Бұрын-соңды болмаған наурыз

274
0
Бөлісу:

Көктеммен бірге елге шаттық-қуаныш пен күн шуағын молынан құятын әз Наурыз мейрамының халқымыз үшін орны ерекше. Осы орайда еліміздің бас қаласында Ұлыстың ұлы күні қалай атап өтілетіні мәлім болды. 

Астана әкімдігінің хабар­лауынша, елордадағы Наурыз мерекесіне 300 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатыстырылмақ. Жұртшылықты халықтық серуендер, концерттер, спектакльдер, көрмелер, бай­қаулар, жарыстар мен дәмді ас күтеді.
Қалалық әкімдік отырысында Астана әкімінің орынбасары Нұр­лан Нұркенов Наурыз мейра­мына дайындық барысы туралы баяндады, оның сендіруінше, «Нау­рыз – 2019» бағдарламасы биыл ерекше мазмұнды болмақ. Осы мақсатта мерекенің арнайы тұжырымдамасы әзірленіпті. Сах­налық алаңдарды, ішкі орын-жай­ларды, іргелес аумақтарды бе­зендірудің эскиздері дайын­далған.
– Жалпы алғанда, мерекелеу аясында әртүрлі форматтағы 40-тан астам іс-шара жоспар­лан­ған. Бағдарламада халықтық се­руендер, концерттер, спектакль­дер, көрмелер, конкурстар бар. Ас­танада спорттық іс-шаралар – жарыс-сайыстар, жауынгерлік спорт түрлері және қазақ күресі бо­йынша чемпионаттар өтеді, – деді Н.Нұркенов.
Астана аумағында Наурызды тойлаудың 23 орны анықталды, оларда мереке күндері халықтық серуен форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Думандар өтетін негізгі орындарға тоқтал­сақ, бұлар – EXPO кешені аума­ғы, қалалық алаң, «Қазақ елі» мо­ну­ментінің алаңы, «Жастар» са­райының алды, сондай-ақ «Же­тісу» паркі. Бұдан басқа, он тұрғын алабында («Қазқалашық», «Өндіріс», «Железнодорожный», «Мичурино», «Интерна­цио­наль­ный», «Промышленный», «При­городный», «Үркер», «Көктал-1», «Көктал-2») фондық алаңдар жасақталады.
Барлық алаңдарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, киіз үйлер, алтыбақандар ор­на­тылады. Мереке күндері іс-ша­ра­лар өткізілетін орындарда сауда, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар қарастырылған.
Басты этноауыл EXPO ауда­нындағы «Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығы» монумен­тінің жанында бой көтеруде және 21-22 наурыз күндері келуші­лерге есігін айқара ашады. Еліміздің биікке ұмтылысының символы ретінде тік шаншылған стела түріндегі бұл ескерткіш EXPO-2017 көрме кешенінің алдында орналасқан.
Этноауыл аумағында қазақ­стандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт, сәндік-қолданбалы өнер бұйым­дарының музейлік көрмесі ұйым­дастырылады.
Әрбір киіз үйдің жанында Астана театрларының әртістері мен қалалық этномәдени бірлес­тіктер өкілдерінің орындауында ұлттық салт-дәстүрлер, сантүрлі жоралғылар паш етіледі деп жоспарланып жатыр.
Жеке аймақ фуд-кортқа арна­лады. Этноауыл аумағында нау­рыз көже, палау және бауырсақ дайындау үшін қазандар орна­тылады.
«Мереке күндері іс-шараларға 300 мыңнан астам елорда тұр­ғындары мен қонақтары келеді деп күтілуде», – деп атап өтті Н.Нұркенов.

Елдос СЕМБАЙ

Бөлісу: