БЮДЖЕТТІ ӨЗГЕРТКЕН ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ

487
0
Бөлісу:

Республикалық бюд­жеттің шығыстары тағы 1,2 трил­лион теңгеге артты. Ел Үкіметі Елбасының Nur Otan партиясының съезінде жария еткен «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларын іске асыру үшін бюджетті қайта қарады. Осы орайда Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму бол­жа­мы және «2019-2021 жыл­дарға арналған рес­­пуб­­лика лық бюджет» нақтыланды.

Үкімет басшысы А.Мамин Мемлекет басшысының барлық бастамалары қаржыландырумен қамтамасыз етілгенін және толық көлемде жүзеге асырылатынын мә­лім етті. Ол бюджетке осы өз­ге­ріс­тердің енгізілуі халықтың тұр­мыс сапасын арттыруға ба­ғыт­тал­ған Елбасының «Әлеуметтік қам­қор­лық» бастамаларын жүзеге асы­румен байланысты екенін атап өтті.
– Президенттің барлық баста­маларына жеткілікті қаржы бөлін­ген және олар толық көлемде жү­зеге асырылатын болады, – деген Асқар Мамин алға қойылған мін­дет­тер уақытылы, нәтижелі және са­­палы орындалуы қажетін нықтады.
Өз кезегінде еліміздің бас эко­но­мисі жаңа әлеуметтік шараларды іске асыруға жақсы жағдайлар мүм­кіндік беретінін айтты.
– Мәселен, 2018 жылы Қазақ­станның жалпы ішкі өнімінің кө­лемі 58,8 триллион теңгені құ­ра­ды. Бұл 2019 жыл үшін жақсы база бо­лып отыр. Әйткенмен, 2018 жыл­мен салыстырғанда, мұнай өндіру көлемі 1,4 миллион тоннаға немесе 1,5%-ға төмендейді. Сонымен бірге, қызмет көрсету секторын­да биыл анағұрлым жоғары – 4,8%-дық өсім күтілуде. Ішкі сұ­ра­ныс­тың артуы дәл осы сектор өсі­мі­нің ұстынына айналып келеді, – деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Бірақ Үкімет сыртқы және ­ішкі факторларды ескере келе, 2019 жыл­ға арналған базалық пара­метрлерді бұрын мақұлданған деңгейде қалдыруға ұйғарды. Тарата айтсақ, осы жылы мұнай­дың бір баррелінің бағасы 55 дол­лар, теңге бағамы – 1 АҚШ дол­лары үшін 370 теңге болады деп белгіленді. Тиісінше, бюджет те осы параметрлерге негізделіп, есептелген. Жылдық инфляция – 4-6%-дық нысаналы дәлізден аспауы шарт.
Сондай-ақ ауыл шаруа­шылы­ғының, құрылыстың, сауданың, көлік және қоймалау салаларының өсу болжамы да өзгеріссіз қал­ды­рылды. Өнеркәсіп өсімі 2019 жылы 1,6% болады деп болжанып отыр. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі тау-кен өнеркәсібіне қарағанда көбірек өседі.
Еліміздің жаһандық нарыққа өткізетін экспорты 54,4 млрд дол­ларға жетпек, яғни көлемі бұрын жоспарланғаннан 0,3 млрд дол­ларға ұлғайтылды. Шетелден тасы­латын импорт көлемі 32,9 млрд доллар деңгейінде сақталды.
Дамудың осы айтылған фак­торларын есепке ала отырып, 2019 жылы еліміздің ЖІӨ-сінің нақты өсімі 3,8% болады деп ба­ғалануда. Ақшаға шаққанда би­ыл­ғы жалпы ішкі өнім 64,3 трил­лион теңге көлемінде болжанды. Бұл бұрынғы бағалаудан 323,5 млрд теңгеге көп. Жан басына шаққан­дағы ЖІӨ 9 409 доллардан келмек.
Түзетілген макроэкономи­ка­лық болжам негізінде 2019 жылға арналған бюджет те қайта қаралды.
– Жаңа бастамаларды қар­жыландыру үшін биыл Ұлттық қор­дан алынатын кепілденді­рілген трансферт қаражатының ауқымын 250 млрд теңгеге ұл­ғай­тып, 2 трил­лион 700 млрд теңгеге дейін жет­кізу; ал бюджет тап­шы­лығын ЖІӨ-ге шаққанда 1,5%-дан 2,1%-ға дейін арттыру ұсыныла­ды, – деді Р.Дәленов.
Тиісінше, бюджет тапшылығы енді 1 трлн 327 млрд теңгені құрамақ.
Бұдан бөлек, «Тікелей инвес­тициялар қорын» құру үшін Ұлт­тық қордан 370 млрд теңге мөл­ше­рінде нысаналы трансферт қаражат алу қарастырылып жатыр.
Бас экономист бұдан Ұлттық қордың қазынасы ортаймай­ты­нына, керісінше, оған бәрібір, қосымша кіріс құйылып, бүйірі бұлтия түсетініне сендірді.
– Оған құйылатын түсімдер мен одан алынатын қаражатты салыс­тырғанда, Ұлттық қордың таза тү­сімдері оң нәтижеде болады және ол сома 165,4 млрд теңгеге жетеді. Мұнайлық емес тапшы­лық­тың дең­гейі 2019 жылы ЖІӨ-нің 8,4%-ынан аспайды. Рес­пуб­ликалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемге қарағанда тағы 1,2 трил­ли­он теңгеге өсе отырып, 11,9 трил­ли­он теңге көлемінде бол­жанады, – деді Ұлттық эконо­мика министрі.
Ал еліміздің бас қаржыгері бюджетті нақтылау аясында ел Президенті Nur Otan партиясының XVIII съезінде айқындаған жаңа әлеуметтік шараларды іске асыру, сондай-ақ 2017 және 2018 жылдар­дағы жолдауларда берілген тапсыр­малар мен мемлекеттің бұрын қа­былдаған міндеттемелерін орындау көзделіп отырғанын түсіндірді.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, кедендік әкімшілендіруді күшейту нәтижесінде 200 млрд теңге со­масында қосымша кірістер түседі деп жоспарлануда. Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген транс­ферттер ауқымы тағы 250 млрд теңгеге көбейтіледі. Әлгінде ай­тыл­ғандай, елімізде жаңадан «Ті­келей инвестициялар қорын» құ­рып, оған Ұлттық қордан 370 млрд теңге қаражат беріледі.
Нәтижесінде, республикалық бюджеттің түсімдері бойынша болжам 821 млрд теңгеге ұлғая отырып, 10 триллион 569 млрд теңгені құрайтын болады.
Мұның сыртында өткен жылғы бюджеттен 151 млрд теңге сома­сында қалдық қалыпты.
2019 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 1,2 трлн теңгеге ұлғаю арқылы 11 триллион 895 млрд теңге болады. Қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу қарас­тырылып жатыр.
– Бірінші бағыт. Жалпы со­масы 444,3 млрд теңге Nur Otan съе­зінде Мемлекет басшысы жа­рия еткен «Әлеуметтік қамқорлық» әлеу­мет­тік шараларын іске асыруға жұм­салмақ. Осы қаражаттар арқылы азаматтардың жекелеген санат­тарын әлеуметтік қолдауды кү­шей­ту көзделген. Бұған төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбек­ақы­сын көтеру; мүгедектігі бо­йынша жәрдемақыларды арт­тыру; атаулы әлеуметтік көмекті таға­йындау параметрлерін өзгерту; аз қамтылған көпбалалы отба­сы­ларға жалдамалы тұрғын үйлер салу және ТҚЖБ арқылы жеңіл­дікті несие­лендіруді енгізу; сон­дай-ақ өңірлік инфрақұрылым мен «Ауыл – ел бесігі» арнайы жоба­сын дамыту жатады, – деді Ә.Смайылов.
Нақтылай кетсек, азамат­тардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге – 224,3 млрд теңге; аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін арен­далық тұрғын үйлер салуға және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 пайыздық жеңілдікті кредит беруді енгізуге – 100 млрд теңге; өңірлік инфрақұры­лым­ды дамытуға – 90 млрд теңге; «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын қолға алуға – 30 млрд теңге бөлінеді, Екінші бағыт бойынша Жас­тар жылы іс-шараларын өткізуге 24,6 миллиард теңге шығындалады.
Үшінші бағытта Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы Жол­дауларында жүктелген тапсыр­маларын орындауға 286 млрд теңге бағытталады. Бас қаржыгердің дерегінше, осы қаражаттарға Түр­кістан облысының және Астана қаласының кешенді даму жос­парларын іске асыру; елордада Ғылыми-онкологиялық орталық салу; «Сарыарқа» магистралды газ құбырын төсеу; ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты іс-шараларды жүзеге асыру жос­парланып отыр. Осымен Елба­сы­ның барлық берген тапсырмалары қаржылай қамтамасыз етіледі.
«Алдымызда тұрған басты міндеттер мыналар: біріншіден, осы нақтыланған республикалық бюджеттің жобасын Парламентке енгізу және оның қабылдануын қамтамасыз ету болады. Екіншіден, нақтыланған бюджетте көзделген қаржылардың алушыларға уақы­тында жетуін қамтамасыз ету үшін барлық бюджеттік процедураларды шұғыл өткізуіміз қажет. Үшін­шіден, бюджет кірістерінің толық ор­ын­далуына бақылау жасау және бюд­жет шығыстарының игерілуі­не онлайн мониторингті жал­ғастыру керек», – деді министрлер мен әкімдерге қайырылған вице-премь­ер – Қаржы министрі Ә.Смайылов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр А.Мамин жауапты мемлекеттік органдарға бюджетті нақтылауға қатысты заң жобаларын белгі­ленген тәртіппен Парламент қара­уына енгізуді тапсырды.

Айхан Шәріп

Бөлісу: