деді.

ӨЗЕНДІ ЕЛ БОЛЫП САҚТАУ ҚАЖЕТ
Жыл мезгілі көп күттірмеді. Көктем келісімен өзен мұздары еріп, желтоқсан айында қырылып қалған балықтар су бетіне қалқып шыға бастады. Бұл жолы да Жайыққа алаң болған тұрғындар дабыл қақты. Жергілікті жердегі оқиғадан хабары барлары мен жоқтары әлеуметтік желі арқылы «Атырауда балық тағы қырылып жатыр» деп жұртты дүрліктірді. Бұған қатысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов: «Тергеу құпиялылығын сақтау мақсатында кейбір жайттарды жария ете алмаймыз. Ең бастысы – не болғанын хабарлау емес, Жайықты құтқару. Әртүрлі арандатушылыққа және астыртын түрде кедергі келтірушілерге жол бермеуіміз керек» деген болатын.
Қазіргі таңда Жайықтың суын ішіп, балығын жеп отырған жергілікті тұрғындар өзенді өлі балықтан тазарту жұмысына атсалысып жатыр. 7-10 наурыз аралығында өзенді өлген балық­тардан тазарту жұмыстары ұйымдастырылды. Жексенбі күні өзен жағалауына шыққан 150-ге жуық атыраулық су бетінде қалқып жүрген 1,3 тонна балық жинады. Халықаралық тәжіри­бені негізге алған еріктілер жұмыла іске кірісті.
Облыстық балық шаруашылығы басқарма­сының басшысы Артур Сәдібекұлы өзенді тазарту шараларына «Арнаулы автобаза» ЖШС қызметкерлері мен облыстық орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­циясының мамандары ғана емес, жергілікті тұрғындар да қатысып жатқанын айтады.
«Бұл бастамаға қуаныштымыз, адамдардың табиғатқа, Жайыққа деген жанашырлығын, қо­лынан келген көмегін аямайтынын көрдік», – дейді басқарма басшысы. Балық өлекселері жиналып, актіленген соң жойылған. Ал барлық мәлімет қылмыстық істер материалдарына тіркелді. Алдағы күндері өзен мұздан толықтай тазарады, арнаны тазартумен балық аулау кооперативтерінің тәжірибелі мамандары айналысады.
«Атамекен Эко» қоғамдық қорының жетек­шісі Арман Хайруллин бұл іске еріктілердің араласқаны дұрыс болғанымен, су айдынын толық тазартуға күш жеткіліксіз дейді. «Қазір Жайықтың қайраңында және жағасында мыңдаған тонна өлген балық жатыр. Егер оны күн жылығанша жинап үлгермесек, өлекселер саси береді. Ішіп отырған суымыздың санитарлық жағдайы нашарлайды, кінәліні тапқанша қол қусырып қарап отырмауымыз керек» деген пікір айтты.

Қазір халықты алаңдатып, жауабын күткен бір сауал: балықтардың қырылу себебі неде? Бұл сұраққа үш ай бойы нақты жауап айтылмады. Әлі де сонша уақыт күтетін сыңайлымыз. Өйткені өлген балықты жан-жақты зерттеу үшін қаражат осы айда жергілікті бюджеттен бөлінеді. Зерттеу жұмыстарына жарияланатын конкурстан кім ұтса, сол елдің зерттеуші мамандары анықталып, олар зерттеу қорытындысын жария еткенше уақыт зымырап, жаз мезгілі де келіп қалар. Атырауға жаз келді дегенше, аптап ыстықпен қатар өзен суына шомылу мерзімі де келерін ескерсек, қауіп жоқ емес. Әзірге бізге белгілі бір жайт, балықтардың жаппай қырылуы және екі зауыттың тоғандарындағы бекіре тұқымдас балықтардың өлуі, балық өнімінің сапасын да, көрсеткішін де төмендететіні.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу: