ҚЫС ШАНАНЫ ЖАЗ САЙЛАП, қар түскенде неге бейқам жатамыз?!

148
0
Бөлісу:

Міне көктем айы наурызға да іліктік. Қар ери бастады. Бұл уақытта ауыл тұрғындарын «су басып қала ма?» деген үрей мендей түседі. Біз де солай қысқа дайындықты жаз бастаймыз да, қар түскенде бейқам жатамыз. Неге?

2018 жылы көктемде Ақмо­ла облысындағы Арша­лы, Сандықтау, Атбасар және Астрахан аудандарын су басқан еді. Бір күн ішінде Жабай өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, салдарынан жаға­лау­ға жақын орналасқан бір­неше елдімекенде 300-ге жуық баспананы су алып, 700-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген…
Ал Шығыс Қазақстан облысында Аягөз, Ұлан, Глу­бо­кое, Үржар аудандары мен Өскемен қалaсының біраз бөлігін су басқан. Осының кесірінен аудан-қалаларда орта мектеп пен колледждерде сабақ тоқтатылып, Аягөз ауда-нында төтенше жағдай да жарияланған болатын… Бұл айтқанымыз екі облыста болған жағдай. Еліміз бойын­ша қанша ауыл-аймақ суға бөкті… «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген­дей жылдағы болатын жағдай қайталанайын деп тұр. Деген­мен «себебімен емес, салдары­мен күресуді» әлі қолға ала алмай отырмыз!
Басталды. Солтүстік Қа­зақ­стан облысының синоп­тик­тері ылғалдың мөлшерін бақылау деректері арқылы жасал­ған гидрологиялық бол­жамдарын жариялады. Олар­дың айтуынша, жиналған ылғал мөлшерін, тоңның қалыңдығын, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыс­та­ры­ның су қоймаларындағы су деңгейін талдау нәтижелері көктем ерте шықса өңірдегі елдімекендер, өнеркәсіп және инфрақұрылым нысандары су астында қалуы мүмкіндігін көрсетеді екен. «Биыл қыста қар қалың болды. Жазықтағы өзендер алабына жиналған ылғал мөлшері нормадан 20-70%-ға артық. Наурыз айы кел­ді, бірақ қар тоқтаған жоқ. Наурыз-сәуір айларында жауын-шашынның айлық мөлшері бір тәулікте жаууы да мүмкін. Синоптиктердің ай­туын­ша, Қарағанды, Ақмо­ла, Солтүстік Қазақстан облыс­та­рындағы өзендер алабында күздігүні топы­рақ­тың ылғал­да­нуы нормадан 50-90%-дан асты. Сондықтан тоң бір айда орташа 15 сантиметрге қалың­дап, 1,5 метрге дейін жеткен.
Жақында Қарағанды об­лы­­­сының Қарқаралы ауда­нын­да су басып кеткен жол­дағы көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Нұрмақов селолық окру­гінде Егіндібұлақ-Ақтас­ты жергілікті маңызы бар жол­ды су басқан. Бұлақ суының дең­гейі көтеріліп, жолды ба­сып қалғаны анықталды. Бұ­лақтың арнасы мұздан таза­ла­нып, арнасы кеңейтілді. Жол астынан су өтетін құбыр­лар аршылды, жол үс­тінде қатып қалған мұз қабаты таза­ла­нып, бұлақ суы өз арнасына түскен.
Бұл уақытта Шығыс Қазақ­­станда да су тасқынының алдын алу мақсатында өзен­дер­дегі мұзды жару жұмыстары басталып кеткен. Осы облыста 27 қауіпті учаске бар. Олар Ертіс, Үлбі, Бұқтырма, Қал­жыр, Күршім өзендерінде орналасқан. Осы аптада Ше­мо­наиха және Алтай аудан­дарында өзендерге жарылғыш заттар орнатылмақ. Мұз жару жұмыстарының қауіпсіз болуын аудандық төтенше жағдайлар бөлімдерінің қыз­мет­керлері қадағалайды. Жа­ры­­лыстардың кейбірі елді­ме­кендерге жақын маңда бо­ла­ды. Сондықтан ауа тол­қы­ны мен сейсмикалық күшті азайту мақсатында мұндағы жары-лыстардың күші әлсіздеу, бірақ кезек-кезегімен ұйым­дас­тырылады.
Ия, осы қыс өтіп, көктем кіргенде қар еріп, ауылдық жерлерді басып қалу сынды табиғи апаттар мазаны алуын қояр емес. Жылда қайтала­на­ды. Неге, алдын алу жұмыс­тары қыстың қырауында жүйе­лі жолға қойылмайды? Ауылдар жекешеленбей тұр­ған­да, бұндай жағдай қар бір-екі метрге дейін жауатын жылдары да орын алмайтын. Өйткені әр кеңшарда бір емес бірнеше техника, оның ішінде К-700, Е-100 сынды трактор­лар қар күрейтін. Ауылдан шығарып та жататын. Қар тоқ­тату жұмыстары қыс бойы толастамайтын. Осының арқасында ауылдарды су басу деген қауіп болмайтын. Егінге де су жиналып, еріген қар жерге сіңетін. Ал қазір бұндай техника әр ауылда біреуден болуы мүмкін, бір-ақ оның өзі ескірген. Соның кесірінен қар тоқтату, арнайы су ағатын арналарды тазарту жұмыстары да дер кезінде жүрмеген соң, арты қара суға «қарық қылу­мен» аяқталады… Ауылға кө­мек­тесеміз дейміз! Жақсы. Бірақ осы олқылықтарды тол­ты­руымыз керек-ақ! Қа­шан­ғы көктем туса қуанудың орнына, «су басады» деп қорқып отыра берер екенбіз!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу: